Қызылорда облысында құс фабрикасы ашылды

30 Желтоқсан 2023, 05:25
2200
Бөлісу:
Қызылорда облысында құс фабрикасы ашылды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Қызылорда облысында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қызылорда облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік маңызды өндірісті ашуға жұмсалған қаржының бір бөлігін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы Аграрлық несие корпорациясынан алған. Кешен 25 гектар аумақты алып жатыр.

Облыстағы алғашқы құс фабрикасының ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Кешенде инкубациялық бөлім, 60 мың құсты бордақылау, сою және қалдықты қайта өңдеу цехтары бар. Өндіріс толық жаңа технологиямен жабдықталған.

Жаңа фабрика өңірдегі құс етіне сұраныстың 25%-ін қамтамасыз ете алады. Мұнан бөлек, өндіріс қалдығынан жемге арналған арнайы қоспа әзірлеп, шетелге экспорттайды. Тіпті қалдық суды да пайдаға жаратады.

Ирандағы көрген технологияны осы ауылға әкеліп салып, қазіргі кезде қалдықтарды қалдырмау жөнінде осы бүкіл бөлімдер жұмыс жасап жатыр. Одан шыққан судың протеині, жоғары егістікке жарайтын суды шығарамыз, - дейді құс фабрикасының директоры Нұрлан Іздібаев.

Жалпы еліміз бойынша Аграрлық несие корпорациясы ҚазАгроҚаржының үлесін қоса есептегенде 28 құс фабрикасын қаржыландырған. Қазіргі таңда осы құс фабрикалары елімізде өндірілетін құс етінің 30%-ін қамтамасыз етіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы