Қызылшадан ең тиімді қорғаныс – вакцинация

19 Қаңтар 2024, 20:45
410
Бөлісу:
Қызылшадан ең тиімді қорғаныс – вакцинация
Фото: Елорда әкімдігі

Өкінішке қарай қызылшаның қауіптілігі оның отит, пневмония, энцефалит, паненцефалит сияқты күрделі асқынуға апаратынын ата-аналар кеш түсінеді. Бұл туралы Астана қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова ӨКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қызылша инфекциясын желшешек сияқты зиянсыз ауру деп ойлайтын көптеген ата-ана вакцинациядан гөрі баланың қызылшамен ауырып, соған сәйкес иммунитеттің өз бетімен қайта түзілгені жөн деп санайды.

Балаларды бірінші кезекте егу арқылы біз оларды осы ауыр асқынулардан қорғаймыз, сондай-ақ қала тұрғындары арасында көптеген жылдар бойы популяциялық иммунитеттің жеткілікті деңгейін қалыптастырамыз. Себебі екі рет екпе алғаннан кейін иммунитет өмір бойына қалыптасады. Сонымен қатар балаларды егу арқылы біз олардың ересектер мен қарт туыстарының ауырып қалу қаупін азайтамыз, - деді Сархат Бейсенова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша қызылша ауруы – жасы кіші балалар арасындағы өлімнің негізгі себептерінің бірі.

Бүгінгі таңда одан ең тиімді қорғаныс вакцинация болып саналады. Алайда кейбір ата-анада «вакцинацияның әсері аз» деген қате түсінік бар.
Осылайша, олар басқа ата-аналарға да сол қате пікірін таңуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 2000-2015 жылдары жаппай алған вакцинация бүкіл әлем бойынша науқастардың санын 75 пайызға төмендеткен болатын, - деді Астана қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

Өзгелердің жаңалығы