Қытайға жіберілетін экспорттық тауарлар тізбесі кеңейтілуі мүмкін

13 Мамыр 2023, 15:28
999
Бөлісу:
Қытайға жіберілетін экспорттық тауарлар тізбесі кеңейтілуі мүмкін
Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚХР Бас кеден басқармасы министрінің орынбасары Сунь Юйниннің кездесуінде экспорттық жеткізілімдер тізбесін кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда кедергілерін жою мәселесі талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін аспан асты еліне сапары аясында Ербол Қарашөкеев тиімсіз сауда тәсілдерін қайта қарауды және бүкіл аумақпен экспортты шектемей, эпизоотиялық қауіпсіздік бойынша екі елдің аймақтандырылуын тануға көшуді ұсынған болатын. Атап айтқанда, министрдің осы ұсынысы ШҰАА басшылығы мен ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігінің қолдауына ие болды.

АШМ басшысы жақын арада ҚХР-ға мұздатылған ет жеткізу қайта басталатынына, сондай-ақ салқындатылған сиыр, қой, шошқа еті, ірі қара терісі мен қосалқы өнімдерге арналған хаттамалар мен ветеринариялық талаптардың жобаларын қарау бойынша келіссөздер басталатынына үміт білдірді. Дәл осындай жұмыс құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша да жүргізілетін болады.

Келіссөздер нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын су өнімдеріне инспекция, карантин және ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамаға қол қойылады. Бұл Қытайға экспортты кеңейтуге мүмкіндік беретін болады. Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев Қазақстанның Қытайға бидай экспортына қолжетімділігі бар өңірлерін кеңейту мәселесін көтерді. Министрлік ШҚО, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Жетісу облыстарында қазақстандық элеваторлардың бірлескен инспекциясын өткізуге шақыру хат жолдады. Бас кеден басқармасының мамандары өңірлерге тамыз айында келеді деп жоспарланған, - делінген ҚР АШМ таратқан ақпаратта.

Министр өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттау тақырыбын жалғастыра отырып, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын рапс пен картоп бойынша инспекциялау, оларды Қытай нарықтарына одан әрі жеткізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан өрік, бақша және бұршақ дақылдарын, макарон өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға фитосанитариялық талаптар алуға ниетті.

АШМ басшысы сондай-ақ БКБ-дан Қазақстанның бірқатар өңірлерінен арпа экспортын тоқтата тұру шешімін қайта қарауды ұсынды. Айта кетейік, сәуір айында Қытай тарапы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірлерінен арпа экспортын тоқтатқан болатын. Бұл ретте Қазақстан жыл сайын тиісті тіркеу үшін ҚХР БКБ-ға арпа бойынша отандық кәсіпорындардың тізімін жібереді. 2023 жылдың 1 қаңтарында тізілімде осы өнімді Қытайға жеткізуге рұқсаты бар 286 компания болды.

Келіссөздер барысында тараптар өткізу қабілетін жақсарту үшін Алашанькоу және Қорғас станцияларында астық және майлы жүктерге талдау жүргізу мерзімдерін қысқарту мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ күн тәртібінде қазақстандық ветеринариялық инспекторлардың ҚХР-да тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту мәселесі тұрды.

Ербол Қарашөкеев аталған мәселелерді шешу Қазақстан мен ҚХР сауда қатынастарын жаңа деңгейге көтеру, өзара сауда көрсеткіштерін арттыру, сондай-ақ өнім сапасын растау тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы