Қызылордада екі қызға тиісіп, жанжал шығарған ер адамға қарсы шыққан жігіт пышақ жарақатын алды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Оқиға 20 қараша күні кешкі уақытта Қызылорда қаласының Құлагер шағын ауданында болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 1984 жылы туған ер адам қоғамдық орындардың бірінен мас күйде шығып, екі қызға тиісіп, мазасын алған.
Оларды Нұралла есімді жас жігіт арашалауға тырысқан. Алайда жанжал барысында ер адам оны пышақпен жаралаған.
Жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оның есін жиғаны хабарланды.
Фото: әлеуметтік желіден
Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті полиция қызметкерлерімен жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 42 жастағы қала тұрғыны болып шыққан.
Сот санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы Полиция департаментінің бақылауында, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар шағын аудан тұрғындары күдіктінің бұған дейін де өтіп бара жатқан адамдарды арандатуға, жанжал шығаруға бейім болғанын айтып отыр. Алайда бұл мәліметтер тергеу барысында ресми түрде расталған жоқ.
Еске салсақ, полиция жұмысына кедергі келтірген азамат 10 тәулікке қамалды. Патрульдік полицияның заңды талабына бағынбай, қызметіне кедергі келтірген азамат жанжал шығарған.