Құжатсыз құл, саудаға түскен сәби, «тірі тауар». Елде адам саудасы азаймай тұр

25 Сәуір 2023, 23:18
1362
Бөлісу:
Құжатсыз құл, саудаға түскен сәби, «тірі тауар». Елде адам саудасы азаймай тұр
Фото: egemen.kz

Елде адам саудасы қызып тұр. Жыл сайын жүзге жуық ел тұрғыны адам саудасының құрбанына айналады. Бұл мәселеге халықаралық ұйымдар да алаңдаушылық білдіріп отыр. Онымен күресті күшейту үшін USAID ұйымы Астана әуежайында адам саудасының ықтимал құрбандарын анықтау бойынша дәріс өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба аясында 100 әуежай қызметкері тыңғылықты дайындықтан өтті. Адам саудасы – әлемдегі басты проблеманың бірі. Халықаралық сапарлардың 80%-ға жуығы ресми шекаралық бақылау пункттері, соның ішінде әуежай арқылы өтеді. Сондықтан да әуе қызметкерлерінің бұл қылмысты анықтай алуы өте маңызды.

Адам саудасының ықтимал құрбандарын тани білу(профайлинг дейміз), ол кісілердің психологиялық портретін түсіне білу, қандай қиын жағдайға түседі және ол кісілерге қалай көмек көрсету керек, оларды қорғау сияқты әр түрлі қызықты тақырыптар өтеді. Практикалық кейстар болады. Себебі, бұл үлкен қылмысты шешу деп барлығымыздың рөліміз өте маңызды, - дейді «Қауіпсіз көші-қон» жобасының Қазақстандағы жетекшісі Альбина Тортбаева.

Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша қазіргі таңда 50 миллион адам құлдықта жүр. Соның ішінде 30 милионға жуығы еңбек құлдығының құрбандары. Зардап шеккендердің сексен пайызы әйелдер.

Өкінішке қарай, Қазақстанда қандай да бір хаттама әзірше әзірленбеді. Алайда, өткізіліп жатқан тренинг бұл мәселені жаңартады деген ойдамын. Біз өз тарапымыздан авиа компанияларға, әуежайларға жасаған роликтерді, брашюраларымызды және баннерлерімізді беруге дайынбыз, - дейді әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының директоры Нина Балабаева.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасы проблемасының өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу және кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін күшейту қажеттігін VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында атап өтті. Оны әзірлеуге отандық сарапшылар және заңгерлермен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдерін де тарту керектігін айтқан.

Құжатсыз құл, саудаға түскен сәби, «тірі тауар»

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда бұл үш категорияда да орын алған оқиғалар тіркелген. Шаруа қожалықтарында ақысыз, пұлсыз еңбек етіп жүргендер, түрлі сылтаумен сәбиін саудалаған әйелдер, біліп-білмей шетел асып тән саудасында құлдыққа түскен қыз-келіншектер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер бар.

«Егемен Қазақстан» газетінде келтірілген мәліметте, еліміздегі адам саудасына қатысты қылмыстар көбіне жезөкшелік, притондарды ұйымдастыру және ұстау, «жеңгетайлыққа» байланысты. Жезөкшелікке салынған қыздардың орташа жасы – 18-25 жас аралығында. Отандастарымыз көбіне Бахрейн, Түркия және БАӘ елдерінде от басады екен. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда жезөкшелік деректері жиі тіркелетіндігі жазылған.

Естеріңізде болса, 2016-2020 жылдар аралығында қыздарды Бахрейн Корольдігіне жезөкшелікке тартумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ былтыр құрықталған еді. Қа­зақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған топтың құрамында 19 адам болған. Ал жәбірленуші ретінде 39 нәзік жан танылды. Олар – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Белгілі болғандай, 6 әйел қылмыскерлерден қашып кеткенімен, елге орала алмаған. Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері бірле­се отырып, отандастарымызды Бах­рейн, Түркия және Біріккен Араб Әмір­ліктерінен елге қайтарған.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбанының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар.

Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты.

Өзгелердің жаңалығы