- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қыркүйекте Қазақстандағы инфляция 9%-ға дейін баяулауы мүмкін
Қыркүйекте Қазақстандағы инфляция 9%-ға дейін баяулауы мүмкін
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
1 Қазан 2026, 12:51
Қазақстанда қыркүйек айында жылдық инфляция 9,1-9,4%-ға дейін баяулауы ықтимал. Бұған азық-түлік бағасының маусымдық арзандауы, теңгенің нығаюы және ақша-кредит саясатының қатаң күйінде сақталуы әсер етеді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) шолуында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қауымдастықтың болжамынша, қыркүйекте айлық инфляция 0,5-0,7% болуы мүмкін. Ал жылдық көрсеткіш тамыздағы 9,8%-дан 9,1–9,4%-ға дейін төмендеуі ықтимал.
Бағаның өсуін тежеуге азық-түліктің маусымдық арзандауы мен теңгенің нығаюы ықпал етіп отыр. Дегенмен коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауы, сондай-ақ ішкі нарықтағы баға қысымының сақталуы инфляцияның одан әрі жылдам төмендеуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Валюта нарығы
Қауымдастықтың мәліметінше, сәрсенбі күнгі сауда қорытындысында АҚШ долларының бағамы 1,22 теңгеге өсіп, 440,49 теңгеге жетті. Сауда көлемі 365,1 млн долларды құрап, алдыңғы көрсеткіштен 39,7 млн долларға азайды.
Бұл ретте сыртқы нарықтағы жағдай теңге үшін қолайлы болды. Мұнай бағасының өсуімен қатар доллар индексі төмендеген. Осыған қарамастан, теңге әлсіреді. Бұл валюта бағамының өзгеруіне ішкі факторлар көбірек әсер еткенін көрсетеді.
Теңгенің әлсіреуіне компаниялардың импорттық келісімшарттар бойынша есеп айырысу және сыртқы міндеттемелерін өтеу үшін шетел валютасына сұранысты арттыруы себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ағымдағы шоты 2,4 млрд доллар профицитпен қалыптасты. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде 3,6 млрд доллар тапшылық тіркелген еді. Мұндай оң өзгеріске тауар экспортының 27,1%-ға өсуі, ал импорттың 6,2%-ға ғана артуы ықпал еткен.
Ақша нарығы
Салық кезеңі аяқталғаннан кейін өтімділік профициті қысқарғанына қарамастан, ақша нарығындағы мөлшерлемелер төмендеді.
Атап айтқанда, TONIA мөлшерлемесі 16,12%-дан 16,06%-ға, ал SWAP-1D көрсеткіші 10,70%-дан 9,47%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық банктің депозиттік аукционында сұраныс екі есе қысқарып, 535,6 млрд теңгені құрады. Аукционға қатысушылардың барлық өтінімі 16,25% мөлшерлемемен толық қанағаттандырылды. Ал Ұлттық банктің операциялары бойынша ашық позиция шамамен 7,7 трлн теңгеге дейін азайды.
Қор нарығы
Сәрсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша KASE индексі 0,10%-ға өсіп, 7 795,4 пунктке жетті. Сауда көлемі 10,5%-ға артып, 813,1 млн теңгені құрады. Бұл нарық қатысушылары белсенділігінің біршама жанданғанын көрсетуі мүмкін.
Индекстің өсуіне «ҚазТрансОйл» акцияларының 2,7%-ға, Банк ЦентрКредит бағалы қағаздарының 1,3%-ға және Air Astana акцияларының 1%-ға қымбаттауы қолдау көрсетті. Қауымдастық мұны нарық қатысушылары үшін қолайлы баға деңгейімен байланыстырады.
Ал «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 2,1%-ға арзандады. Бұған инвесторлардың бұрынғы өсімнен түскен табысын тіркеп, бағалы қағаздарын сатуы себеп болған.
Мұнай нарығы
Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,9%-ға өсіп, барреліне 98 долларға дейін қалпына келді. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздердің тоқырауы және АҚШ-тың жанармай нарығындағы шиеленіс әсер етті.
Сәрсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы санкцияларды жеңілдетуге дайын екені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Сонымен қатар ол қарашада өтетін аралық сайлау қарсаңында ішкі нарықтағы бағаны төмендету мақсатында дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Өткен аптада АҚШ-тағы шикі мұнай қоры 922 мың баррельге артып, 427,3 млн баррельге жетті. Сарапшылар қор көлемі 264 мың баррельге азаяды деп болжаған еді.
Ал бензин қоры 1,7 млн баррельге қысқарып, 204,4 млн баррельді құрады. Дизель және пеш отынын қамтитын дистилляттар қоры да 2,3 млн баррельге азайып, 105,2 млн баррельге дейін төмендеді. Бұл мұнай өнімдеріне сұраныстың әлі де жоғары екенін аңғартады.
Тәуекелді активтер
АҚШ қор нарығындағы негізгі индекстер сауда қорытындысында әртүрлі бағытта өзгеріп, олардың өсімі мен төмендеуі -0,3%-дан +0,9%-ға дейінгі аралықта болды.
Күтілгеннен төмен инфляция көрсеткіштері АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) базалық мөлшерлемені қосымша көтеру ықтималдығын азайтты. Тамызда жеке тұтыну шығыстары бағасының индексі (PCE) жылдық мәнде 3,4%-ға өсті. Сарапшылар оның 3,7% болады деп болжаған еді. Ал базалық инфляция көрсеткіші 3%-ға дейін баяулады.
Сонымен қатар АҚШ-тың 2026 жылғы екінші тоқсандағы жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімі 2,2%-ға дейін қайта қаралды. Бұл елдегі экономикалық белсенділіктің тұрақты екенін көрсетті.
Инфляцияның баяулауы мен экономикалық өсімнің сақталуы акциялар нарығын қолдағанымен, ұзақ мерзімді пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы бұл әсерді шектеп отыр. Сондықтан қор нарығының алдағы қозғалысы ФРЖ мөлшерлемесінің өзгеруіне ғана емес, АҚШ-тың ұзақ мерзімді мемлекеттік облигацияларының кірістілігі төмендей бастайтынына да байланысты болмақ.
Бүгін инвесторлар АҚШ-тағы жұмыссыздық бойынша алғашқы өтінімдер саны мен іскерлік белсенділік туралы деректердің жариялануын бақылайды.
Қорғаныш активтері
Алтын бағасы 0,2%-ға өсіп, троя унциясы 4 186 долларға жетті. Бағаның өсуіне АҚШ-тағы инфляция көрсеткіштерінің күтілгеннен төмен болуы және геосаяси шиеленістің сақталуы қолдау көрсетті.
Сонымен қатар АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 5,29%-ға дейін, ал доллар индексі 0,1%-ға өсіп, 101,5 пунктке жетті.
Облигациялар кірістілігі мен доллар индексінің өсуіне қарамастан, алтын бағасының нығаюы инвесторлардың қорғаныш активтеріне сұранысы сақталғанын көрсетеді. Қауымдастықтың бағалауынша, қазір алтынға деген сұранысқа ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты күтулермен қатар геосаяси тәуекелдер де әсер етіп отыр.
Ең оқылған:
- Бортта 174 адам болған: Дубайдан ұшқан ұшақ «басып алу» дабылынан кейін радардан жоғалып кетті
- Инновация бойынша – 73-орын, AI дағдылары бойынша – 55-орын: Қазақстан әлемдік рейтингтерде қалай көрінді
- Ресей Тоқаевтың Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы ұсынысына жауап берді
- Сингапурда бойдақ мемлекеттік қызметкерлерге арналған танысу сервисі сынақтан өтуде
- Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түсті: Азия ойындарындағы күн қорытындысы