Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облыстық ауруханасының неврология бөлімшесінің меңгерушісі Макшарип Мартазанов жұмысқа деген зор жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің арқасында пациенттердің шынайы ықыласына бөленген жандардың бірі.
1984 жыл ата-анасының қалауымен Целиноград медицина институтына құжат тапсырған ол бұл таңдауына ешқашан өкінбегенін айтады.
«Өзім көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Үй-ішіміз дәрігер мамандығына аса құрметпен қарайтын. Бала күнімде дәрігерлер өзге ғаламшардан келіп адамдарды емдейді деп ойлайтынмын. Кейін дәрігер – қандай да бір пайда үшін таңдалатын кәсіп емес, ол – мәртебелі мамандық екенін түсіндім. Бұл жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ал осы мамандықты таңдаған екенсің – алтын уақытыңды сарп етуге дайын болу керексің. Бір жағынан мен үшін осындай жұмыс ырғағы үйреншікті дағдыға айналды, қайта уақытымның көбін пациенттерге арнауға тырысамын. Әрі білімімді жетілдіруге ұмтыламын. Барлығы адам табиғатына және отбасындағы тәрбиеге байланысты дегенмен дәрігер мамандығы үнемі жинақылық, сергектік, белсенді қимыл-қозғалысты талап етеді. Аурухана ішінде дәрігерлер күніне 10-12 шақырым жол жүреді десем артық айтқандық емес. Егер дәрігердің кәсібилігі төмен болса науқасқа көмектесе алмайды. Көңіл-күй болмайтын сәттерді байқатпауға тиіссің. Өйткені әр науқас дәрігерден жан жылулығын күтеді. Әріптестеріме де науқастарға өз туғандарыңыз сияқты қараңыздар деп айтып отырамын», - дейді невролог.
Бөлімше қалаға ғана емес, облыс аумағына да қызмет көрсетуде. Жаңа заманғы телемедицина мен санитарлық авиацияның да көмегі зор екенін айтады дәрігер. Оның сөзінше, жаңа медициналық құралдардың арқасында емдеу тиімділігі артқанмен, сырқаттанушылар қатары да азаймай отыр. Әсіресе жүрек инсульті, омыртқа, перифериялық жүйке жүйесі, ми қантамырлары аурулары, атеросклероз жиі кездеседі.
«90-жылдары өңірде созылмалы склероз ауруымен 20-25 пациент тіркелсе, қазіргі күні 120-125-ке жетіп отыр. Әрине, бұл ерте диагностика жасаудың арқасында анықталып отыр. Алғаш жұмысқа келген жылдары компьютерлік томографтар Алматыда ғана болатын. 2012 жылдан бері инсульт орталығы ашылды. Мұнда бастағы ми қантамырларына шұғыл емдеу жүргізіледі. Бірақ басқа пышақ тимейді. Бұл отандық медицинаның жетістігі. Еліміз бойынша төрт орталық ғана осындай қызмет көрсетеді. Біздің мамандар шетелдерде білімдерін жетілдіріп жүр. Бұрын тек баспасөз беттерінен оқып, деректі фильмдерден ғана көретін оталар өзімізде жасалуда. Нейрохирургияда бір ота 12 сағатқа созылуы мүмкін. Тынымсыз еңбек ететін хирургке пациенттердің тез сауығуы зор қуаныш сыйлайды. Сырқат деген уақыт таңдамайды. Кез келген мезгілде тас-түйін дайын болуға міндеттісің. Қайда жүрсең де дәрігердің жұмыс күні аяқталмайды. Бірде жағдайы ауыр науқасты рентген-тексеруге әкелді. Ішкі интуициям пациенттің халі нашарлап бара жатқанын сездірді. Тексере келе шұғыл ота жасау қажеттілігі белгілі болып, науқасты реанимация бөлімшесіне жеткіздік. Мұндай жағдайлар жиі қайталанып тұрады», - дейді дәрігер.
Макшарип Мартазанов отызға жуық ғылыми еңбектердің авторы. Украиналық әріптестерімен бірлесіп инсульт алған науқастарды оңалту мәселелеріне қатысты монография жазды.
«Дәрігер еңбегі ұжыммен тығыз байланыс болған жерде ғана көрінеді. Біздің ұжымда бұл бұлжымас қағида. Бір қызметкер қателессе, басқалары дұрыс жолға бағыттайды. Егер даулы мәселе туындаса, тәжірибелі мамандардың көмегіне жүгінеміз. Мобильді байланыс, интернет арқасында онлайн-кеңес алу қиындық туғызбайды. Ең бастысы, диагноз қоюда қателеспеу. Қазіргі уақытта дәрігерлерге қатысты бағдарламалар, фильмдер көп. Бұл жастарды осы салаға тартуға ықпал етеді. Алайда тұрғындар алдымен өңірдегі медициналық жаңалықтарды біліп отыруы тиіс. Айталық, облыстық ауруханада бірегей оталар жасалатын кардиоорталық жұмыс істеуде. Ғаламторда да ақпараттар көп. Бірақ өз бетіңмен емделуге болмайды. Мұндағы мәліметтерден мамандардың өзі қателесуі мүмкін. Қарама-қайшы пікірлер, даулы мәселелер жетерлік. Желілік маркетинг арқылы сатылып жүрген түрлі белсенді қоспа – БАД-тар негізгі емдеу әдісін алмастыра алмайды. Сол себепті кәсіби мамандарға жүгінген жөн», - дейді Макшарип Мартазанов.
Оның айтуынша, дәріхананаларда фармацевтер нағыз профессионал болуы тиіс. Алайда тұрғындарға дұрыс кеңес берілмейтін жағдайлар да кездесіп жатады.
«Фармацевт дәрігердің нұсқауы бойынша дәрі-дәрмек дозасы, қабылдау жиілігі бойынша ғана кеңес бере алады. Рас, дәріханаларда да кейбір дәрілерге жарнама жасалуы мүмкін. Бірақ оның міндетті түрде сертификаты мен лицензиясы болуы шарт», - дейді бас невролог.
1990 жылдан бері облыстық аурухана қабырғасында табан аудармастан еңбек етіп жүрген дәрігер бар саналы ғұмырын өңір медицинасын дамытуға арнап келеді.
«Әр адам өз мамандығы үшін жаралған. Ұзақ жылдар бір мекемеде еңбек ету арқылы көптеген пациенттермен тығыз қарым-қатынас орнаттым. Біздің ұжым бір отбасындай еңбек етуде. Жаныма жақын сүйікті ісіммен айналысып жатқанымды мақтан тұтамын! Науқастарды тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, жан жылуымызбен де емдеуіміз керек. Мен үшін әрбір дәрігер – донор. Егер науқастарға жан жылуыңды бере алмасаң, нәтижесі де өзің күткендей болмайды. Осындай жауапты қызметте жүрген әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық, материалдық игілік, шаңырақ шаттығын тілеймін!», - дейді Макшарип Мартазанов.