«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінің мәліметінше, ауқымды антициклонның әсерінен еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Синоптиктердің болжамынша, Алматы және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Қызылорда облысының солтүстігінде түнгі және таңғы уақытта ауа температурасы -1…-8°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Ал солтүстік, оңтүстік және шығыс өңірлерде түнде және таңертең тұман түседі.
Сонымен қатар бірқатар облыста өрт қаупі сақталады. Қызылорда, Атырау облыстарында, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі, шығысы мен орталығында, Маңғыстау облысының орталығында, Ұлытау облысының батысы мен орталығында және Жетісу облысының шығысында төтенше өрт қаупі күтіледі. Ал Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарының басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.