Құс тұмауы: СҚО-да құс фабрикалары қатаң карантинге жабылды

11 Қыркүйек 2020, 04:53
1935
Бөлісу:
Құс тұмауы: СҚО-да құс фабрикалары қатаң карантинге жабылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіпорындар кіріп-шыққан барлық техниканы залалсыздандырып, құстарға вакцинация жасауды бастап кетті. Бұған шекаралас жатқан Ресейде құс тұмауының өршуі себеп болған.

«Астана» арнасының хабарлауынша, дерт шыққан тамыз айынан бері 12 мыңнан астам үй құсы кеселге шалдығып, 13 аудан карантинге жабылыпты. Тіпті, алып «Иртыш» құс фабрикасына да тұмау тарап, кәсіпорын 1,5 миллион бас тауықты қырып тастаған. Ал шаруашылықты жабуға мәжбүр болған. Жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпорын ресми мәлімдеме жасады. Оны естіген петропавлдық құс фабрикалары сақтық шараларын күшейтті. Олар қанаттылардың тұмауына қарсы екпе жасауда.

Фабрикаға кіріп-шығуға тыйым салынған. Барлық техника мен нысандар залалсыздандырылады. Бізде 500 мыңға жуық тауық бар. Бүкіл құстарға індетке қарсы вакцина жасалып жатыр. Тұмауға қарсы шараларға биыл 20 миллион теңге жұмсалды. Бұл – былтырғы жылдан 4 есе көп, - дейді құс фабрикасының технологы Александр Чесноков.

Өңірдегі ветеринарлар қауіптің бар екенін жасырмайды. Өйткені, қазір жабайы құстардың күзгі миграциясы жүріп жатыр. Осыған сай бірқатар шектеулер енгізілген. Өңірдегі 5 миллионнан астам үй құсын тұмаудан қорғау шаралары қолға алыныпты.

Құс пен құс өнімдерінің импортына уақытша шектеу енгізілді. Біз құс фабрикаларының өкілдерімен жиналыс өткізіп, бірқатар кеңес бердік. Мәселен, құсты жабық жерде ұстау, жабайы құстарды үркітетін қосымша техника сатып алу қажет. Ал жеке шаруашылықтарға үй құсын көлге шығармай, үйдің ауласында ғана ұстау керек деген нұсқау берілді, - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы рет құс тұмауы эпизоотиясы 2005 жылы болған. Ол кезде індет 3 ауданға тарап, ондаған мың құстың көзін жойған.

Өзгелердің жаңалығы