Мұхатова электр энергиясы жылыжай өндірісіндегі негізгі шығындардың біріне айналғанын айтады. Өсімдіктердің өсуіне қажетті жарық мөлшерін қамтамасыз ету үшін жылыжайда арнайы шамдар қолданылады. Олардың қуаты 15–18 мың люксқа жетеді. Бұл электр энергиясын көп тұтынуға әкеледі.
Жылыжай директорының сөзінше, 2026 жылғы сәуірден бастап Қазақстан Энергетика министрлігінің 23 ақпандағы бұйрығына сәйкес, рұқсат етілген жалпы қуаты 5 мегаватт және одан жоғары кәсіпорындар электр энергиясының көтерме сауда нарығына міндетті түрде ауыстырылған. Оларға бұрынғы бөлшек сауда арқылы электрмен жабдықтау жүйесін сақтау мүмкіндігі берілмеген.
Осы талапқа байланысты жылыжай кешенінде электр энергиясының құны екі есеге жуық өскен.
2026 жылғы сәуірде біз электр энергиясының бір киловатт-сағатын қосылған құн салығын есептемегенде 31,5 теңгеден сатып алдық. Ал мамыр-маусым айларында баға екі есеге өсіп, 61 теңгеге жетті, – дейді Ақмарал Мұхатова.
Оның айтуынша, бағаның өсуіне электр энергиясының өзі ғана емес, оны сатып алу тәртібінің күрделенуі де әсер еткен. Бұрын кәсіпорын энергиямен жабдықтаушы ұйыммен бір келісімшарт жасаса, қазір бірнеше ұйыммен жеке келісімшарттар жасауға мәжбүр.
Электр энергиясының бағасын алдын ала болжау қиын
Жылыжай өндірісіне тағы бір қиындық туындаған. Көтерме нарықтан электр энергиясын сатып алатын кәсіпорындар алдағы күндері қанша электр энергиясын тұтынатынын алдын ала жоспарлап, төлемін де алдын ала жасауы керек.
Алайда жылыжайдағы өндіріс ауа райына тікелей байланысты. Өсімдіктерге қажетті жарық мөлшері күн сәулесінің түсуіне қарай өзгеріп отырады. Бұрын агрономдар жылыжайға түсетін күн энергиясын өлшейтін датчиктердің көрсеткішіне сүйеніп, қосымша жарықтандыру режимін белгілеген.
Қазір электр энергиясын қанша көлемде тұтынатынымызды алдын ала көрсетуіміз керек. Бірақ алдағы күндердің қаншасы ашық болатынын нақты біле алмаймыз. Ауа райы болжамы да өзгеруі мүмкін. Бұл жұмысымызды айтарлықтай қиындатып отыр, – дейді жылыжай директоры.
Қызанақтың өзіндік құны 1 400 теңгеге дейін өсуі мүмкін
Ақмарал Мұхатованың мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында қызанақтың өзіндік құны килограмына 757 теңге болған. Ал 2027 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1 100–1 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Оның айтуынша, қыс мезгілінде электр энергиясының үлесі өнімнің өндірістік өзіндік құнының 75 пайызына дейін жетуі ықтимал. Бұрын бұл көрсеткіш 35–40 пайыз шамасында болған. Жылыжай директоры мұндай шығын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына айтарлықтай салмақ түсіретінін атап өтті.
Электр энергиясына жұмсалатын шығынның өсуін көрсету үшін ол кәсіпорынның қыркүйек, қазан және желтоқсан айларына қатысты есептерін де келтірді.
Қыркүйекте ауа райы қолайлы болып, күн сәулесі өсімдіктерге жеткілікті болған. Сол айда сатылған өнімнің әр килограмына шаққандағы электр энергиясының шығыны небәрі 9 теңгені құраған. Ал өнімнің орташа сату бағасы 178 теңге болған.
Қазанда электр энергиясының шығыны өнімнің әр килограмына шаққанда 122 теңгеге дейін өскен. Бұл кезде өнімнің сату бағасы 339 теңге болған.
Ал желтоқсанда электр энергиясына жұмсалатын шығын өнімнің әр килограмына 474 теңгеге жетуі мүмкін. Кәсіпорынның алдын ала жоспарында қызанақтың сату бағасы 853 теңге деп көрсетілген.
Егер өнімді 853 теңгеден сатсақ, соның 474 теңгесі тек электр энергиясына жұмсалады. Ал бұдан бөлек, жұмысшылардың жалақысы, газ және өсіру технологиясына кететін шығындар бар. Өсімдіктерді биологиялық әдіспен өсіріп, өнімнің сапасын қамтамасыз ету үшін де қаражат қажет, – дейді Ақмарал Мұхатова.
Оның пікірінше, электр энергиясына жұмсалатын шығынның осындай деңгейге жетуі жылыжай өндірісінің экономикасына кері әсер етеді. Кәсіпорын директоры биыл электр энергиясын сатып алудың көтерме нарығына ауысқаннан кейін осы мәселенің айқын сезіле бастағанын айтты.