Қызылжарда жаңа театр ашылды

19 Қараша 2022, 09:16
1676
Бөлісу:
Қызылжарда жаңа театр ашылды
Фото: автордан

Қызылжарда Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратының тұсауы кесілді. Мәдениет нысанының жалпы аумағы 15 мың шаршы метр. Жобаны жүзеге асыруға қазынадан 4,8 млрд теңгеден артық қаржы жұмсалды, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің өңірдегі тілшісі. 


Сәні мен салтанаты жарасқан театр көрермен залына бір мезетте 500 адамды сыйдыра алады. Ғимарат ерекше дизайнымен көз тартады. Солтүстікқазақстандықтар бұл күнді көп күтті. Театрдың іргетасы 2018 жылы қаланған болатын. Алайда жауапсыз мердігердің кесірінен құрылыс тоқтап қалған. Әкімдік екінші рет байқау жариялап, басқа компаниямен келісімшарт жасағаннан кейін ғана жұмыс қайта жанданды. 

Қызылжарда жаңа театр ашылды

«Театрдың ашылу салтанатына келдік. Ғимарат өте әдемі екен. Мәдениет саласы дами түсетініне сенімдімін. Ұжым көрерменін тек жақсы қойылымдармен қуанта берсін. Өзім спектакльдерге үзбей келіп тұрамын», - дейді қала тұрғыны Ақмарал Сәркенқызы. 

Қызылжарда жаңа театр ашылды

Өнер ұжымы жаңа сахнаның шымылдығын «Шоқан» тарихи драмасымен түрді. Залда ине шаншар орын болмады. Салтанатты жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Олимпиада Чемпионы Александр Винокуров, Канн кинофестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Еслямова сынды тұлғалар қатысты. 

Қызылжарда жаңа театр ашылды

«Мен өнер көрсеткен алғашқы үлкен сахна осы С.Мұқанов атындағы театр болатын. Ұстаздарым бізге актерліктің қыр-сырын сабырмен үйретті. Осындағы аға-әпкелерден үлгі алып, бой түзедік. Енді ұжымның әдемі ғимаратқа көшіп отырғанына қуаныштымын. Елімізде жаңа нысандар ашылып, Қазақстан дами берсін», - деді Самал Еслямова. 

Қызылжарда жаңа театр ашылды

Бұған дейін қазақ театрының ұжымы ескі ғимаратта орналасқан болатын. Актерлер шағын ғана сахнада 22 жыл бойы өнер көрсетті. 

«Басқа өңірлерге гастрольдік сапармен барғана еңселі театр ғимарттарын көріп, қызыға қарайтынбыз. Енді сол бақыт өзімізге де бұйырды. Бұған дейін жұмыс істеп келген нысан жаман деп айта алмаймын. Тек қондырғыларының барлығы ескірді. Қазір техниканың қарыштап дамып жатқан шағы. Бәрі сандық форматқа ауысқан. Жаңа театрда соның барлығы бар. Сахнаның өзі әр актерге үлкен шабыт сыйлайтынына сенімдімін», - дейді актер Әділжан Кәрімов. 

Қызылжарда жаңа театр ашылды

Петропавлда бұдан басқа 3 театр ғимараты бар. Барлығы дерлік өткен ғасырда салынған. Бүгінгі заман талабына мен көрерменнің талғамына сай келмейді. Болашақта Солтүстік Қазақстанда өтетін алқалы жиындардың барлығы осы театрда өтпек. 

«Бүгін облыс тұрғындары үшін ерекше күн. Қасиетті Қызылжар өңірінде, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қожаберген жырау, сал-серілердің, Мағжанның елінде бүгін көптен күткен театр ашылып отыр. Өңірде ерекше сәулетті ғимарат пайда болды. Жаңа қазақ театры қаламыздың көркіне айналды.  Қоғамның өсуі үшін экономикамен қоса,  мәдениетті де дамыту керек. Президент айтқандай, елімізде білімді, мәдениетті, еркін ойлы азаматтарды қалыптастыру керек. Жаңа театр мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейтін орталық болады.  Өнерге жақын адам биікке ұмтылады. Мәдениет ордасы адамды білімді, мәдениетті және тәрбиелі болуға үйретеді. Жаңа театр  фестивалдер мен концерттер өткізетін орынға айналады. Халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуге болады. Біз алдағы уақытта Qyzyljar Music Fest халықаралық фестивалін, халықаралық театр фестивалін, симпозиум, көрмелерді өткіземіз», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. 

Қызылжарда жаңа театр ашылды

Тәуелсіздік алғаннан бері республиканың әр түкпірінде 8 театр салынған екен. Петропавлдағы өнер ордасы бұл тізімді 9-шы болып толықтырды. 

Өзгелердің жаңалығы