Қызылордада 543 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді

25 Тамыз 2023, 13:29
603
Бөлісу:
Қызылордада 543 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысында 584 әлеуметтік инфрақұрылым нысан бейімделді, оның ішінде 543-і ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай сәйкестендірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарланғандай, елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 277 нысан бейімделді.

Қызылорда облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 нысанның 584-інде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталға 584 нысанның 543-інің толық бейімделгені расталды.

Мәселен, қалада мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қол жетімді:

- мемлекеттік мекемелер – 133 (әкімдіктер – 85, облыстық басқармалар – 5, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері – 40, соттар – 3);

- денсаулық сақтау нысандары – 39 (емханалар – 16, ауруханалар – 10, дәрігерлік амбулаториялар – 13);

- білім беру нысандары – 230 (мектептер – 191, балабақшалар – 27, колледждер – 12);

- мәдениет нысандары – 69 (клубтар – 60, мұражайлар – 5, кітапханалар – 4);

- спорт нысандары – 30 (спорт кешендері – 7, спорт мектептері – 23);

- әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де нысандары – 42 (банк филиалдары – 8, пошта бөлімшелері – 9, партия филиалдары – 8, әлеуметтік оңалту орталықтары – 2, сауда үйлері – 2, дәріханалар – 3, теміржол вокзалдары – 6, автовокзалдар – 4 және т. б.);

41 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 58 бұзушылық анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 5; көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 23; тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 18, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 12.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін тағы 192 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 38 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 8 – нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау шеңберінде 30 тексеру.

Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 32 ұйғарым беріліп, 1 млн теңгеге 5 әкімшілік айыппұл салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы