Қызылордада қураған шөп өртеніп, жалын 6 гектар аумақты шарпыды

12 Маусым 2023, 21:45
644
Бөлісу:
Қызылордада қураған шөп өртеніп, жалын 6 гектар аумақты шарпыды
Фото: Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі

Қызылордада Президент саябағына қарама-қарсы орналасқан Шіркейлі каналының шетіндегі қураған шөп өртенген. Аптап ыстық пен тоқтаусыз соққан жел өртті сөндіруде қиындықтар туғызғаны айтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы 12 маусымда сағат 14:52-де Қызылорда облысы ТЖД-ның «112» пультіне хабарлама келіп түскен.

Өрт орнына өрт сөндірушілер дереу жолға шықты. Өрт сөндірушілердің барлау жұмыстары нәтижесінде оқиға орнында шамамен 6 гектар жер өртеніп жатқандығы анықталды.

Өртті сөндіру барысы қатты желдің соғуына және қолайсыз ауа райына байланысты күрделенді. Шұғыл қызметтің жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 17-ден 25 минут өткенде оқшауланып, сағат 18-ден 10 минут кеткенде толығымен сөндірілді. Қызылорда облысының Өрт сөндіру қызметінің, Апаттар медициналық орталығының, Жергілікті полиция қызметі басқармасының, "ҚазТрансГазАймақтың", жергілікті атқарушы органның барлығы 76 қызметкері 17 техникасымен жұмылдырылды, - деп жазды Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы