Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

16 Маусым 2022, 10:07
3361
Бөлісу:
Қышқала қалашығына қолдау неге аз?
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылының маңайында ХІІ-ХV ғасыр аралығында өмір сүрген Қышқала қалашығы 4 жылдан бері зерттеліп келеді. 

Қалашық Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан. 

Қазіргі таңда қалашықтың аумағында 11 нысан табылып, зерттелу үстінде. 2018 жылдан бастап Қызылорда облыстық бюджет есебінен тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтың жетекшілігіндегі «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы кешенді қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. 

Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

Қышқала қалашығы ХІІ-ХV ғасырда өмір сүрген қала. Бұл қаланың аты жазба деректерде ХІІІ ғасырдан бастап кездеседі. Ал археологтар өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап зерттеген. 2018 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұран» археологиялық экспедициясы зерттеп келеді. Екі жыл мемлекеттік бюджет есебінен зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Мұнан соң ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранты негізінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қалашықтың аумағы 7 гектарды алып жатыр. Бұл аумақты біз «сегіз қырлы медресе» деп атадық. Себебі Орталық Азияда төрт қырлы медреселер ашылды. Бірақ дәл осы Қышқала қалашығындағыдай сегіз қырлы медресе жоқ. Мен мұндай ғимаратты Алтын орда кезеңіндегі мәдениеттен де кездестіргенім жоқ, - дейді профессор Мадияр Елеуов.

Қазақстанда есімі аңызға айналған тұлғалармен байланысты көне қалалар саны аз. Қышқала қалашығы солардің бірі. Бұл қалашықтың құндылығы осында болса керек. 

Қышқала қалашығының атауы «Алпамыс батыр» жырындағы Баршынкент анамыздың атында екенін бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан аңыз адамның атындағы қаланы табу біз үшін маңызды. «Қышқала» деп аталуының себебі мұндағы құрылыстың дені қыштан қаланған. Бірақ бәрі емес. 1867 жылы зерттеуші Петр Лерх келген кезде қаланы «Қышқала» деп атаған. Жергілікті халық та солай атаған, - дейді профессор. 

2018 жылы басталған қазба жұмыстары кезінде қалашықтағы басты нысанның бірі - сегіз қырлы медресе табылған. Медресенің аумағы 28 метрді құрайды. Төртбұрышында мұнаралары мен негізгі және қосалқы қақпасы болған. Мұнда 19 бөлме және ортасында дәріс оқитын үлкен бөлмесі де бар.

Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

Ортасында үлкен бөлмеден тарайтын жатын орындары бар. Әр бөлмеде жуынатын жері болған. Жердің асты құмшауыт болғандықтан су медресенің сыртына шықпайды, жердің астына сіңіп кетіп отырған, - дейді Мадияр Елеуов. 

Профессордың айтуынша, сегіз қырлы медресенің орнын сақтап қалу үшін бір метр қыш кесекпен көтеру қажет. 

Медресені қалпына келтіру үшін бір метр көтеру қажет. Ол үшін 10 мың қыш кесек керек. Былтырғы есеп бойынша бір қыштың бағасы 590 теңге еді. Яғни, 6 млн. теңгеге қыш алып, сегіз қырлы медресені қалпына келтіруге болады. Алайда тарихқа, осы табылған құнды дүниеге жаны ашитын адам әлі табылған жоқ, - дейді профессор. 

Ғасырлар бойы жер қойнауында жатқан тарихи аумақты аршып, түрлі құнды дүниелерді тапқан зерттеуші қазіргі күні атқарылған жұмысқа облыс тарапынан қолдаудың аздығына ашынды. 

Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

Солтүстік өңірлерде мұндай тарихи орындар табылса, әлдеқашан сақадай етіп қояр еді. Өкініштісі, біздің өңірдің оған шамасы жетпей отыр, - дейді ол. 

Осы орайда Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаровтың да өз уәжі бар. Оның айтуынша, Қышқала қалашығы алдын ала тізімге алынған.

Кез келген ескерткішке мәртебе беру үшін сараптама жасалу қажет. Профессор Мадияр Елеуовпен келісім жүргізіп, Қышқалаға сараптама жасалатын болды. Онан соң облыстық комиссияның талқысына салынып, республикалық немесе облыстық маңызы бар ескерткіштер қатарына өткізу барысы анықталатын болады. Жалпы маңызы жоқ ескерткішке қаражат бөлу заңсыз болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта сараптама жасалса, әрі қарай кешенді түрде жұмыс жүргізілетін болады, - дейді Ерғазы Алданазаров.

Қазіргі таңда облыс әкімдігінен 130 ескерткішке сараптама жасатуға қаражат сұралған. Сараптаманы кез келген мекеме жасай алмайды. Аккредитациясы мен ленцензиясы бар мекеме ғана сараптама жасауға құқылы. 

Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

Профессор Мадияр Елеуовтың айтуынша, жазба деректерде 1320 жылы Ерден хан медресе салдырғаны тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, сегіз қырлы медресе Ерден ханның салдырған ғимараты болуы әбден мүмкін. 

Тарихи аумақтың аршылғанына да біршама уақыт болды. Медресенің жатын бөлмелеріндегі жуынатын аумақтарын тарихшылар өз қолдарымен бітеп кеткен болатын. Алайда адамдар осында кіріп, жабылған аумақтарды бұзған, оған қоса, жуынатын жердегі ойықтарға түсіп кеткен, - дейді Мадияр Елеуов. 

Профессор Қышқала қалашағы жайында Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовпен кездесу барысында айтқан. 

Менің арманым осы қалашықты адамдар келіп көрсе, археологиялық бағыттағы туризмнің құндылығы артар еді. Бір адам мақтап келсе, бұл орынға келушілер қатары көбейеді. Ал біреу даттап кетсе, келушілердің де саны азаяды. Осы орайда Жаңақорған ауданындағы Сығанақ, Шиелі ауданында 5 шақырымға созылып жатқан «Сауысқандық» шатқалында 10 мың сурет бар. Алдын ала ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Петроглиф жазбалары қалдырылған тастарға суреттер салып, жазу жазылған. Сол шатқал қазіргі таңда қараусыз жатыр, - дейді тарих ғылымдарының докторы.

Мадияр Елеуов бұған дейін «Қызылорда облысының жеті кереметі» атауымен кітап шығару жобасын да ұсынған. Алайда оған қолдау білдірер жан таппаған. 

Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

Сауысқандық петроглифтері, Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент қалашықтары, Қорқыт ата кесенесі мен Байқоңыр туралы кітап шығару жобасын Руслан Рүстемұлына қайта ұсындық. Басқарма басшысы жобаның есебін шығаруды тапсырды. Оны әкімдікке ұсынатынын айтты, - дейді профессор. 

Жоғарыда айтып өткендей, Қышқала қалашығында 11 нысан аршылған. Солардың бірі - қыш күйдіретін пеш. Бұл сегіз қырлы медресе салынғанға дейін бой көтерген. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары толық аяқталған. 

Қазіргі уақытта тарихи ескерткіш Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің тапсырмасына орай толықтай сыланып, көмілген. Кез келген уақытта қайта ашылып, қайта қалпына келтіруге болады, - дейді Мадияр Елеуов.

Бұл нысаннан әрі Қышқала тұрғындарының қорымы табылған. Профессор Мадияр Елеуовтың айтуынша, мұнда алғашқы және кейін керленген адамдардың мүрделері табылған. Зерттеу жұмыстары кезінде ХІІІ ғасырдың ер адамы екені де анықталған. Сонымен қатар шырақшының баспанасы да табылып, оның тұрғын жайы да зерттелген.

Қалашықтағы қазба зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Архат Молдахмет 2019 жылдан бері зерттеу жұмысы жүргізіліп келе жатқан кезекті нысанның әлі де қандай құрылыс екені анықталмағанын жеткізді.

2019 жылы мұнда археологиялық методика бойынша қаланың жасын, қандай дүниелер бар екенін анықтау мақсатында стратиграфиялық кесік салынды. 2020 жылы 15-те 12 көлемінде қазба салып, нәтижесінде ошағы бар, екі мұнаралы үлкен құрылыс кешенін аша бастадық. Нысанда құдықтың орны бар. Іші шегенделген. Биылғы жылдан бастап бұл қазба жұмысын кеңейтудеміз. Жоғарғы жақта тағы да құрылыстың іздері анықталып келеді, - дейді Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Архат Молдахмет.

Әзірге мұның қандай құрылыс екені анықталмаған. Қазба жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатқандықтан мұнда қандай ғимарат болғанын дөп басып айту қиын.

Қалашықтағы келесі нысан сол уақыттағы адамдардың баспаналары болды. Қазіргі таңда мұнда XIV-XV ғасырдағы тұрғын үйдің ішкі құрылысы зерттеліп жатыр. 

Қышқала қалашығына қолдау неге аз?

Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың жетекші қызметкері Төкей Талиевтің айтуынша, үйдің ішін жылытатын пештің қалдығы табылған. Бұл баспаналарды еден арқылы жылыту әдісі қолданылған. 

Бұл төңіректе қаланың қарапайым тұрғындары мекен еткен. Бұл жер жоғарғы қабатта орналасқан. Яғни, қаланың ең соңғы адамдары тұрған беті болып есептеледі. ашылған үйлердің бөлмелерінің астынан осыдан бұрын тұрған адамдардың құрылыс қалдықтары көрініп жатыр. Үйлердің сақталу деңгейі өте нашар. Биылғы жылы үлкен үйдің он бөлмесін аштық. Үйлер негізінен қам кесектен тұрғызылған. Ішінара күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалар да бар. Негізінен қала тұрғындарына байланысты жақсы мәліметтер беріліп жатыр. Мұнда ас пісіретін бөлме, жатын орындар қатарласып орналасқан. Бұл үйлерде археологияда «ташнау» деп аталатын қол жууға арналған орындар бар. Оның бас жағында ошақ бар. Мұның барлығы сыпа, яғни үй ішіндегі сәкіде орналасқан, - дейді Төкей Талиев.

Байқағанымыздай, бұл нысанда екі тұрғын үй зерттелу үстінде. Сонымен қатар бұл тұрғын үйлерде тандыр ошақ бүтін сақталған.

Қышқала қалашығындағы зерттеліп жатқан нысандарды аралау барысында профессор Мадияр Елеуовтың арнайы шақыртуымен Италия мен Белгиядан ғалымдар Салье Ренато және Джон Мак Дион келді. Олар қалашықты сумен жабдықтау жүйесін зерттейтін болады. 

Тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовтың айтуынша, бұл қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша бірнеше мақала жарияланған. Тіпті шетелдік басылымдарда да жарық көрген мақалалар бар. Алдағы уақытта Қышқала қалашығына арналған кітап та жарық көрмек. 

1276-77 жылдары ғұлама Жамал Кашри Қышқалаға келген. Сол өз жазбаларында Сырдың бойындағы ғұламалардан білім алғанын айтады. Соның ішінде Қышқаладан шыққан Ыршынғали деген кісіден білім алып, өз қолымен білім алғандығым жөнінде қағаз жазып берді деп жазады. Демек, бұл қала өркениеттің өзегі болған. Мұнда ғұламалар, ұсталар, шеберлер мекен еткен. Бұл маңда діни орталық, ғылыми орталық болуы әбден мүмкін, - дейді Мадияр Елеуов. 

Айта кетейік, қазіргі таңда аймақта облыстық бюджет есебінен үш қазба жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы грантын ұтып алған зерттеу мекемелері де Сығанақ, Жанкент, Қышқала қалашықтары мен Бәбіш мола кешенінде қазба жұмыстарын жүргізуде. 

Өзгелердің жаңалығы