Қызмет пен спортты тең ұстаған рота сержанты

14 Желтоқсан 2022, 12:39
1315
Бөлісу:
Қызмет пен спортты тең ұстаған рота сержанты

Қарулы күштер қатарында өзіне жүктелген жауынгерлік міндетті адал орындап, әскери мамандықтың ыстығына күйіп, суығына төзіп, темірдей тәртібіне көніп жүрген ер азаматтар аз емес. 

Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз 3-сыныпты сержант Александр Масяев. Ендеше, білім мен біліктілікті және спортты жанына серік еткен Аягөз гарнизоны танкілік бригадасының рота сержанты жайлы толығырақ тоқталсақ.

Александрдың өз өмірін әскери саламен байланыстырғанына бүгінгі күні жеті жылдың жүзі болыпты. Оның әскери өмірді таңдауы сұрақ тудырмаса керек. Өйткені, кішкентай күнінде әскери киімдегі ағаларына қызыға қарап, мектепте жүргенде спорттың әр түрімен айналысып, шымыр болып өсті. Жеңіл атлетикамен шұғылданып, қыста шаңғы тебуден талай жетістікке жетті.

 Александр Масяев Абай облысы, Мақаншы ауылында 1995 жылы екінші маусымда дүниеге келген. Бала күнінен темірдей тәртіпке бағынып әскери болуды армандаған Александр мектепті бітірген соң, Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінде білім алып, 2015 жылы нағыз білікті сержант атанады. Содан бетер, Аягөз гарнизонындағы 10810 әскери бөлімінің табалдырығын именбей аттады.

Спортты қасына серік еткен және оның адам өмірінде әсер ететін туралы Александр жастайынан білген. «Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаса керек. Иә, бұл мақал біздің Александр Масяевтың күнделікті қолданысында. Неге десеңіздер, әр таңын кофе ішумен емес, таңғы жаттығудан бастайтын Александр көпке үлгі болып қана қоймай, еліміздің мерейін асқақтатып, көптеген жетістіктерге де жетіп үлгерген. Александр Геннадьевич әскери көпсайыс бойынша спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, әлемдік доданың жүлдегері. 

 Нақтырақ айтар болсақ, биыл Армения мемлекетінде өткен «Бейбітшілік жауынгері» жарысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің командасы қатарында өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте Қазақстан командасы сынақтардан сүрінбей І орынды иеленіп, үздік деп танылды. Ел намысы сынға түсетін додадан жүлделі оралған Александрдың еңбегі бағаланып, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Ел қорғаны» медалімен марапаттады.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қызметте адал дос, сенімді қарулас болса, үйінде өнегелі әке. Осыдан екі жыл бұрын өмірлік серігі Сымбат есімді қызбен отбасын құрып, Әмір есімді алтын асықтай ұлды тәрбиелеп отыр.

 3-сыныпты сержант шенін таққан Александр өз жұмысын бар ынтасымен жақсы көреді. Қызметке келгенде талапшыл. Бұл оның мансапқұмарлығынан емес, керісінше сарбаздарға ағалық жанашырлығынан туындаған қасиет. Өйткені, әскерде шыныққан жас өрен, қандай қиындықтарға болсын шыдайтынына сенеді және «жаттығуда барынша тер төксең, соғыста қиналмайсың» деген қағиданы ұстанады.  

Шынымен де жауынгерлік қызмет атқаратын әскерилердің дене дайындығы қашанда басты назарда болуы керек деп ойлаймын. Себебі, спорт әскери адамның жеке басына қойылған қатаң талап қана болып қоймай, оның сүйікті ісіне айналуы тиіс. Сондай-ақ, алға қойған мақсатқа жету үшін әр күнімізді ұтымды пайдалануымыз керек,- деп есептейді рота сержанты.

Міне, спорт пен әскери қызметті тең ұстап, әрдайым сергектікті сүйетін Александрдың өмірлік ұстанымы – Отан үшін аянбай еңбек ету, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғау. Олай болса, әскери қызметте жоғары жетістіктерге жеткен, тек биік шыңдарды бағындыруды армандайтын  Александр Масяев елінің адал да абыройлы қызметкері болатынына сенімдіміз.

Өзгелердің жаңалығы