Қытай төрағасының сапары: екі ел қарым-қатынасын нығайту мен жаңа мүмкіндіктер ашу

13 Қыркүйек 2022, 11:52
1072
Бөлісу:
Қытай төрағасының сапары: екі ел қарым-қатынасын нығайту мен жаңа мүмкіндіктер ашу

Ертең, 14 қыркүйек күні елімізге Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ат басын бұратыны белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Араға 5 жыл салып төртінші мәрте мемлекеттік сапармен келетін ҚХР төрағасы бұл кездесуге үлкен үміт артатынын айтқан мақала "Казахстанская правда" газетінде жарияланды. 

Қазақстан мен Қытайды ортақ таулар мен өзендер жалғастырып тұр. Тату көрші, адал дос әрі сенімді әріптеспіз. Сонау Ұлы жібек жолы дәуірінен бері достығымыздың тарихы мың жылдықтарға ұласып келеді. Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылғанына 30 жыл толады. Екі ел ұзақ жолды артқа тастап, өзара қолдау мен көмек қағидатынан тайқыған жоқ. 30 жыл – қазақстандық-қытайлық қатынастың үздіксіз даму кезеңі, - деп атап өтті Си Цзиньпин.

Айтуынша, бұл кезең – екіжақты әріптестіктің жеміс берген уақыты. 

Жағымсыз эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр пандемияға дейінгі деңгейді көрсетіп, 25 млрд долларға теңесті. Бұл – біздің әлемдік экономиканы қалпына келтіруге қосқан ортақ үлесіміз. Өндірістік әлеует пен инвестиция саласында 21,2 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 52 бірлескен жоба жасалды. Олардың қатарында, қуаттылығы 100 МВт Жаңатас жел электр станциясы, JAC автокөліктерді құрастыру желісі мен Шымкент МӨЗ жаңарту жобалары бар. Осылайша, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсімі жанданып, екі елдің халқына пайда әкеледі, - деді Қытай елінің басшысы. 

Сонымен қатар ол уақыт пен өзгерістердің сынағынан өткен екі елдің қарым-қатынасы жылдар өткен сайын беки түскен. 

Біз үшін қол жеткізген нәтижелерді негізге ала отырып, сан ғасырлық достықты жалғастырып, одан әрі дамытуға күш салу маңызды. 

Осы іссапар барысында мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қазақстандық-қытайлық мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестікті алға жылжытып, кеңейтіп,  оңтайландыруға, екіжақты қатынасты дамытудың жаңа парадигмасын қалыптастыруға дайынмын. Саяси өзара сенімнің жоғары деңгейі – екіжақты қарым-қатынасты тұрақты және қарқынды дамытудың кепілі. «Жаңа Қазақстанды» құру стратегиясын алға тарту арқылы, сіздердің мемлекеттеріңіз әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену мақсатына нық қадамдар жасап отырғанын атап өткіміз келеді. Егер біз тату көрші және достық қағидаттарын ұстанып, көпжоспарлы өзара тиімді әріптестікті нығайтуды жалғастырсақ, Қазақстан мен Қытай кезекті алтын 30 жылдық қарым-қатынас күтіп тұрғанына сенімдімін, - деді Си Цзиньпин.

Өзгелердің жаңалығы