Қытай шекарасында жүк тасымалдаушылардың проблемасы қалай шешіледі

6 Сәуір 2023, 12:12
1039
Бөлісу:
Қытай шекарасында жүк тасымалдаушылардың проблемасы қалай шешіледі
Фото: Бас көлік прокуратурасы

Жүк тасымалдаушылардың Қытай шекарасындағы проблемалық мәселесін Бас көлік прокуратурасы шешпек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жүк тасымалдаушылар ҚХР-мен шекарадағы «Нұр Жолы» кеден бекетінде электрондық кезекті ұзақ күтуге, сондай-ақ олардың қызметіне байланысты басқа да мәселелерге наразылықтарын білдірді.

Ахуалды шешу мақсатында Бас көлік прокуратурасы ведомствоаралық жұмыс тобын құрды, оның құрамына Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің , ҰҚК Шекара қызметінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің , Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің және «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері кірді.

2023 жылғы 24-31 наурыз аралығында Ведомствоаралық жұмыс тобы «Нұр Жолы» өткізу пунктіне барып, жүк тасымалдаушылармен, мемлекеттік және уәкілетті органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді.

Проблемалық мәселелердің туындау себептері анықталып, адал жүк тасымалдаушылардың құқықтарын қорғауға және электрондық кезек процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар қабылданды.

Анықталғандай, шекара маңындағы дүрбелең «E-border» бағдарламасы жұмыс алгоритмінің жетіксіздігінен орын алған. Бағдарлама жеңіл және ауыл шаруашылығы автокөліктерінің, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін ҚХР-на шығуға иелерінің мақсаты болмаған автобустардың тіркеу деректерін пайдалану арқылы кезек орындарын «броньдауға» мүмкіндік берді, - делінген хабарламада.

Мөлшерлемесі 40 мың АҚШ долларына дейін жеткен жүк тасымалдау бойынша «көлеңкелі қызмет көрсету нарығының» белсенділігімен бұл жағдай күрделене түсті.

Жұмыс тобының ұсынысымен кезектен 2000 жуық автокөлік алынып тасталды, оның ішінде жеңіл, сондай-ақ бұрын есептен алынған не есепте тұрмағандары бар. «E-border» бойынша тізімді пайдалануды  16 сәуірден тоқтату туралы шешім қабылданды.

«CarGoRuqsat» жаңа электрондық кезек жүйесінде бұл олқылықтар ішкі істер органдарының дерекқорларымен интеграциялау арқылы ескерілді. Бұл кезектілікпен байланысты алыпсатарлық жасау мүмкіндігін жояды. Сондай-ақ, өткізу пунктінің аумағында қалдырып кеткен 80-ге жуық ауыр жүк көліктері болды, олардың жүргізушілері тасымалдау қызметтерінің құнын жасанды түрде қымбаттату үшін қасақана ұзақ уақыт бойы ҚХР-на шығуды кешіктірді. Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында, Технологиялық схемаға түзетулер жобасы дайындалды, оған сәйкес жүк тасымалдаушылар бұдан былай өткізу пунктінің аумағында 72 сағаттан артық болмауы тиіс, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ҚХР-на виза алудың қиындығына қатысты шағымдар болды. Жүргізушілердің көпшілігінде виза жоқ және тиісті визасы бар басқа жүргізушілермен белгіленген қаражатқа келісуге мәжбүр болуда.

Бас көлік прокуратурасы Сыртқы істер министрлігіне виза алу тәртібі мен шарттарын кеңінен жариялауды, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы мәселе бойынша жүк тасымалдаушылармен көшпелі кездесулер өткізуді ұсынды.

Одан бөлек, жүктерді тасымалдауға халықаралық рұқсат алуда қиындықтар болған. Бас көлік прокуратурасының бастамасымен рұқсатты тікелей өткізу пунктінде беруді, сондай-ақ жүк тасымалдаушылар үшін артық талаптарды алып тастауды көздейтін ИИДМ мен МКК бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Аталған өткізу пунктіндегі ахуалды мониторингілеу жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы