Қызықты оқиғалар мен шешімін тапқан проблемалар: 2021 жылы білім саласы несімен есте қалды?

30 Желтоқсан 2021, 10:02
4346
Бөлісу:
Қызықты оқиғалар мен шешімін тапқан проблемалар: 2021 жылы білім саласы несімен есте қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың аяқталуына санаулы-ақ күн қалды. Осы ретте жылды қорытындылап, білім саласына шолу жасап көрейік. Биыл қандай өзгерістер, реформалар енгізілді? Қандай проблемалар өз шешімін тапты?

Биыл білім саласында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Пандемияға қарамастан оқушылар мектепке қайта оралды. Мұғалімдер толығымен 100% вакцина салдырды. Одан бөлек, жаңашылдықтар аз болмады.

Пандемия VS Дәстүрлі оқыту

2021-2022 оқу жылы қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық форматта басталды. Осы оқу жылында 7 мыңнан аса мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны қабылдады. Оның ішінде 380 мыңға жуық бала 1-сыныпқа қабылданды.

Жаңа оқу жылында пандемия жағдайына байланысты мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат берілді.

Қайта оралған «Әліппе»

1 қыркүйекте өтетін салтанатты шара дәстүрлі форматта, мектеп аумағында 1-сынып оқушылары үшін ғана ұйымдастырылды. Балаларға салтанатты түрде Әліппе мен Букварь табысталды.

Естеріңізде болса, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қосшы қаласындағы №2 орта мектептің 1-сынып оқушыларына өз қолымен «Әліппені» табыстаған болатын.

Электрон форматтағы ҰБТ

Биыл ҰБТ бұрынғыдай қағаз емес, электрон, яғни компьютер форматында өтті. 

Оның негізге ерекшеліктері мен артықшылықтары қандай болды: 

Біріншіден, тест тапсырушылар үшін ыңғайлы. ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді 3 ай бойы ҰБТ электрон форматта өтті. Сондай-ақ ең тиімді тұсы түсушінің өзі қай күні, қай уақытта және қай жерде тапсыратынын өзі таңдады. Осылай өтінішті толтырып, тесті тапсыра алды.

Тестілеу «Бір тестілеуші-бір компьютер-бір камера» қағидаты негізінде іске асырылды. Демек әрбір тестілеуші жеке компьютерде отырып, ҰБТ-ны тапсырды.

Директорлар ротациясы

Енді елімізде мектеп директорлары бір мектептен екіншісіне ротацияланады. Оның ережелері қандай?

Бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.

Осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады. Алайда, егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.

Ротациялаудың шарттары қандай:

– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;

– ротация бір елді-мекен аумағында жүргізіледі;

– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;

– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Магистратура мен докторантураға қабылдау екі рет өтеді

Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Яғни, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылады.

Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады. Әлбетте, құжаттары мен емтихандарын тапсыруға, қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл жағымды жаңалық екені сөзсіз. Жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алады, - деген болатын министр.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар магистратураға түсу үшін 7 мыңға жуық өтініш берді. Екінші қабылдау қорытындысы бойынша магистратураға 6 778 өтініш келіп түсті. Докторантурада оқу үшін 700-ден астам өтініш берілді.

Дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша ақы төленді

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды.

Енді дене шынықтыру мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленеді.

Осы ретте дене шынықтыру мұғалімдерінің функционалы кеңейіп отыр. 

Мұғалімдер әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізеді. 

Әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді, сәйкесінше балалар мектептегі қажетті жабдықтарының болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады.

Педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидалары өзгерді

Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. 

Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылатын болады.

Жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды.

Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді.

Сонымен бірге бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады.

Жоғарыда аталған реформалардан бөлек, әлеуметтік желіде кең талқыға түсіп, мәселесі шешілген оқиғалар да бар.

Тұрсынбек Қабатовтың қызы ҰБТ-ға басқа адамды кіргізген

Атышулы әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың Ұлттық біріңғай тестілеу жүйесінен жоғары ұпай алу үшін өзінің қызының орнына басқа адамды кіргізгені белгілі болды. Бұл туралы белгілі заңгер Абзал Құспанның facebook парақшасында жазды.

13 маусым күні Әдемі Тұрсынбекқызы Аманғалидың  орнына тестілеуге ЕНУ-дың 2 курс студенті, грантта оқып жүрген Сымбат Қанай тест тапсыруға кірген. Тұрсынбектің қызы жалған құжат жасатқан. Алдында Тұрсынбектің қызы сәуір, мамыр айларында бірнеше рет тест тапсырып, төмен балл (60 балға жетпеген) жинаған. Қызы Астанадағы ең үздік деп танылған мектепті Алтын белгіге бітірген. Тестілеуге кіру барысында барлық тестіленушілер, Тұрсынбектің қызының орнына басқа тұлғаның жалған құжатпен кіргеніне куә болған.

Полиция ақпаратына сәйкес, оқиға 13 маусым күні болған. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ-ға жалған құжатпен қатысқан түлектерді анықтады.

Тергеу кезінде жалған жеке куәлік жасаған 22 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді полиция департаменті.

Мұғалімдерге көше сыпыртқызған басшылар

Семей қаласында оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы жағдайға қатысты жазба қалдырған болатын. Шамасы, мұндай тапсырманы қала әкімінің орынбасары беріп, осындай мазмұндағы хат мектептерге таратылған. 

