- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қытай шөлінде көкөніс қалай өсіріледі және бұл Қазақстанға қандай тәжірибе береді?
Қытай шөлінде көкөніс қалай өсіріледі және бұл Қазақстанға қандай тәжірибе береді?
Қытай шөлінде өсірілген көкөністер Қазақстанға жеткізіліп жатыр. Оның артында қандай технология тұрғанын тілшіміз көріп қайтты.
Бүгiн 2026, 20:03
Қытай көкөнісі мен жемісі Қазақстан базарлары мен дүкендерінде бұрыннан бар. Бірақ ол өнімнің қалай өсірілетінін, әсіресе шөлейт аймақтағы жылыжайларда қандай технология қолданылатынын көбі біле бермейді. BAQ.KZ тілшісі Синьцзяндағы пресс-тур барысында Қазақстанға экспортталатын көкөніс өсіретін кешеннің жұмысымен танысты.
Қазақстан нарығында Қытайдан келетін көкөніс пен жеміс-жидек аз емес. Қияр, баклажан, қызанақ, тәтті бұрыш, қауын, асқабақ, түрлі көк шөп – мұның бәрі көрші елдің аграрлық өндірісінде заманауи технология арқылы өсіріліп жатыр.

«Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі аймағымен танысу» тақырыбындағы пресс-тур Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында өтті. Осы сапар кезінде 20 елден келген журналистер Қытайдың оңтүстігіндегі Хотан қаласына жақын орналасқан Моюй уезіндегі Hongyuan Agricultural Technology Co., Ltd. компаниясының жылыжай кешеніне барды.

Бір қарағанда, бұл өңір көкөніс өсіруге қолайлы сияқты көрінбеуі мүмкін. Айнала – шөлейт дала, ауа райы құрғақ. Бірақ дәл осы жерде 892 жылыжайдан тұратын ірі агрокешен жұмыс істеп тұр.
Компанияның ауыл шаруашылығы технологияларын дамыту жөніндегі өкілі Ван Юнши Хотанның климаттық ерекшелігі көкөніс пен жеміс-жидекті жыл бойына өсіруге мүмкіндік беретінін айтты.

Журналистерге алдымен қияр пісіп тұрған жылыжайлар көрсетілді. Кейін көшет дайындайтын бөлімдерге бардық. Жеке жылыжайда мамандар баклажан көшеттерімен жұмыс істеп жатыр. Өсімдіктің бастапқы кезеңінде оны төзімді тамыр жүйесіне теліп, кейін топыраққа отырғызуға дайындайды.

Телуден және дайындықтан кейін өсімдікке қажетті жағдай жасалып, топыраққа егіледі. Жылыжай ішінде температураны бақылауға болады. Тіпті қыстың өзінде мұнда +15 градус шамасында жылу сақталады, - деді Ван Юнши.
Бұл кешеннің басты ерекшелігі – күн энергиясын тиімді пайдаланатын жылыжай жүйесі. Мұнда көкөніс жай ғана пленка астында өсірілмейді. Жылыжайдың ішкі микроклиматын реттейтін тұтас технология қолданылады.

Жылыжайдың бір жағы күн сәулесін өткізетін мөлдір материалдан жасалған. Ал қарсы бетінде арнайы материалдардан тұрғызылған қалың қабырға бар. Күндіз ол қабырға жылуды бойына жинайды, ал түнде сол жылуды біртіндеп өсімдіктерге береді. Осылайша температура күрт төмендеп кетпейді.

Бұған қоса, жылыжайда қос доғалы құрылым мен екі қабатты пленка қолданылады. Бұл жылуды сақтауға және энергия шығынын азайтуға көмектеседі. Ішінде суару, желдету және өсіру жағдайын бақылау жүйелері ұйымдастырылған. Соның арқасында Синьцзянның құрғақ климатында да тұрақты өнім алуға мүмкіндік бар.
Компания өкілінің айтуынша, әр жылыжай 30 тоннаға дейін өнім бере алады. Қазір қияр пісу кезеңіне жеткен. Ай соңына қарай өнім жинау жоспарланып отыр. Одан кейін топырақ келесі дақылдарды өсіруге дайындалады.

