Шыңжаң өңіріндегі қазақтар тілін, дәстүрін сақтап, заманауи қоғаммен қатар дамып келеді. Солардың бірі – Құлжа қаласында тұратын Іле қазақ автономиялық облысының Сыртқы істер кеңсесінің қызметкері Гүлнұр Кенжебекқызы. Ол BAQ.KZ тілшісіне Іледегі қазіргі жағдай, қазақтардың тұрмысы мен мүмкіндіктері жайлы әңгімелеп берді.
– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Менің атым – Гүлнұр Кенжебекқызы. Құлжада туып-өстім. Қазір Іле қазақ автономиялық облысының Сыртқы істер кеңсесінде қызмет етемін. Туған жерім – осы Іле өңірі, бірақ Қытайдың өзге қалаларында білім алдым. Бейжің мен Шанхайда оқып, кейін туған жеріме оралып, осы жерде еңбек етуді жөн көрдім.

– Ауданда мемқызметте жұмыс істеймін дедіңіз…
– Иә, мен Сыртқы істер кеңсесінде ағылшын тілінен аудармашы болып істеймін. Университетте ағылшын тілін үйреніп, оны жұмыста қолданамын.
– Ата-анаңыз да Құлжада тұра ма, немен айналысады?
– Ата-анам да Құлжада. Әкем – диқан, шаруашылықпен айналысады. Анам да ауыл шаруашылығына көмектеседі. Мен кішкентай кезімде көбінесе жайлауда өстім, табиғатпен етене болдым.

– Құлжадағы қазіргі өмір қандай?
– Құлжа – Іле аймағының орталығы. Қазір қала ерекше дамып келеді. Жаңа жолдар, саябақтар, мәдени орталықтар салынды. Халықтың тұрмыс деңгейі де жақсарған. Кешке серуенге шығуға, достармен кездесуге, шай ішуге арналған орындар көп. Көшелер жарық, тыныш.
Шыңжаңның өзі соңғы жылдары жаңа кезеңге қадам басты. Іле аймағының табиғаты әсем, тауы мен жайлауы ерекше. Мен туған өлкемнің осылай көркейіп жатқанына қуанып жүремін.
– Қазақ тілін жақсы білесіз. Тіл мен дәстүрді қалай қатар сақтап отырсыздар?
– Иә, біз қазақ тілін ұмытқан жоқпыз. Үйде, отбасымызда тек қазақша сөйлейміз. Үкімет те аз ұлттардың тілін, мәдениетін құрметтейді. Қазақ мектептері бар, қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Балалар қазақша оқып, жазып үйреніп жүр. Той, Наурыз сияқты мерекелерді дәстүрге сай атап өтеміз. Мысалы, қыз ұзату, сүндет той сияқты салттар әлі де сақталған.

– Қазақстанда болып көрдіңіз бе?
– Иә, Алматыға екі рет барғанмын. Біз Қытай қазағымыз ғой, тілде сәл айырмашылық бар. Менімен қазақша сөйлесіп жүрді. Бірақ менің Қытайдан келгенім көрініп тұрады екен. Әріптестермен қытайша сөйлесетіндіктен, кейде тілім қытайшаға ауысып кете береді. Дегенмен, қазақтармен тез тіл табысып кеттім.
– Іле өңірінде қанша қазақ бар? Олар немен айналысады?
– Дәл санын білмеймін, бірақ шамамен 7 жүз мыңдай қазақ тұрады. Көбі Күнес, Текес, Моңғолкүре сияқты аудандарда. Құлжаның өзінде де біраз қазақ бар.
Қазақтар арасында түрлі кәсіп иелері бар – мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, саудагерлер, шаруалар, туризммен айналысатындар.
Сонымен қатар ұйғырлар, татарлар, дүңгендер, ханьдар да өмір сүреді. Шамамен 47 ұлт өкілі бар. Барлығымыз тату-тәтті тұрамыз, аралас-құралас өмір сүріп жатырмыз.

