Қытаймен шекарада 6 млрд теңгенің электронды темекісі тәркіленді

3 Шілде 2023, 16:27
807
Бөлісу:
Қытаймен шекарада 6 млрд теңгенің электронды темекісі тәркіленді
Фото: Мемлекеттік кірістер комитетінен

Қытаймен шекарадағы «Алакөл» кеден бекетінде салмағы 155,8 тонна, құны 6,1 млрд теңгені құрайтын вейптерді Жетісу кеденшілері тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Жетісу облысы мемлекеттік кірістер департаментінің «Алакөл» кеден бекетінің қызметкерлері Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу кезінде бір реттік электрондық темекілерді, электронды темекіге сұйықтықтарын және электронды темекіге керекті заттарды заңсыз әкелу фактісінің жолын кесті.

ЕАЭО кедендік аумағына келген кезде тауарлар мен көлік құралдарын ұстауға тиісті құжаттарды ұсынбау және тауарларды декларацияламау негіз болды.

2023 жылғы наурыздың 1-6 күні аралығында Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының «Алакөл» кеден бекетіне Қытайдан 8 көлік келіп кірді.

Алайда тасымалдаушылар Кеден кодексінің 154-бабын бұза отырып, ЕАЭО кедендік аумағына тауарлар мен көлік құралдарының келуі туралы кеден органын уақытылы хабардар етпеген және тауарға құжаттарды ұсынбаған. Аталған бұзушылықтар үшін тасымалдаушылар ӘҚБтК-нің 524 және 531-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Тауарлар мен көлік құралдарына жүргізілген кедендік тексеру барысында жалпы салмағы 155,8 тонна болатын электронды темекі (вейп) анықталды.

Мамандардың қорытындысы бойынша тауардың жалпы құны 6,1 млрд теңге, кедендік төлемдер мен салықтардың болжамды сомасы 1,9 млрд теңге.

Материалдар әрі қарай процессуалдық іс-қимылдарын жүргізу үшін Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне берілді.

Өзгелердің жаңалығы