Құрылысшылардың жалақысы бірден 33%-ға өскен – сарапшылар

13 Желтоқсан 2021, 17:42
1172
Бөлісу:
Құрылысшылардың жалақысы бірден 33%-ға өскен – сарапшылар

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еnergyprom зерттеу орталығының сарапшылары 2021 жылдың төртінші тоқсанында елдің құрылыс саласында еңбек етіп жатқан адамдар саны 640,7 мыңға жеткенін мәлімдеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.

Былтыр құрылыс саласында еңбек еткен адамдар саны 621,8 мың болған, бұл 2019 жылға қарағанда 3,1 пайызға аз.

Өңірлер бойынша құрылыс саласында жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі елордада тіркелген: 74,7 мың адам, өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға артық. Алматы мен Түркістан облысы алғашқы үштікте. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында ең аз көрсеткіш тіркелген, бұл өңірде құрылыс саласында 11,2 мың адам жұмыс істейді екен, өткен жылға қарағанда 2,9 пайызға аз.

Құрылыс саласында жұмыспен қамтылғандар санының ең көп өсімі Шығыс Қазақстан облысында байқалған, жұмысшылар саны 25,3%-ға артып, 34,1 мың адамға жеткен. Ал, Қарағанды облысында керісінше құрылыста жұмыс істейтіндер саны 7,6%-ға төмендеп, 35,9 мың адам болған.

Құрылыс саласында жұмыс істейтіндердің орташа жалақысы үшінші тоқсанда 314,3 мың теңге болған, бұл өткен жылға қарағанда 32,5%-ға жоғары. Бір жыл ішінде мамандардың еңбекақысы нақты 21,9 пайызға өскен.

Өңірлер арасында Атырау облысындағы жұмысшылардың жалақысы жоғары, олар айына орта есеппен 465,4 мың теңге алады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44,3%-ға жоғары. Сондай-ақ Маңғыстау облысы мен елорда жұмысшылары да жоғары жалақы алады.

Ең аз жалақы алатындар Қызылорда облысында тіркелген, ондағы жұмысшылардың орташа айлығы 166,8 мың теңге, өткен жылмен салыстырғанда бұл 11,8%-ға жоғары.

 

Өзгелердің жаңалығы