Шығыс Қазақстан облысында орналасқан "Рахман қайнарлары" шипажайы бұған дейін белгілі кәсіпкер, "БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО" АҚ басшысы Анатолий Балушкиннің иелігінде болған. Бұл орын жақында ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына берілді деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
BAQ.kz редакциясы атынан облыстық басқармадан "Рахман қайнарларының" болашағына қатысты ақпарат сұраған едік. Бірақ сауалымыз жауапсыз қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шипажай қазіргі уақытта қаңырап бос тұр.
Қатонқарағай өңіріндегі туристік компаниялардың бірі "Рахман қайнарларына" үш күндік саяхат құны 100 мың теңгеден басталғанын айтады.
Қатонқарағай ауданының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевтың пікірінше, шипажайдың мемлекет меншігіне өтуі – халық үшін тиімді бола қоймасы анық.
!["Рахман қайнарлары" шипажайының тағдыры не болмақ?](/userfiles/images/568f7b0f-6415-4494-8ab1-72b34ed766bb.jpg)
"Рахман қайнары" – табиғаттың баға жетпес байлығы. Алайда бұл жер ұзақ жылдар бойы жекенің меншігінде болып, қарапайым халықтың, тіпті іргедегі Қатонқарағай өңірінің тұрғындарының да еркін пайдалануына мүмкіндік аз болды. Қымбатшылықтың салдарынан көпшілік оның игілігін көре алмады. Енді "Рахман қайнарының" мемлекет меншігіне өткенін естідік. Дегенмен, бұл өзгеріс халықтың игілігіне қаншалықты оң әсер ететінін уақыт көрсетеді. Ең бастысы, табиғаттың осы бір ғажайып сыйы ел игілігіне шынайы қызмет етуі қажет, - дейді Әлібек Қаңтарбаев.
Оның айтуынша, бұл жердің туристік аймақ ретінде дамытуы көңілге күдік ұялатады. Оған себеп, қазіргі таңда халық Қатонқарағай аумағанынан қалаға үдере көшу үстінде.
"Рахман қайнарлары" туралы не білеміз?
Минералды суларымен танымал ғажап мекен – 1964 жылы ашылған. Оның суының құрамында радон, гидрокарбонаттар, натрий, кальций сияқты адам ағзасына пайдалы элементтер бар. Шипажайдың пайда болуы туралы түрлі аңыз-әңгімелер бар. Радонды жылы судың буы мен минералдық құрамы оны буын және тері ауруларын емдеуде таптырмас құралға айналдырған. Суы тұщы, минералдылығы 200 мг/л мөлшерінде екен. Кеңес заманынан бері бұл шипажай мыңдаған адамның денсаулығын жақсартуға көмектескен.
Фариза Талғатбекқызы