Құс тұмауы: Павлодар облысында жабайы құстардың қырылуы тіркелген жоқ

6 Қазан 2020, 16:05
3031
Бөлісу:
Құс тұмауы: Павлодар облысында жабайы құстардың қырылуы тіркелген жоқ
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жабайы құстардың жаппай қырылуы тіркелген жоқ. Бұған арнайы рейдтік шараларды күшейтуге кіріскен сала мамандары көз жеткізді. Қазіргі уақытта жануарлар әлемі және орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандары өзен-көлдерді бақылауда. 

Жалпы, Павлодар облысында жабайы құстардың 20-ға жуық түрі тіршілік етеді. Басым бөлігі күзгі көші-қон кезінде пана тауып жатады. Мамандар аймақта құс тұмауы тіркелген соң рейдтік шараларға шыға бастады. Құс өлекселері табылса, дереу шара қолданады. 

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Владимир Перескоковтың айтуынша, әзірге жабайы қанаттылардың өлімі тіркелген жоқ. Павлодар қаласының ішінде де құстардың қырылуы анықталмады. 

Су тоғандарына ұшып келген құстар індет жұқтырмады деуге болады. Мәселен, облыс орталығының айналасында 20-ға жуық шағын көл бар. Құстардың мінез-құлқында аутықушылықтарды байқаған жоқпыз. Яғни, алаңдауға негіз жоқ. Жыл сайын қайталанады, - дейді маман. 

Бүгінде облыста 38 аңшылық шаруашылығы бар. Әрқайсысының иелігіне 5 көлден бекітілген. Дәл осы су айдындарында жабайы құстарды аулауға рұқсат бар. Өңірде құс тұмауы тіркелген соң қанаттыларды атуға рұқсат беру уақытша тоқтатылды. 

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы Арман Мұқатаевтың айтуынша, аймақта аңшылық маусымы бір ай бұрын басталды. Алғашқы күндері аңшыларға 500 рұқсатқағаз берілсе, бүгінде олардың саны күрт азайды. Себебі, азаматтар құс тұмауынан қауіптенеді. 

Жабайы құстардың бірнеше түрін аулауға ресми түрде рұқсат бар. Бірақ, құс тұмауын алдын алу үшін рұқсат беруді тоқтаттық. Бұл - маңызды шаралардың бірі. Павлодар облысының аумағында сүтқоректілердің 20 түрі және құстардың 60 түрі мекендейді. Сүтқоректілердің 10 түрі және құстардың 8 түрі аң аулау объектілері болып табылады. Өңірдің аңшылық алқаптарының жалпы аумағы 9,8 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 6 аңшылық пайдаланушыға 33 аңшылық шаруашылығы бекітілген, олардың ауданы 8,5 млн гектарды құрайды, - дейді Арман Мұқатаев. 

Сала мамандары, аңшылық маусымы кезеңіндегі заңбұзушылықтарға жол бермеуге тырысады. Өткен жылы 491 аңшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 42 адамға қатысты шара қолданылды. Нәтижесінде 7 млн теңгеден астам айыппұл салынып, табиғатқа 3 млн теңге көлемінде зиян келді.

Өзгелердің жаңалығы