«Қытай-Орталық Азия» саммиті: Димаш Құдайберген Сианьда өнер көрсетеді

18 Мамыр 2023, 18:43
1145
Бөлісу:
«Қытай-Орталық Азия» саммиті: Димаш Құдайберген Сианьда өнер көрсетеді
Фото: автордан

Сиань қаласында (ҚХР) Орталық Азияның 5 елінің президентін Қытай басшысы Си Цзиньпин салтанатты түрде қарсы алды. Қазір мемлекет басшыларына арналған концерттік іс-шара өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Концерттік бағдарлама Сиань қаласындағы Тан әулетінің лотос саябағында өтіп жатыр. Онда еліміздің әлемге танымал әншісі Димаш Құдайберген өнер көрсетеді.

Димаш Құдайберген 2017 жылы Қытайда «I am a singer» конкурсына қатысып, Аспан асты елінде танымал болғанын айта кетейік.

Тан әулетінің лотос саябағы Сиань қаласының оңтүстігіндегі Жаңа Цюцзян ауданында орналасқан. Бұл Тан әулетінің ерекше бейнесін жан-жақты көрсететін алғашқы императорлық саябақ және мәдени кешен. Тан әулетінің Лотос саябағы Солтүстік Қытайдағы ең үлкен мәдени саябақ саналады.

Тан әулетінің Лотос саябағына келушілер барабаншылар шоуы, Арыстан биі, акробатикалық қойылым сияқты әртүрлі қойылымдарды тамашалады. Сондай-ақ дәстүрлі қытай операсы стилінде шағын қойылым қойылды. Бұл қойылымдардың барлығы Тан әулетінің Лотос саябағына келушілер үшін тегін.

Келушілер әйгілі мультфильм кейіпкерлері мен түрлі-түсті үлкен шамдарды тамашалады.

17 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға мемлекеттік сапармен келген болатын.

Тоқаев пен Си келіссөздер жүргізіп, бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сонымен қатар Мемлекет басшыларының қатысуымен екі ел 18 құжатқа қол қойды.

Бүгін Президент Қытай компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Орталық Азияның бес елі мен Қытай басшысы 18-19 мамыр күндері «Қытай-Орталық Азия» саммитіне қатысады.

Өзгелердің жаңалығы