Қылмысты иіспен табатын серіктер: Кинологтар қалай жұмыс істейді?

22 Қыркүйек 2026, 17:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 22 Қыркүйек 2026, 17:51
22 Қыркүйек 2026, 17:51
90
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Астана қаласы Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының инспекторы, полиция аға лейтенанты Сәкен Балғабаев қызметтік иттер қалай үйретілетінін, кинолог пен ит арасындағы байланыстың маңызын және бұл мамандықтың ерекшелігін BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Сәкен Балғабаевтың кинолог мамандығын таңдауына бала кезден жануарларға жақын болуы әсер еткен. Оның айтуынша, ауылда өскендіктен итпен де, жылқымен де, төрт түлікпен де етене араласқан.

 Итке бала кезден жақын болдым. Ауылда өстік, ит те, жылқы да, мал да болды. Сондықтан осы мамандықты таңдадым, – дейді ол.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Кинологтың жұмыс күні таңғы сағат 08:30-да басталады. Алдымен кезекшілік қабылданып, кейін қызметкер өзіне бекітілген иттің жағдайын тексереді.

Кинологтың міндеті итті үйретумен ғана шектелмейді. Қызметкерлер бұқаралық іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады, сондай-ақ жедел шақыртуларға шығады.

Сәкен Балғабаев Арыс атты қызметтік итпен бірге жұмыс істейді. Арыс қазір екі жаста. Кинолог оны бір айлық күшік кезінде алған.

Біз есірткі заттарын іздеу бағыты бойынша жұмыс істейміз. Итті өзім таңдадым. Оның ойынға деген қабілетіне, белсенділігіне қарадым. Алғашқы дағдыларды үйретуге шамамен екі ай уақыт кетті, – дейді инспектор.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Оның сөзінше, қызметтік иттерді үйретудің бірнеше әдісі бар. Соның бірі – ойын арқылы ынталандыру. Кинолог Арысты дәл осы тәсілмен үйреткен.

Алдымен ит көлікке мінуге, адамдар көп ортаға, әртүрлі жағдайға бейімделеді. Кейін белгілі бір иісті ажыратуға жаттықтырылады.

Арнайы иіс имитаторлары пайдаланылады. Ит қажетті иісті тапқан кезде оған сыйлық ретінде доп немесе сүйікті ойыншығы беріледі. Осылайша ол іздеу жұмысын ойынмен байланыстырады, – дейді Сәкен Балғабаев.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Кинолог қоғам арасында қызметтік иттерді есірткі арқылы үйретеді деген қате түсінік бар екенін де айтты.

Итке ешқандай есірткі берілмейді. Бұл – қате түсінік. Біз арнайы қауіпсіз иіс имитаторларын қолданамыз. Ит сол иісті тапқан кезде доппен немесе ойыншықпен марапатталады, – деп түсіндірді ол.

Қазір Астана қаласының Кинологиялық қызмет орталығында 30-дан астам кинолог және 50-ге жуық қызметтік ит бар. Әр қызметкерге бір немесе екі ит бекітіледі.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Сәкен Балғабаевтың айтуынша, қызметтік ит пен кинолог арасындағы байланыс жұмыс нәтижесіне тікелей әсер етеді.

Ит кинологтың көңіл күйін сезеді. Егер кинологтың көңіл күйі болмаса, иттің де жұмысы нашарлауы мүмкін. Сондықтан итпен жақсы байланыс орнату өте маңызды, – дейді ол.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Жаңа кинологқа үйрену үшін итпен күнделікті уақыт өткізу қажет. Оған тамақ беру, бірге ойнау және жаттығу арқылы байланыс қалыптасады. Әдетте бұл процеске бір-екі апта кетеді.

Инспектордың айтуынша, кинолог болғысы келетін адамға ең алдымен жануарға деген қызығушылық, шыдамдылық пен жауапкершілік керек.

Кез келген адам кинолог бола алмайды деп ойлаймын. Итті жақсы көрумен қатар, мінез бен төзім керек. Адам мен ит арасында сенім болмаса, нәтиже де болмайды, – дейді Сәкен Балғабаев.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Қызметтік иттер орта есеппен сегіз жылға дейін жұмыс істейді. Денсаулығы мен қабілеті жақсы болса, қызмет мерзімі он жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Кинологтар жылдар бойы бірге жұмыс істеген серігін қызметтен кеткеннен кейін де тастап кетпеуге тырысады.

Сегіз-он жыл бірге жүрген итке бауыр басып қаласың. Сондықтан мүмкіндік болса, үйге алып кетеміз. Ал ондай мүмкіндік болмаса, жақсы қарайтын туысқа, танысқа немесе сенімді адамға береміз, – дейді ол.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Сәкен Балғабаев кинолог мамандығын ерекше қызмет санайтынын айтады.

Иттермен жұмыс істеген маған ұнайды. Өзім бұл жұмыстан ләззат аламын. Кинолог – ерекше мамандық. Осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, – деді полиция аға лейтенанты.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

 

Наверх