Қытайда 47 ядролық реактор салынады

28 Тамыз 2024, 12:49
780
Бөлісу:
Қытайда 47 ядролық реактор салынады

Қытай атом реакторларының санын екі есе арттырады, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ-ке сілтеме жасап. 

Қазір елде 36 атом энергоблогы салынып жатыр. Таяуда көрші елдің мемлекеттік кеңесінде дәл осындай тағы 11 ядролық нысан салу туралы шешім қабылданды. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайған. Осылай миллиардтан астам халқы мен мыңдаған өндіріс орны бар шығыстағы көршіміз энергия тапшылығын жойды. Қытай әлем бойынша атом энергетикасы дамыған елдер арасында үздік үштікке кіреді. Қазір ең көп ядролық реактор салынып жатқан бірден-бір ел. 

Ең алғашқы атом электр стансысы 1991 жылы іске қосылды. Осы уақыттан бері атом энергоблок санын 57-ге дейін жеткізді. Енді алдағы 5 жылда тағы 47 реактор салады. Осы арқылы қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтып электр энергиясына қолжетімділікті арттыруды көздейді. 

Ең алғашқы АЭС құрылысы Чернобыль апаты болған кезеңге тұспа-тұс келді. Халық бұл кезде түрлі пікір айтып, қарсы болғандар да болды. Жасыратыны жоқ, жұрт оқиға тағы қайталана ма деп қорықты. Алайда батыл қадамның арқасында халық ядролық энергетиканың игілігін көріп отыр. 30 жылдан астам уақыт бойы тұрақты жұмыс істеп, экономикалық тиімділігін көрсетті, - деді Сиань атом энергетикасы институтының директоры Тян Венг.

Қазір әлем елдерінде салынып жатқан ядролық реакторлар үшінші буынға жатады. Инновациялық технологияның арқасында қауіпсіздігі мен өнімділігі жоғары. Олардың ішінде ең танымалдары – АҚШ-тың «AP-1000» реакторы. Оның жылдық қуаты – 1100 мегаватт-сағат. Қытайлық «Hualong-1»-дің де қуаты дәл осындай. Ал қуаты ең күштісі – Францияның «EPR» реакторы. Бұл энергоблок жылына 1700 мегаватқа дейін энергия өндіре алады. 

Алайда ядролық энергетикада қауіпсіздік – басты мәселе. Осыған қатысты қытайлық ғалымдар пікірін айтты. Инь Сиджун – Қытайдағы атом энергетика саласының үздігі. Тәжірибелі маманның айтуынша, бүгінде әлемде энергияға мұқтаж елдер үшінші буын ядролық реакторларын салуға ұмтылады. Бұл – қазіргі кездегі ең қауіпсіз әрі тиімділігі жоғары энергоблок. Бұған дейінгі нұсқасындағы әлсіз тұстары жетілдіріліп, едәуір күшейтілген. Мәселен, бұрын бір отынмен 12 ай бойы үздіксіз жұмыс істейтін болса, қазір 18 айға дейін ұзарған. 

Сонымен қатар ішкі қауіпсіздіктен бөлек, сыртқы факторлардан да берік қорғалған. 

Ядролық жобада міндетті түрде қауіпсіздік жүйесі болады. Сырты екі қабат жабынмен қапталады. Мына макетте анық көрсетілген. Тіпті ұшақ келіп соқтығысқан жағдайдан да сақтандырылған. Жалпы қауіпсіздік жүйесі активті және пассивті болып екіге бөлінеді. Олар зиянды радиоактивті заттардың қоршаған ортаға бөлінуінен қорғайды. Ал инновациялық технологиялар қауіпсіздікке кепілдік береді. Барлығы арнайы сараптамадан өтеді. Тек Қытайда емес, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің де жіті бақылауында, - деді China National Nuclear Corporation Overseas LTD Орталық Азиядағы бас директоры Инь Сиджун.

Өзгелердің жаңалығы