Қызылордадағы тергеу изоляторында темекінің ішінен кептірілген марихуана табылды

12 Маусым 2022, 08:12
1464
Бөлісу:
Қызылордадағы тергеу изоляторында темекінің ішінен кептірілген марихуана табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордадағы тергеу изоляторында темекінің ішінен кептірілген марихуана табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/1 тергеу мекемесінде қамаудағыларға туысқандары мен жақындары күнделікті сәлемдеме әкеліп тұрады. Сондықтан мекеменің №1 бақылап өткізу бекетінде келушілер үшін тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандарға қолданылатын жаза жайлы жазбаша ескертпелер көрнекі жерге ілінген. Соған қарамастан сотталғандар мен тергеу қамауындағыларға тыйым салынған заттарды жасырын түрде өткізуге тырысатындар көптеп кездеседі. Яғни, заңға қайшы әрекет жасап, оларға ұялы телефондар, коньяк және кептірілген марихуананы әртүрлі тағамдар мен заттардың ортасына салып әкеледі.

Мысалы, 8 маусым сағат 12:25-те жедел бөлімінің жүргізілген жұмысы нәтижесінде, мекеменің сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде тағы да бір тыйым салынған зат анықталды. Оқиға орнына дереу Қызылорда облыстық ҚПБ-ның жедел-тергеу тобы шақыртылды. Арнайы топ сәлемдемелерді тексеру барысында әкелген VEST темекісінің 200 данасын жеке-жеке пышақпен кесіп, қарап шықты. Нәтижесінде, төрт темекіден түсі жасыл, өзіне тән ерекше иісі бар, шөп тәрізді зат анықталды.

Сараптама қорытындысымен 2,76 гр «кептірілген марихуана» екені дәлелденді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы