- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Құрық портына 1 млрд доллар: Қазақстан одан не ұтады?
Құрық портына 1 млрд доллар: Қазақстан одан не ұтады?
31 Қазан 2026, 16:30
«Бәйтерек» холдингі Құрық портын дамытудың алғашқы кезеңі аясында көпфункционалды терминал салу жөнінде Қытайдың Guoyou Materials Group компаниясымен меморандумға қол қойды. Жобаның құны – 1 млрд доллар. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, көлік-логистика саласынан түсетін табысты көбейтуге де мүмкіндік береді. Толығырақ BAQ.KZ материалында.
Шымкентте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Kazakhstan Global Investment Roundtable 2026 (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рүстам Қарағойшин бастаған делегация қатысты.
Форум аясында холдинг Қытайдың Guoyou Materials Group компаниясымен құны 1 млрд доллар болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды. Құжатқа Рүстам Қарағойшин мен Guoyou Materials Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян қол қойған.
Меморандум Құрық портын дамытудың бірінші кезеңі аясында көпфункционалды терминал салу жөніндегі ынтымақтастықты көздейді. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 15 млн тонна жүк өткізуге қауқарлы терминал салу жоспарланған. Кейін оның қуатын одан әрі арттыру мүмкіндігі қарастырылған.
Холдинг еншілес ұйымдарының құралдарын пайдалана отырып, жобаны кешенді қолдау мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Жаңа порт инфрақұрылымы Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, отандық экспорттаушылардың шетелдік нарықтарға шығуына жол ашуы мүмкін.
BAQ.KZ редакциясы жобаның мән-жайы мен оны қолдау тетіктеріне қатысты «Бәйтерек» холдингіне сауал жолдады. Алайда холдинг әзірге меморандумға қатысты пікір білдірмеді.
Ал экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, Құрық портындағы жобаны тек көлік инфрақұрылымын кеңейту деп қарастыруға болмайды. Бұл – Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық инвестиция.
Құрық порты Қазақстанға қандай мүмкіндік береді?
Экономистің айтуынша, Қазақстан үшін ең маңыздысы – Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын транзитпен өткізу ғана емес, сол логистикалық қызметтің ішінде қосымша экономикалық құндылық қалыптастыру.
Құрық порты – Қазақстанның Каспий теңізі арқылы халықаралық нарыққа шығатын маңызды бағыттарының бірі. Оның өткізу мүмкіндігі еліміздің теңіз көлігі инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретіні белгілі. Жалпы, жылына 15 миллион тонна жүк өткізуге есептелген алты ірі терминал іске қосылса, Қазақстанның экспорттық және транзиттік мүмкіндіктері кеңейеді. Әсіресе Қытайдан келетін жүктерді Каспий арқылы Әзербайжанға, одан әрі Грузия, Түркия мен Еуропа бағыттарына жеткізуге қосымша мүмкіндік туады, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Оның сөзінше, жобаның экономикаға берер пайдасын бірнеше бағыттан көруге болады.
Біріншісі – бюджет түсімі. Яғни порт қызметі, жүктерді сақтау және тасымалдау арқылы түсетін кірістер көбейеді. Екіншісі – жаңа жұмыс орындары. Бұл құрылыс кезеңінде де, терминал пайдалануға берілгеннен кейін де жаңа жұмыс орындарының ашылуын білдіреді. Үшіншісі – экспорттық әлеует. Яғни отандық өндірушілердің халықаралық нарыққа шығуы жеңілдейді. Одан кейін шағын және орта бизнестің дамуын айтуға болады. Бұл ретте көлік, қойма, кедендік рәсімдеу, жөндеу және сервистік қызметтерді дамытуға мүмкіндік туады.Соңғысы – инвестициялық тартымдылық. Яғни Маңғыстау облысында жаңа өндірістік және логистикалық жобаларды инвестициялауға жағдай жасалады, – дейді экономист.
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, жобаның ең маңызды экономикалық нәтижесі – Қазақстанның шикізат экспорттайтын ел ғана емес, халықаралық сауда мен логистикалық қызметтерден де тұрақты табыс табатын мемлекетке айналуына ықпал етуі.
Транскаспий бағытының әлеуеті арта ма?
Сарапшы Құрық портындағы терминалдың стратегиялық маңызы жоғары екенін айтады. Өйткені бұл бағыт Орталық Азияны Қытаймен, Каспий теңізі арқылы Әзербайжанмен, одан әрі Грузия және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады.
Қазіргі геосаяси жағдайда халықаралық сауда бағыттарын әртараптандырудың маңызы артып отыр. Сондықтан бұл дәліз Қазақстан үшін үлкен мүмкіндікке айналып отыр. Құрық портындағы жаңа терминал осы бағыттың өткізу қабілетін арттырып, жүк тасымалына кететін уақыт пен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Экономист мұның үш маңызды артықшылығын атап өтті.
Біріншісі – тасымал жылдамдығы. Яғни автоматтандырылған терминал, заманауи қоймалар және теміржол инфрақұрылымының интеграциясы жүктерді қайта тиеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Екіншісі – тасымалдау сенімділігі. Қазақстанның теміржол және автомобиль көлігі желілерінің өзара байланысы күшейеді. Бұл халықаралық жүк жөнелтушілер үшін бағыттың тартымдылығын арттырады. Үшіншісі – жүк ағынының өсуі. Яғни Қытайдан келетін контейнерлік жүктермен қатар, Қазақстанның металлургия, мұнай, химия, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларының экспорттық жүктерін өткізуге мүмкіндік туады, – деп түсіндірді Бауыржан Ысқақ.
Оның айтуынша, бұл ретте бір маңызды көрсеткішке назар аудару керек. Үкіметтің мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстан порттары арқылы контейнерлік транзит көлемі 3,5 есеге өсіп, 42 мыңға жеткен. Бұл халықаралық транзит бағыттарына сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Яғни порттардың жүк өткізу қабілетін арттыру қажеттілігі сұраныстың өсуімен тікелей байланысты. Енді 15 миллион тонна деген көрсеткішті нақты тасымалданатын жүк көлемімен шатастырмауымыз керек. Бұл – терминалдың жобалық өткізу қуаты. Оның толық пайдаланылуы Қытайдағы теміржол желілерінің, Ақтау портының, Каспийдегі паромдар мен кемелердің, сондай-ақ Әзербайжан мен Грузия инфрақұрылымының мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Сондықтан Құрықтағы терминалды жеке нысан ретінде ғана емес, Қытайдан Еуропаға дейінгі бірыңғай логистикалық қызмет бағытының маңызды бөлігі ретінде қарастыруымыз керек, – дейді сарапшы.
Инвестицияның Қазақстанға берер төрт мүмкіндігі
Бауыржан Ысқақ Құрық портындағы жобаның Қазақстан үшін төрт негізгі мүмкіндігін атап өтті. Оның біріншісі – экономиканы әртараптандыру.
Яғни Қазақстан мұнай, газ және металл экспортына ғана тәуелді болмай, көлік-логистикалық қызметтерден де табыс таба алады. Логистика болашақта экономиканың дербес саласына айналуы мүмкін. Екіншісі – Қытай инвестициясы мен технологияларын тарту. Мұндай жобалар заманауи терминалдық басқару жүйелерін, цифрлық логистика мен жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бірақ технология трансферті мен қазақстандық мамандарды даярлау мәселесі келісімнің нақты бөлігі болуы керек. Үшіншісі – өңірлік экономиканы дамыту. Яғни Маңғыстау облысында жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнес қызметтеріне сұраныс артады. Жобалық мәліметтерге сәйкес, терминалдық кешен толық іске қосылған жағдайда 80-ге дейін тұрақты жұмыс орны құрылады. Төртіншісі – Қазақстанның геоэкономикалық маңызының артуы. Яғни Еуразиядағы негізгі сауда бағыттарының біріне айналған мемлекет ретінде халықаралық жүк ағындарын тарту арқылы экономикалық және инвестициялық әлеуетімізді күшейте аламыз, – дейді экономист.
Жобаның қандай тәуекелдері бар?
Сарапшы жобаның мүмкіндіктерімен қатар, ескерілуі тиіс тәуекелдерге де тоқталды. Оның айтуынша, бірінші кезекте қаржыландыру мәселесіне назар аудару қажет.
Қаржыландыруды қолдау туралы мәлімдеме инвестицияның толық көлемде бөлінгенін білдірмейді. Сондықтан қаржыландыру кезеңдері, қаражат көздері және инвесторлардың міндеттемелері бойынша нақты қаржылық модель бекітілуі керек. Екіншісі – инфрақұрылымдық тәуекел. Бір порттың қуатын арттыру жеткіліксіз. Теміржол желілерін, паромдар мен кемелер санын да дамытуымыз керек. Үшіншісі – геосаяси тәуекел. Халықаралық нарықпен жұмыс істегенде транзит бағыттарының біріне шамадан тыс тәуелді болмауымыз қажет. Төртіншісі – экологиялық тәуекел. Каспий теңізінің экожүйесіне түсетін жүктемені де ескеруіміз керек. Порт инфрақұрылымы экологиялық талаптарға сай дамуы қажет, – деп атап өтті Бауыржан Ысқақ.
Экономистің сөзінше, Құрық портындағы жоба Қазақстан үшін жай ғана 1 млрд долларлық инвестиция емес.
Бұл – еліміздің әлемдік сауда картасындағы экономикалық орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам деп айтуға болады, – деп түйіндеді сарапшы.
Ең оқылған:
- Қазақстандықтар 2027 жылғы Жаңа жылда төрт күн қатарынан демалады
- 1 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды
- Германия қалаларында жастар наразылыққа шықты
- Дастан Сәтбаев жарақатына байланысты «Бернли» сапынан тағы да шығып қалды
- Конгода әлемді алаңдатқан індеттен 5 мыңнан астам адам қайтыс болды
Мақпал ОРЫНБЕК