Қазақстанда үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру кезінде құрылыс салушылар мен олардың жобаларын бағалайтын рейтингтік модель жаңартылды. Өзгерістер 2026 жылғы 10 қазаннан бастап күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа тәртіп ережесі туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді. Оны кепілдік алуға берілген өтінімдерді қарау барысында Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ қолданады.
Құрылыс салушылар қалай бағаланады?
Жаңартылған модель компанияның қаржылық жағдайымен қатар, құрылыс тәжірибесін және ұсынылған жобаның тұрақтылығын ескереді. Бағалау екі негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.
Біріншісі – қаржылық көрсеткіштер. Бұл бағытта құрылыс салушы қызметінің және меншікті капиталының рентабельділігі, ағымдағы өтімділігі мен қаржылық тәуелсіздігі сараланады.
Екіншісі – компанияның тәжірибесі мен жобаның сипаттамалары. Атап айтқанда, бұрынғы нысандарды аяқтау тәжірибесі, берілген кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындауы, жобаға салатын өз қаражатының үлесі және төлем тәртібі назарға алынады. Сондай-ақ құрылыс құнының негізділігі, баға саясаты және шығындар өскен жағдайда жобаның орнықтылығы бағаланады.
Осы көрсеткіштердің негізінде құрылыс салушы мен жобаның тәуекел деңгейін көрсететін қорытынды балл есептеледі. Кепілдік жарнасының мөлшерлемесін қолдану үшін құрылыс салушы кемінде 50 балл жинауға тиіс.
Рейтингті жақсартуға мүмкіндік бар
Жаңа модель құрылыс салушыларға бағалаудың жекелеген көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, компания жобаға өз қаражатын көбірек бағыттап, қаржылық жағдайын нығайту арқылы рейтинг нәтижесіне ықпал ете алады.
Бұдан бөлек, сәтті аяқталған нысандар бойынша тәжірибесін растау, жобалау-сметалық құжаттаманы өзектендіру және қосымша растаушы құжаттар ұсыну да бағалау нәтижесін жақсартуы мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, мұндай тәсіл құрылыс салушыларға талаптарды түсініп, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға және жобаның қаржылық орнықтылығын күшейтуге көмектеседі.
Тәуекел анықталса, кепілдік берілмей ме?
Жекелеген тәуекелдердің болуы кепілдік беруден міндетті түрде бас тартуға әкелмейді. Әр өтінім заңнама талаптары мен белгіленген рәсімдерге сәйкес кешенді қаралады. Соңғы шешім осы талдаудың нәтижесіне сүйеніп қабылданады.
Ведомство жаңартылған бағалау жүйесі шешімдердің ашықтығы мен бірізділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол құрылыстың аяқталмай қалу тәуекелін азайтып, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге тиіс.