Қызметкерлер төмен жалақы алады. Депутаттар еңбек саласына реформа қажет екенін айтты

26 Қаңтар 2022, 14:33
10387
Бөлісу:
Қызметкерлер төмен жалақы алады. Депутаттар еңбек саласына реформа қажет екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Халық партиясы еңбек қатынастары саласында реформа жүргізу қажет деп санайды. Бұл туралы депутат Ерлан Смайлов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Сөзінше, тұтыну шығыстарының рейтингінде Қазақстан Камерун мен Анголаның арасындағы орынға орналасқан. «Жұмыс істейтін кедейлік», азық-түлік пен қызмет көрсетудің жоғары бағасы, трансұлттық компаниялардың үстеме пайдасы және жұмысшылардың мардымсыз жалақысы кедейлік пен теңсіздіктің белгісі болып тұр.

Қазақстан Халық партиясы еңбек қатынастары саласында реформа жүргізу қажет деп санайды.

Елде жұмыс берушінің, әсіресе трансұлттық компаниялардың мүддесіне басымдық берілген. Салдарынан жүйелі теңгерімсіздік орнаған. Қызметкерлер төмен жалақы алады, олардың денсаулығына қауіп төнеді, ал өмір сүру сапасы жақсармайды. Ал мемлекетке мүгедектікке байланысты жәрдемақы төлеуге, моноқалалардың инфрақұрылымын қаржыландыруға, жұмыспен қамту бағдарламаларын жүзеге асыруға тура келеді. Қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғауға жауапты бейінді мемлекеттік органдардың әлсіз позициясы, енжарлығы және дәрменсіздігі байқалады, – деді ҚХП депутаты Ерлан Смайлов.

Депутат атағандай, азаматтардың жалақысының төмен деңгейі шығыс құрылымында азық-түлікке көп қаражат жұмсауға мәжбүрлейді.

Бұл кедейлік пен жан бағу арасындағы траектория. Ол жұмысшылар мен олардың отбасының сапалы өмір сүруін, дамуын жақсартпайды. Мұндай жағдайда халық елдің тұрақтылығы мен жаңғыруының іргетасы бола алмайды. Елдегі жалақының айырмашылығы баяғыда пұтқа табынушылыққа айналды. Өндірушілердің жалақысы ұлттық компаниялар мен холдингтердің «тиімді менеджерлерінің» жалақысынан және түрлі бонустарынан 10 есе төмен болуы мүмкін! Министрдің жылдық сыйлықақы түрінде 15 млн теңге алуы дұрыс емес. – деді мәжілісмен.

Ол 30 жылдық жұмыс өтілі бар қарапайым мұғалімге Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 мың теңге сыйлық ақы беру тіпті орынсыз екенін айтты. Мұғалімнің қолына салықтық шегерімнен соң осы ақша тұтас тимейтінін де ескеру қажет.

ҚХП фракциясының депутаттары мемлекеттік саясаттың басымдығы еңбек адамы мен оның отбасының мүддесін қорғауы керек деп санайды. Бұл үшін еңбек саласында жаңа ұлттық саясат әзірлеуді ұсынды.

Қазақстанға жаңа саяси институт – еңбек құқықтары жөніндегі уәкіл қажет. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестік институтын жаңғырту керек. «Ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу туралы» ХЕҰ № 131 конвенциясын ратификациялап, еңбекақы төлеу жүйесін реформалаған жөн. Бұған қоса, жалақы инфляцияның нақты деңгейіне сәйкес индекстеліп, азаматтардың бірқатар санаты үшін зейнетке шығу жасы төмендетілуге тиіс, – деді Ерлан Смайлов өзінің депутаттық сауалында.

Өзгелердің жаңалығы