Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінен бес мыңнан астам адам қайтыс болды. Мамыр айынан бері вирусты шамамен 10 мың адам жұқтырған. Бұл – ел тарихындағы ең ірі індет ошағы және әлемдегі ауқымы жағынан екінші эпидемия.
Sky News басылымының жазуынша, Конгоның 26 провинциясының сегізінде, сондай-ақ Кения, Уганда және Нигерияда жұқтыру жағдайлары тіркелген. Індетті Бундибуджо вирусының сирек кездесетін нұсқасы тудырған. Оған қарсы әзірге мақұлданған вакцина да, арнайы емдеу әдісі де жоқ.
Эпидемиямен күреске медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар кедергі келтіріп отыр. Өткен аптада бір медбике қаза тауып, тағы бір медицина қызметкері бір топ жас жігіттің шабуылынан жарақат алған. Билік мұндай агрессияны инфекцияның таралуы туралы жалған ақпаратпен байланыстырады.
Қазіргі індет құрбандар саны бойынша 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған эпидемиядан кейінгі екінші орында. Сол кезде шамамен 11 мың адам көз жұмған.