– Жергілікті халыққа үкімет қандай қолдау көрсетеді?
– Бұрын қазақтар негізінен жайлауда, ауылда өмір сүрді. Қазір үкіметтің қолдауымен ауыл адамдары баласын оқуға беріп, қалаға көшіп, жаңа өмір бастауда. Шыңжаң өте жылдам дамып келеді. Қазір әр үйдің өз жері, шаруашылығы бар. Егер біреудің жағдайы нашар болса, мемлекет көмек береді.
Атап айтқанда, Үкімет аз ұлттарға әртүрлі жеңілдіктер береді. Мысалы, студенттерге оқу гранттары, тұрғындарға арзан баспана, кәсіп ашуға көмек. Кейде дүкен не үй алатындарға жеңілдетілген несие немесе тіпті ақысыз көмек те көрсетіледі. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жыл сайын қаржылай жәрдем беріледі.
Сонымен қатар адамның жағдайына қарай жәрдемақы да белгіленеді. Мысалы, табысы аз отбасыларға 300–600 юань көлемінде жәрдемақы беріледі. Кейбіреулерге үй тегін немесе төмен бағамен беріледі. Мұның бәрі тіркелген құжат пен әлеуметтік жағдайға қарай шешіледі.
– Оқу, жұмыс мәселесінде қазақтарға қандай мүмкіндік бар?
– Егер оқуда жақсы нәтиже көрсетсең, тегін немесе жеңілдікпен оқуға болады. Негізі этникалық топтарға арналған қосымша балл беріледі. Яғни, бәсекеге тең мүмкіндік жасалған. Университет бітірген соң, мамандығыңа қарай жұмыс табу қиын емес.

– Зейнетақы жүйесі туралы да айтып өтсеңіз.
– Бізде зейнетке екі жолмен шығуға болады: бірі – жасқа қарай (әйелдер 60-та, ерлер 65-те), екіншісі – еңбек өтіліне байланысты (мысалы, 30 жыл істеген адам шыға алады). Зейнетақы көлемі қызмет дәрежесіне қарай шамамен 4–10 мың юань аралығында.
– Жалпы өмір сүру деңгейі қандай?
– Құлжада өмір сүру қолайлы. Қала таза, қауіпсіз, тыныш. Техника дамыған, көлік қатынасы ыңғайлы. Кешке жұмыстан кейін достармен шай ішуге, серуендеуге болады. Қалада демалатын жер көп.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Демалыс күндері көбіне жайлауға шығамыз. Жайлаудағы қазақ үйлерінде қонақтап, табиғатта демалған ұнайды. Кейде достармен кездесіп, шайханаға барамыз. Ал жазда Іле өзенінің бойына саяхаттаймыз.

– Құлжаға келген адам қандай жерлерді көруі керек деп ойлайсыз?
– Іле облысында он бір аудан бар, әрқайсының өз ерекшелігі бар. Мысалы, Моңғолкүре – жылқыларымен танымал, ал Нылқы ауданы – ара шаруашылығымен. Нарат жайлауының табиғаты керемет. Қарағайлы таулары көздің жауын алады. Соңғы жылдары туризм жақсы дамып келеді, демалуға барлық жағдай жасалған.
– Қазақ мектептері мен мәдени орталықтар бар ма?
– Қазақ тілінде оқытатын мектептер, домбыра үйрететін орталықтар жұмыс істейді. Мен де кезінде домбыра үйірмесіне қатысқанмын.
– Әйелдердің қоғамдағы рөлі қандай?
– Қазір ерлер мен әйелдер тең дәрежеде жұмыс істейді. Бұрын әйелдер көбінесе үйде қалатын, ал қазір бәрі еңбек етіп, өз кәсібін ашып жүр. Балаларға да білім алуға тең мүмкіндік бар.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Өз мамандығымды одан әрі дамыту. Қазақстанмен мәдени байланыс жобаларына қатысқым келеді. Қорғас арқылы жиі қатынасып тұрамыз, болашақта екі елдің жастарының ынтымағын нығайтатын бастамаларға үлес қосқым келеді.
– Гүлнұр, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын!