Қытай азаматы "Қалжат" бекеті арқылы шетел валютасын алып өтпек болған

19 Сәуір 2024, 17:34
286
Бөлісу:
Қытай азаматы "Қалжат" бекеті арқылы шетел валютасын алып өтпек болған
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

2024 жылғы 16 сәуірде «Қалжат» кеден бекетінде ҚХР азаматының 30 мың АҚШ долларын құрайтын шетел валютасын заңсыз алып өту фактісі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Заң бұзушылық Алматы облысының «Қалжат» кеден бекетінің қызметкерлерімен ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметшілерімен бірлескен кедендік жете тексеру барысында анықталған.

Анықталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабының 3-бөлігімен әкімшілік өндіріс қозғалып, 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл бюджет пайдасына өндірілді. Айыппұл төленген соң, шетел азаматына қолма-қол ақшасы қайтарылды.

Егер ЕАЭО кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының немесе жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.

Өзгелердің жаңалығы