Қызғылт сары мен жасыл көкөністің көзге пайдасы көп - офтальмолог

19 Қазан 2023, 17:47
2841
Бөлісу:
Қызғылт сары мен жасыл көкөністің көзге пайдасы көп - офтальмолог
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Көз жанарына қандай көкөністер мен жемістер пайдалы, үлкен мен кішіге қандай көз жаттығуларын жасаған дұрыс. Осы және өзге сұрақтарға 10 жыл тәжірибесі бар маман Астанадағы №9 қалалық емхананың офтальмолог дәрігері Казмагамбетова Диляра Фаргатқызы жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы кезде баламның көзі нашарлап кетті дейтін ата-ана саны көбейді. Көзілдірік киген оқушылар да көп. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

Біз Ақмола облысындағы біраз ауылдарды аралап балаларды медициналық тексеруден өткіздік. Қаңтардың аяғынан жаздың ортасына дейін 4-5 ай мектептерді аралап, балаларды скринигтен өткіздік.

Сол кезде байқағаным ауылдық жерлерде тұратын балалардың көру қабілеті қалалық жерде тұратын бүлдіршіндерге қарағанды анағұрлым жақсы. Оған не себеп екенін нақты кесіп айту қиын. Ойымша телефон мен гаджеттер, компьютерлендіру, цифрландырудың да кері әсері болуы мүмкін. Мүмкін оған тамақ сапасы да әсер ететін болар, деп ойлаймын. Өйткені ауылдық жерлерде табиғи таза өнім көп, бау-бақша да бар. Экологиялық таза өнім тұтынған, дүкеннің тамағы емес, фастфуд емес, үй тамағын жеп өскен баланың денсаулығы да әлдеқайда жақсы болары анық.

Қызғылт сары мен жасыл көкөністің көзге пайдасы көп - офтальмолог
Кейіпкердің мұрағатынан

Баланың көз жанарын сақтау үшін не істеу керек?

Ең басты айтарым, баланың ата-анасының тұқымында көру қабілеті төмен, көз аурулары бар кісілер болса міндетті түрде балаларын уақытылы тексеруден, яғни скринигтен өткізіп тұруы керек. Дені сау балаларда алғашқы скрининг алты айында өткізіледі, сосын бір және үш жасында тексеріледі. Ал шала туған немесе денсаулығында туабіткен аурулары бар бала болса көз жанары бір айында тесеріледі. Уақытынан бұрын туған сәбилердің өз скрининг кестесі бар. Оларды сол нұсқа бойынша тексереді.

Мынадай жағдайлар да жиі кездеседі. Офтальмолог дәрігерлер көзілдірік алуға рецепт жазып береді, ал ата-аналар дер кезінде дәрігерге жазыла алмай, немесе өздері уақыт таппай мезгілін өткізіп алады. Сондай жағдайда балалардың көз жанары да төмендеп, минустары да көбейіп келіп жатады. Ондай кезде ем де ұзаққа созылып кетеді. Сондықтан дәрігердің кеңесіне салғырт қарамаған дұрыс. Телефон мен әртүрлі гаджеттердің уақытын шектеп, уақытылы ұйықтау да бала үшін маңызды.

Қызғылт сары мен жасыл көкөністің көзге пайдасы көп - офтальмолог
Кейіпкердің мұрағатынан

Көз жанарына байланысты қандай профилактикалық жаттығулар жасаған дұрыс?

Әрине жаттығулар көздің минусін мүлдем алып тастайды дегенге келмейді, алайда көру қабілетін бірқалыпты сақтап, қан айналымын жақсартуға, көздің бұлшықетін күшейтуге көмектеседі.

Мен пациенттеріме жиі 20 және 20 ережесін қолдануға кеңес беремін. Мысалы сіз компьютер алдында 20 минут жұмыс істегеннен кейін 20 секунд дем алып алысқа көз тастау жаттығуын жасап, компьютерден алшақтағаныңыз дұрыс. Ондай кезде орыннан тұрып қозғалу да өте маңызды, өйткені бір орында отыра бергенде арқа мен мойын құрысады. Ол да зиян.

Тағы айтарым балаларға күндізгі уақытта далада 2-3 сағат серуендеуге кеңес беріледі. Бұл әлемдік офтальмологияда пайдасы дәлелденген дерек. Күн шығып тұрған кезде серуендеу көз жанарына пайдалы. Жалпы баланың көз жанары 18 жасқа дейін өседі. Сондықтан кішкентайлар да, мектеп жасындағы балалар да далада барынша серуендегені дұрыс.

Енді тамақтану туралы айтатын болсақ қызғылт сары мен жасыл түсті көкөніс пен жемістердің көз жанарына пайдасы мол. Ол брокколи, шпинат, асқабақ, сәбіз, қырықжапырақ. Сол секілді ірімшік, айран секілді сүт тағамдары да пайдалы. Қаражидек пен балықтың та көз жанарына пайдасы мол. Бір сөзбен айтқанда табиғи дәрумендер мен минералдардың еш артықтығы жоқ.

Қызғылт сары мен жасыл көкөністің көзге пайдасы көп - офтальмолог

Өзіңізге қатысты бір сұрақ қоюға рұқсат етіңізші. Дәрігер ретінде неліктен офтальмалогияны таңдадыңыз?

Студент кезімде мен хирургияға жақын болдым. Бірақ оқу барысында осы офтальмология саласына деген қызығушылығым артты. Осы салада жүргеніме 10 жылдан асты. Балалар офтальмологиясы маған әсіресе жақын.

Көзі нашар көретін кішкентай балалардың алғаш көзілдірік киіп, көре бастаған кездегі эмоцияларын айтып жеткізу қиын. Сондай кезде кішкентайларға осы өмірдің сан түстерін көруге көмектесе алғанымызға өте қуанамыз. Олар әлемді, жан-жағын көіріп, күлімдей бастайды. Осы сәтті көрудің өзі біз үшін үлкен бақыт.

Қызғылт сары мен жасыл көкөністің көзге пайдасы көп - офтальмолог
Кейіпкердің мұрағатынан

Ал үлкен кісілерде катаракта операциясынан кейін көру қабілеті жақсарған сәттер де өте әсерлі. Мысалы күні кеше ғана бір пациентіміз келіп кетті, ол кісі тек күннің сәулесі қай жақтан түсіп тұрғанын ғана шырамытып көре алатын. Ал көз жанарына жасалған отадан кейін көру қабілеті 100 пайыз оралды. Біз де ол кісімен бірге қатты қуандық.

Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Өзгелердің жаңалығы