Қытайда шамамен 1,6 млн-дай қазақ тұрады. Бүгінде қандастарымыз қалай өмір сүріп жатыр? Олар Қытайда немен айналысады? Қазақтың салт-дәстүрін қалай сақтаған? BAQ.KZ мақаласынан оқи аласыз.
Шетелдегі ең көп қазақ диаспорасы Қытайда тұрады. Ресми деректер бойынша шамамен 1,6 млн этникалық қазақ бар.
Бүгін Шыңжаңда (Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы) тұратын қазақтар жайлы сөз қозғамақпыз.
Қолөнершілер әулеті
Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Қарасу ауылында қазақ әулеті тұрады. Әулеттің қыздар қауымы әртүрлі салада еңбек етеді. Бірі мектепте мұғалім болса, енді бірінің шағын кәсібі бар. Бірақ демалыс күні және мереке кездері әулеттің қыздары бір шаңырақ астында жиналып, дәстүрлі қазақ тоқымасымен айналысады.
Қарасу тұрғыны Разқан Жұмабайқызы 18 жасында осы әулетке келін болып түскенін айтады. Қазір жасы шамамен 70-те.
8 балам бар. Барлығы оқыды, тоқыды. Әртүрлі салада істейді, кәсіптері бар, - дейді Разқан апа.
Ол жұбайы кезінде мал бағумен айналысып, қыстың қақаған аязында қалың киімін киіп алып, жылқыларды айдап алып келетінін есіне алды.
Ал атамыз Қуан Қанабекұлы Қарасу ауылының 70-80 пайызы қазақтар екенін айтты.
Найман руынанбыз. Қарасу ауылында орналасқандардың 70-80 пайызы қазақтар. Барлығының тұрмысы жақсы. Өзінің бұрынғы салт-дәстүрін ұмытпай, тіршілік істеп жатыр. Диқаншылықпен, мал шаруашылығымен айналысады, - деп айтты қандасымыз.
Қуан Қанабекұлы қызы Бақшагүлдің «Қызай» брендінің авторы. Бұл қазақ тоқымасынан жасалған дүниелер. Қытайда қазақ тоқымасының танымалдығы сонша оның цехында 500-ден аса әйел жұмыс істейді. Бақшагүл Қуанқызы бұрын қыз жасауын өзі тігіп, тоқып жасайтынын айтты. Ал қазір барлығы базарда дайын тұр.
Мен кішкентай кезімнен тоқып үйрендім. Ал 2010 жылдан бастап қолөнермен айналыса бастадым. Кейін ауылдың, ауданның, облыстық және мемлекеттің шағын кәсіпке көрсеткен қолдауының арқысында өзімнің шағын шеберханамды аштым. Сөйтіп ауылдағы кесте тігетін қолөнершілерді үйретіп, оларды кәсіпке тәрбиелеп, 2007 жылы «Қызай» брендін қалыптастырдым. Осылайша әртүрлі көрмелерге өнімдеріміз шыға бастады. 2008 жылы Қытайдағы үздік шебер атандым, - дейді кәсіпкер.
Ол қазақ кестесін әлемге танытқанын айтты. Себебі 2012 жылы 10 мыңнан аса адам кесте тоқып, Гиннестің рекордына енген. Қолөнершінің айтуынша, бүгінде қазақ кестесіне сұраныс жоғары, тіпті шетелден де тапсырыс түсіп тұрады.
Қытай қазақтары Қазақстанның қазақтары сияқты кең дастарханын жайып, үйіне келген қонақтарын жылы шыраймен қарсы алады.
Қыстақтағы қандастар жағдайы қалай?
Таулы аймақтағы қыстақта тұратын қандастарымыз мал шаруашылығы мен бал жинаумен айналысады. Солардың бірі – Саламат Рақымжанқызы.
Ол Күнесте туып-өскен. Кейін 1978 жылы қазір тұрып жатқан Нілкі деп аталатын қыстақта тұрады. 4 баласы бар. Саламат апа қазақтар тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтып, той-томалақ болып тұратынын сөз етті. Оның екі қызы Қазақстанда тұрады, ал екі ұлы өзімен бірге Қытайда.
Балаларым оқып жүргенде өз бақыттарын тапты. Сөйтіп қыздарымызды ұзаттық. Тойларын жасап бердік, кейін 2-3 жылдан кейін Қазақстанға кетті. 4 жылдай болып қалды, көріспедік. Бала-шағаға барып тұру арманымыз, - дейді ол.
Қазір қыстақтың тұрғындары мал бағып, жайлауға шығып, күндерін көріп жүр, кейбірі кәсіппен айналысады. Бұрын егін егумен айналысқан.
Саламат апа визасыз режим ашылғанына қуанғанын жасырмады.
Күнестегі қазақтар
Күнес – қазақ диаспорасы көп шоғырланған қала. Мұнда да қандастарымыз өз істерін домалатып отыр. Күнеске туристер көп келетіндіктен жергілікті тұрғын өнімдерін сатады. Күнесте жайлау бар. Қаланың айналасындағы малшылар осы жайлауда мал бағады. Жайлауға киіз үй тігіледі.
Күнестік Нұрсерік Дәуітбекұлы қазақ ұлттық киіз үйлерін жасаумен айналысады. Оның тапсырыс берушілері этноауылдар үшін киіз үй тапсырады.
Оқу бітіргеннен кейін әке-ағаларым бастаған кәсіпті жалғастырып келемін. 2013 жылы Күнес ауданында «Сақ» ұлттық кәсіби қолөнершілер кооперативін құрдық. Содан бері кәсібімізді дамытып келе жатырмыз, - дейді қандас Нұрсерік Дәуітбекұлы.
Оның цехында 50-ге жуық әйел жұмыс істейді. Олар тігінмен айналысады. Ал Нұрсерік Дәуітбекұлы ұлттық нақыштағы есіктерді, ыдыстарды жасайды.
Бұл біздің ұлтымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Саяхатта қазақ үйді көп қолданады. Сол себепті осы кәсіпті таңдап, жалғастырып келе жатырмыз, - дейді ол.
Қытай қазақтары қазақтың ұлттық дәстүрін ұмытпай, өз жерлерінде оны дамытуды жалғастырып келе жатыр. «Шыңжаңдағы қазақтар» атты деректі фильмнен қандастарымыздың қалай тұрып жатқанын толығырақ біле аласыздар.
Еске сала кетсек, 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай визасыз режим енгізді. Дәлірек айтқанда, дәл бүгінгі күнге дейін қытайлықтар елімізде 2 аптаға, яғни 14 күнге дейін бола алды. Азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.