Қызылордада жылқылар арасында күдікті ауру анықталды: Төрт бас мал шығын болған

Ауырған жылқылардың жағы қарысып, жем-шөп пен су іше алмай қалған. Сондай-ақ жануарлардың басы салбырап, әлсіздік белгілері байқалған.

17 Тамыз 2026, 09:48
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 17 Тамыз 2026, 09:48
17 Тамыз 2026, 09:48
200
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қызылорда облысының екі ауданында жылқылар арасында күдікті ауру анықталды. Қазіргі таңда төрт бас жылқының шығын болғаны белгілі. Мамандар аурудың нақты себебін анықтау үшін зертханалық зерттеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қызылорда облысының Ветеринария басқармасының мәліметінше, жағдай шілде айының басында Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылдық округі мен Сырдария ауданындағы Қалжан Ахун ауылдық округінде тіркелген.

Аудандық аумақтық инспекция мен ветеринариялық станция мамандары жүргізген зерделеу барысында ауырған жылқылардың жағы қарысып, жем-шөп пен су іше алмай қалғаны анықталған. Сондай-ақ жануарлардың басы салбырап, әлсіздік белгілері байқалған.

Клиникалық белгілеріне байланысты жылқылардан қан сынамалары алынып, су-ауруына, яғни трипаносомозға күдікпен зертханаға жіберілген.

Ветеринария басқармасының түсіндіруінше, бұл – жылқыларда кездесетін созылмалы паразиттік ауру. Ол бастапқы кезеңде сыртқы жыныс мүшелерінің жергілікті қабынуымен басталып, кейін терінің зақымдануы және салдану белгілерімен сипатталуы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде жылқылардың жаппай қырылып жатқаны туралы ақпарат тараған. Алайда басқарма бұл мәліметті жоққа шығарды.

Хабарламада айтылғандай, жануарлардың жаппай қырылуы орын алмаған және мал өлекселерінің таудай болып үйіліп тұрғаны дәлелденбеген. Аталған ауру салдарынан қазіргі уақытта 4 бас жылқының шығын болғаны анықталды, - делінген ресми хабарламада.

Мамандар екі ауылдық округтің жайылымдық аумақтары бір-біріне іргелес екенін атап өтті. Бұған қоса, шілде айындағы аптап ыстық пен қансорғыш жәндіктер паразиттердің таралуына ықпал етуі мүмкін.

Қазіргі уақытта Жалағаш және Сырдария аудандарындағы жағдай ветеринариялық қызметтің бақылауына алынған.

Облыстық Ветеринария басқармасының мәліметінше, Қызылорда облысында эпизоотиялық ахуал тұрақты, аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген. Аурудың әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында профилактикалық және бақылау шаралары жалғасып жатыр.

Ал жылқылардан алынған сынамалардың зертханалық қорытындысы шыққаннан кейін ғана аурудың нақты диагнозы белгілі болады.

Наверх