Құтқарушылар отбасы. Басты мақсатымыз азаматтарды қауіп-қатерден сақтау

Бүгiн, 14:29
200
Бөлісу:
Құтқарушылар отбасы. Басты мақсатымыз азаматтарды қауіп-қатерден сақтау
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ақтөбелік Сапаровтар отбасында ерлі-зайыптылардың екеуі де азаматтық қорғаныс саласында көп жылдан бері қызмет етіп келеді. Облыс тұрғындарын қауіп-қатерден құтқарып жүрген Сапаровтардың отбасы көпке үлгі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отағасы Ақтөбе қаласындағы №4 өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Есімжан Сапаровтың бұл салада қызмет етіп жүргеніне он жылдан асқан. Ол бөлімге шақырту түскен бойда бірінші болып барлау жұмысын жүргізеді, өзге құтқарушылармен бірге адамдарды құтқарады. Ал келіншегі Айдана Сапарова осы бөлімде радиотелефонист болып жұмыс істейді. Оның бұл салада еңбек еткеніне 14 жыл болған.

Құтқарушылар отбасы. Басты мақсатымыз азаматтарды қауіп-қатерден сақтау

Жолдасым екеуміз бір салада қызмет етіп жүріп, отбасы болдық. Бүгінде Азиза есімді қызымыз бар. Отбасында үлкен әжеміз, ата-анамызбен тұрамыз. Осындай қиын салада еңбек ету — біз үшін үлкен абырой. Біздің бұл мамандықты таңдаудағы басты мақсатымыз азаматтарды қауіп-қатерден сақтау, қиын жағдайда түскен адамдарға көмектесу, — дейді Айдана.

Ол — Қызылорда қаласының тумасы. 2010 жылы Ақтөбе қаласына келіп, аталған бөлімге жұмысқа орналасқан. Қазір Айдана — азаматтық қорғау сержанты. Бұған дейін «Мінсіз қызметі үшін» медалін алған.

Менің міндетім — тұрғындардан хабарлама қабылдап, құтқарушыларды шақырту орнына жіберу, оқиғаның мән-жайын анықтау. Негізі қоңырау қабылдап, жауап беру уақыты бір минуттан аспайды. Мәселен, бөлімге бір өрт туралы онға жуық қоңырау түсуі мүмкін. Сондықтан біз осы уақыт ішінде көшелердің атауы мен орналасқан жерін, әлеуметтік маңызы бар нысандарды, тұрғын үйлердің неше қабат екенін, пәтердің нөмірін, өрт басталған уақытын — барлығын есте сақтауымыз қажет, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы