Қытайда жойқын тайфунға байланысты 700 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Табиғи апат салдарынан бірнеше провинцияда ең жоғары деңгейдегі ескерту жарияланды.

 istockphoto.com 26 Шілде 2026, 13:12
26 Шілде 2026, 13:12
200
Фото: istockphoto.com

Қытайдың оңтүстік өңірлеріне құрлыққа шыққан Noul тайфунынан кейін ауқымды су тасқыны қаупі төніп тұр. Табиғат апаты алдымен Гуандун провинциясы мен көршілес Гонконгта жойқын жел тұрғызып, қазір елдің ішкі аймақтарына қарай жылжып барады.

Қытай билігінің мәліметінше, биылғы ең қуатты тайфунға байланысты Гуандун провинциясында 700 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Reuters  таратқан ақпаратқа сәйкес, бірнеше провинцияда кенеттен болатын су тасқыны қаупіне байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жарияланды.

Noul биылғы маусымдағы 12-тропикалық циклон әрі осы айда Қытайға жеткен үшінші тайфун болды. Ол жергілікті уақытпен сағат 03:50 шамасында Хуэйдун уезінің жағалауына шыққан.

Нөсер бірнеше күнге созылады

Қытайдың ұлттық метеорологиялық орталығының болжамынша, елдің оңтүстігінің басым бөлігінде кемінде дүйсенбі таңына дейін, ал кейбір аудандарда сейсенбіге дейін қатты және нөсер жауын жауады.

Әсіресе Фуцзянь провинциясында жауын-шашынның мол түсуі күтіледі. Тайфун құрлықтың ішкі бөлігіне қарай жылжыған сайын Цзянси мен Хунань провинцияларында да қатты жел мен жауын болады.

Билік жергілікті әкімдіктерге тау бөктерлерінде, өзен аңғарларында, құрылыс алаңдары мен көпірлерде бақылауды күшейтуді тапсырды. Себебі бұл аумақтарда су тасқыны қаупі жоғары.

Гонконг қалыпты жұмысқа оралып жатыр

Гонконг обсерваториясының мәліметінше, тайфун біртіндеп әлсіреп келеді. Соған қарамастан, қалада әлі де оңтүстік-батыстан соққан қатты желдің әсері сезілуде. Түн ішінде циклон Гонконгтан 80 шақырымға жетпейтін қашықтықтан өткен.

Күннің екінші жартысында дауыл туралы ескерту деңгейі сегізіншіден үшінші деңгейге дейін төмендетілді. Ал Гонконг халықаралық әуежайы әуе рейстерін кезең-кезеңімен қайта іске қоса бастады. Бұған дейін әуежай жұмысы 12 сағаттан астам уақытқа жуық толық тоқтап қалған еді.

Наверх