Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірген.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысының міндеті нақты бөлінген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмыстарын ұйымдастырған болса, енді біреулері өндірілген алтынды тасымалдау және сатумен айналысқан. Қалғандары қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында кен орнының айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар аумақты торуылдап отырған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгені туралы алдын ала ескертіп отырған, - деп хабарлады ҚМА.
Тергеу барысында анықталғандай, өндірілген алтын Алматы қаласына жеткізіліп, сонда сатылған. Заңсыз табыстан түскен қаражат кейін қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген.
Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылған, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша 13 адам қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Тағы оқи отырыңыз: ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топ ұсталды: Қытай азаматтары да болған