Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай биылғы ұлттық спорт түрлерінен өткен іс-шаралар жайлы айтты. Сонымен қатар ол алдағы 2022 жылға арналған күнтізбелік жоспарға қандай жарыстар енгізілгенін жеткізді.
- Соңғы екі жыл қоғамның барлық саласы үшін оңай болған жоқ. Ұлттық спортта да әсері білінген болар?
- Қауымдастықтың құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлының алға қойған екі міндеті бар еді осы жұмысқа кірісерде. Бірі – дәстүрлі ойындарымызды өңір-өңірде, аймақ-аймақта дамыту болса, екіншісі – ұлттық спортымыздың халықаралық деңгейде танылуы. Сондықтан, 2022 жылы халықаралық шараларға басымдық береміз.
Жалпы келер жылдың республикалық жоспарына жалпы саны 45 жарыс енгізіліп отыр. Әлемдегі пандемиялық жағдай дұрысталса, негізгі ресми республикалық жарыстардан басқа халықаралық жарыстар бойынша жоспарымыз да жоқ емес.
Әлемдік пандемияның салқыны спортқа да тиді. Соған байланысты біздің де жоспарлаған іс-шараларымызда көптеген өзгеріс болды.
2020 жылы жоспарланған спорттық-бұқаралық іс-шаралардан тек 6 жарыс ұйымдастырылды: құсбегіліктен ересектер арасындағы ел чемпионаты, бәйге түрлерінен «Елбасы кубогі» республикалық турнирі, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуден жастар арасындағы ел чемпионаты. Дәстүрге айналған «Алтын тұғыр» мен жыл қорытындысының алқа мәжілісі 2020 жылы өткен жоқ.
2021 жылы әлемде жағдай толық қалпына келмеуіне байланысты елімізде ұлттық спорттан халықаралық жарыстар өткізілмеді. Дегенмен, биыл республикалық жарыстарға рұқсат берілді. Қазірге дейін 45 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді. Дәл осы сәтте Алматы қаласы мен облысында құсбегіліктен «Сонар-2021» және «Қыран-2021» турнирлері өтіп жатыр. Құсбегіліктен 9-11 желтоқсан аралығында Мәсіп Батырханұлы атындағы турнир мен осы желтоқсан айында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында жастар чемпионаты жоспарланып отыр. Күнтізбелік жоспар бойынша өткен «Алтын тұғыр» салтанатты рәсімі биылғы жылды бұйырса елуінші іс-шара ретінде қорытындыламақ.
- Иә, биыл аздап арқаны кеңге салғанымыз анық. Ал осы ұлттық спортты дамыту жайлы айтып жатырмыз. Бірақ өңірлерде ұлттық спортымызды өткізе қоярлықтай атшабарлар бар ма?
- Қазір елімізде 44 ипподром бар, оның 33-і мемлекеттік, 12-сі жеке меншік. Атап айтар болсақ, Ақмола – 1, Ақтөбе – 1, Алматы қаласында – 1, Алматы облысы – 7, Нұр-Сұлтан қаласында – 3, Жамбыл – 1, Қостанай – 6, Қызылорда – 3, Маңғыстау – 1, Павлодар – 2, СҚО – 2, Түркістан – 2, ШҚО – 14. Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында ипподром жоқ. Бірақ аталған ипподромдардың үшеуінде ғана республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Қазір Шымкентте халықаралық стандартқа сай ипподром құрылысы жүргізіліп жатыр.
- Ал, жақсы, ипподромдарымыздың жағдайы осылай екен. Осы ұлттық спортқа бет бұрғысы келетін жастарымыздың жағдайы қалай? Оларды бейімдеу, оларға бағыт-бағдар беретін орталықтары бар ма?
- Бүгінгі күні республикамызда ұлттық ат спорты түрлерінен Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарнында және Шымкент қаласында – барлығы 7 мамандандырылған спорт клубы бар. Оның сыртында Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, ШҚО, Павлодар, СҚО, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында – барлығы 10 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді.
- Мынау көңіл көншітерлік жаңалық екен. Ал ұлттық спорттың қазіргі спортшыларының жетістігі қандай?
- Басқасын айтпағанда, биылғы бір ғана жеңісімізді атап өткім келеді. Қыркүйек айында Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында Айкөз Ералхан мерген жамбы атудан корей стилі бойынша чемпион, кассай (венгр) стилі бойынша вице-чемпион және жалпы есепте Әлемнің вице-чемпионы атанды. Бұл біздің спортшыларымыздың қаншалықты мықты екенін көрсететін көрсеткіш десем, артық айтқандық емес.
- Рахмет, Рахат Жақсыбайұлы! Биыл тағы бір шулы мәселеге нүкте қойылды десек болады. Ол - Парламентте қаралған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңының жобасы еді. Сол туралы бір ауыз айта кетсеңіз?
- Заң жобаның 5-бабы алғашында «Жануарлардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өліп қалуына әкелетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады» деп келген еді.
Талқылау барысында Дариға Назарбаева, Бекболат Тілеухан қатарлы депутаттардың ұсынысымен «Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына сәйкес жануарлар қолданылатын ұлттық спорт түрлерінің спорттық шараларын қоспағанда» деген редакциясы қабылданып, ұлттық спорт заңдық шектеулерге түспеді.
- Ол тамаша болған екен! Ал енді сөз соңында 2022 жылға арналған күнтізбелік жоспар туралы бірауыз айта кетсеңіз?
- Келер жылдың республикалық жоспарына жалпы саны 45 жарыс енгізіліп отыр. Әлемдегі пандемиялық жағдай дұрысталса, негізгі ресми республикалық жарыстардан басқа халықаралық жарыстар бойынша жоспарымыз да жоқ емес.
Атап айтар болсақ, Жамбы атудан «Алтын жебе» ІІ Әлем чемпионаты шілдеде Нұр-Сұлтан қаласына өткізсек дейміз. Осы жарыспен бірге Әлемдік Квалификациялық турнирді бірге өткізбекшімі. Одан кейін Теңге ілуден ІІІ Азия чемпионаты. Бұл да сол шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деп жоспарлап отырмыз. Көкпардан ІІ Әлем чемпионаты мен аударыспақтан IV Азия чемпионатын Шымкент қаласында қазан айында өткізу ойда бар. Оған дейін Шымкентте салынып жатқан ипподром да аяқталып қалады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, алдағы жылы қыркүйек-қазан айларының бірінде Түркияның Бурса қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді деп жоспарланған.
- Әңгімеңізге рахмет!