Жылыжайларда тек өнім көлеміне емес, оның сапасына да мән беріледі. Компания органикалық тыңайтқыштарды қолданады. Бұл тыңайтқыштарды жергілікті мамандар әзірлеген.
Біз органикалық тыңайтқыштарды пайдаланамыз. Бұл тәсіл өсімдіктің жақсы өсуіне ықпал етеді және өндірісті одан әрі дамытуға негіз болады. Осындай әдістерді тұрақты қолдану арқылы экологиялық таза өнім алуға болады. Біздің баклажан, қызанақ, асқабақ, қияр және басқа да дақылдарымыз Қытайдың «жасыл өнім» сертификатын алған, - деді Ван Юнши.

Hongyuan Agricultural Technology Co., Ltd. компаниясы ішкі нарықпен қатар, экспорт бағытын да дамытып жатыр. Өткен жылы кәсіпорын шетелге өнім жеткізуді сынақ режимінде бастаған.
Алғашқы бағыттардың бірі – Қазақстан. Компания өкілінің айтуынша, Алматыда олардың шетелдік қоймасы мен сату орталығы құрылған. Өткен жылы Алматыға баклажан жеткізу сәтті өткен.
Біз дайын көкөніс өнімдерін Қазақстанға экспорттаймыз. Өткен жылы Алматыға баклажан жеткізу жақсы нәтиже берді. Ол жақта біздің шетелдік қоймамыз және сату орталығымыз бар. Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейткіміз келеді, - деді компания өкілі.
Қытай тарапы қазір Өзбекстанмен де осындай технологияларды енгізу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл әдіс климаты құрғақ, қысы суық елдер үшін тиімді болуы мүмкін.
Ван Юншидің айтуынша, компания Орталық Азия елдерімен байланысын күшейтуге мүдделі.
Жақында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегацияларды қабылдадым. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз, - деді ол.
20 мың тонна өнім экспорттау жоспары бар
Биыл компания шетелге шамамен 20 мың тонна көкөніс өнімін экспорттауды жоспарлап отыр. Алдын ала болжам бойынша, тиісті келісімдер жасалған жағдайда, оның жартысына жуығы Қазақстанға жеткізілуі мүмкін. Дегенмен бұл туралы нақты шешім қабылданды деуге әлі ерте.
Қазақстан үшін Қытай аграрлық саладағы маңызды серіктестердің бірі болып қала береді. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 36,8 пайызға өсіп, 1,97 млрд долларға жеткен.

Шөлейт аймақтағы жылыжай кешені Қытайдың ауыл шаруашылығында технологияға қаншалықты мән беріп отырғанын көрсетеді. Мұнда күн энергиясы, органикалық тыңайтқыш, микроклиматты бақылау жүйесі және экспортқа бағытталған өндіріс бір арнаға тоғысқан. Ал оның бір бөлігі Қазақстан нарығына жол тартып жатыр.

Компания басшылығы Қазақстан нарығына қатысты өз ұсынысын да айтты. Оның сөзінше, қытайлық технологияны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, әсіресе Шымкент маңында қолдануға мүмкіндік бар.
Былтыр екіжақты қарым-қатынастың жандана түскенін айттым ғой. Содан бері Қазақстанға бірнеше рет бардым. Шымкентте болдым. Ол жақта көкөністі жыл бойы өсіруге қолайлы жағдай бар екенін байқадым. Бірақ қазақстандықтар көкөніс өсіруде басқа модель қолданады. Көбіне жылыжай мен табиғи газға сүйенеді. Сол себепті кейде шығын өзін ақтамай жатады. Ал біздің технологияда күн энергиясын жыл бойы тиімді пайдаланып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге болады, - деді компания өкілі.
Ең оқылған:
- Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады? 10 маңызды кеңес
- Құрылыс компаниясы 60 млн теңге қарыз: Алматыдағы бірнеше тұрғын үй кешенінде дау шықты
- Атырауда Орал өзенінде моторлы қайықтар соқтығысты: Зардап шеккендер бар
- «Елімай» – «Ордабасы» кездесуінен кейінгі жанжал: Жаттықтырушы, ойыншы және төреші ойыннан шеттетілді
- Өскеменде автобус аялдамасынан ер адамның мәйіті табылды
Олжас АДАЙ