Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қыз алып қашу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, мұндай әрекетті ешқандай ұлттық дәстүрмен немесе мәдени ерекшелікпен ақтауға болмайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы Парламент Мәжілісінде сталкинг пен қыз алып қашуға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында көтерілген пікірталасқа қатысты айтты.
Артур Ластаевтың сөзінше, өткен жылдың күзінде қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін заң күшіне енген. Оның айтуынша, бұл мәселе 2023 жылдан бері көтеріліп, сараптамалық және түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген.
Уәкіл кез келген адам ұрлау әрекеті заң талаптарын өрескел бұзу болып саналатынын атап өтті.
Адам ұрлаудың кез келген түрі құқыққа қайшы әрекет болып табылады. Оны мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, отбасылық немесе өзге де жағдайларға сілтеме жасау арқылы ақтауға болмайды, – деді ол.
Оның мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес адам ұрлау қылмысы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ Артур Ластаев мұндай әрекеттің қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрып құқығына ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
Уәкіл Қазақстан Конституциясына сәйкес неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде мемлекет белгілеген тәртіппен тіркелуі тиіс екенін еске салды.
Оның айтуынша, егер екі кәмелетке толған азамат отбасы құру туралы шешім қабылдаса, олардың қарым-қатынасын заңды түрде тіркеуге толық мүмкіндігі бар.
Сөз соңында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының талаптарын қатаң сақтауға шақырды.