2019 жылдың желтоқсанында қабылданған Заң шеңберінде педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға тыйым салынады. Содан бері мұғалімдер тек тікелей функционалдық міндеттермен айналысуы керек екенін түсіну үшін уақыт жеткілікті болды. 

Мұндай бұзушылықтар үшін екі жүзге жуық басшы жазаланды. Олар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті жұмыстан шығарылды.

Семей қаласындағы оқиғаға байланысты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс қозғап, тексеру жүргізіліп жатыр. Қала әкімі орынбасарының бұл жағдайға қатыстылығы расталған жағдайда, аталған лауазымды тұлға және өзге тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз сондай-ақ қажетті шаралар қабылдау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүгінеміз. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы да жауапкершілікке тартылады, - деген болатын Білім басшысы.

Құрмет Талапқазы университетте тегін оқи алады

Әлеуметтік желіде қоғам белсенділері Құрмет Талапқазының жоғары оқу орнында оқуына мүмкіндік жасалуын сұрап, университет ректорларына үндеу жариялаған еді. 

Білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындары ректорларымен өткізген жиналысында Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылығына қала тұрғыны Құрмет Талапқазыға тегін оқу құқығын беру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Еенді Құрмет Талапқазы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде тегін оқи алады.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиеваның айтуынша, министр Асхат Аймағамбетов Құрмет Талапқазымен телефон арқылы сөйлесіп, оған тілектес екенін жеткізген.

Мектебіне миллион теңге сыйлаған оқушы

Маңғыстауда 4-сынып оқушысы өз мектебіне миллион теңге сыйға тартқан. Осыған қатысты тараған ақпаратқа Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова пікір білдірді. 

Маңғыстаулық 4-сынып оқушысының математика сабағында қолдануға арналған құрылғы жасап, білімі мен жігерінің арқасында республикалық байқауда миллион теңге ұтып алғанына қуандым. Дарынды балаларды ынталандыру және олардың мүмкіндіктерін ашу өте маңызды. Оқушы марапатын өз мектебіне интерактивті тақтаны сатып алуға жіберуге ниет білдіргені оның мейірімді жүрегі мен басқа да жақсы қасиеттерін көрсетеді. Бұл ретте, интерактивті тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуы тиіс деп санаймын. Маңғыстау облысының білім басқармасына зияткерлік сайыста жеңіске жеткен оқушыға ақшаны қайтарып, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қажетті құрал-жабдықтарды алу ұсынылды, - деп айтты ол.

 «Мектепте бомба бар». Ашық сабаққа дайын болмаған мұғалім 

Мәліметке сәйкес мұғалім ашық сабаққа дайын болмағандықтан «мектепте бомба бар» деп полицияға хабар берген. Мектеп басшылығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған.

Ал жалған хабар берген ұстаз балаларды эвакуациялауға көмек беріп жүріпті. 

Шу ауданының жас мұғалімі басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бірақ оған еш дайындықсыз келген соң, сабақты тоқтату үшін осындай қулық ойлап тапқан. Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құрылымдары жедел жетіп, ұстаздар мен оқушыларды дереу далаға шығарып ғимаратты тінтіп шыққан.

Бүкіл мектепті дүрліктірген 25 жастағы жас маман ұстаз қызметінен қуылды. 

Шу ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталып, кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша күдікті ҚР ҚПК 128,131-баптарының талабына сәйкес Шу ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды, - деген болатын Шу ауданы ПБ.

Неге вакцина алмай отырсыңдар? – Оқушыларға ұрысқан директордың аудиожазбасы

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Б. Момышұлы атындағы орта мектеп директорының балаларға дөрекі сөйлеген аудиожазбасы тарады. 

Ол аудиожазбада жоғары сынып балаларына ұрысып, неге вакцина салдырмай жатқандарын сұрап, тергеу жүргізеді. 

Сендер өз-өздеріңе кедергі жасап отырсыңдар. Сонда ауру балалар біздің ғана мектепте ме?! Сау бала жоқ болғаны ғой... 51 мектептің 49-ы алып болды. Түгел. Сендерді өлімге апаратындай, менің басым екеу емес. Мен де келерде сендер сияқты ойланып келемін. Мен бір емес 2 университет, бір колледж бітірген адаммын, - дейді директор.

Білім және ғылым министрлігі осы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп директоры педагогикалық этика нормаларын бұзғаны үшін қатаң сөгіс алды. Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Б. Момышұлы атындағы орта мектеп директорының балаларға дөрекі сөйлеген аудиожазбасы тарады. ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті анықталған фактіге байланысты тексеру жүргізді, - деді БҒМ баспасөз қызметі.

5-сыныпта оқитын кішкентай құтқарушы

Қостанайда 5-сынып оқушысы өртеніп жатқан үйден балаларды алып шықты. Жеке үйден өрт шыққаны туралы қоңырау 25 желтоқсан күні сағат 11:36-да түсткен, деп хабарлайды Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Өрт сөндірушілер келгенше жалын шатыр мен бөлмелердің ішіне жайылған. Үйде алты адам тұрады, ішінде ешкім болмаған.

Кейін анықталғандай, бесінші сынып оқушысы далада ойнап жүріп, қою қара түтінді байқап, сол үйдегі төрт баланы алып шыққан екен. 

Құтқарылған баланың үлкені 7 жаста, кішісі 2 жаста.

 

Өзгелердің жаңалығы