Қытай Қазақстан жастарына жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, жаңа энергетика, көлік логистикасы және заманауи ауыл шаруашылығы салаларын меңгеруді ұсынады. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлин Астанада БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналистер Қытайдың қазақстандықтар үшін білім алу, бизнес жүргізу және жаңа бағыттарда ынтымақтастық орнату мүмкіндігіне айналғанын атап өтті. Осыған байланысты елшіден жастарға қай мамандықтарды таңдауға кеңес беретінін сұрады.
Хань Чуньлин мамандық таңдағанда екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму бағыты мен еңбек нарығындағы сұранысты ескеру қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, ең алдымен жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және цифрлық экономика салаларына назар аударған жөн. Қытай бұл бағыттарды белсенді дамытып жатыр, ал Қазақстанмен технологиялық ынтымақтастықты кеңейту білікті мамандарға деген сұранысты арттыруы мүмкін.
Сондай-ақ дипломат жаңа энергетика, пайдалы қазбаларды игеру және материалтану салаларын болашағы бар бағыттардың қатарына қосты. Бұл салалар Қазақстан экономикасы үшін маңызды әрі екі елдің практикалық ынтымақтастығында да басымдыққа ие.
Бұдан бөлек, Хань Чуньлин көлік логистикасы, халықаралық тасымал және трансшекаралық сауда салаларының әлеуетін атап өтті.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасын сапалы бірлесіп жүзеге асыру аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара байланыс нығая түседі. Бұл өз кезегінде аталған салаларда жаңа жұмыс орындары мен екі ел жастарының дамуына қосымша мүмкіндіктер ашады деп сенемін, – деді елші.
Дипломат перспективалы бағыттардың қатарында заманауи ауыл шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау салаларын да атады. Оның пікірінше, бұл бағыттарда екі ел арасындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары. Сонымен қатар олар жаһандық инвестициялар мен «жасыл» даму күн тәртібінде маңызды орын алады.