Құрылтайдың алғашқы сессиясы: Төраға, Үкімет және алдағы кадрлық өзгерістер

27 Тамыз 2026, 16:10
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 27 Тамыз 2026, 16:10
27 Тамыз 2026, 16:10
120
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның жаңа бір палаталы парламенті – Құрылтайдың алғашқы құрамы толық қалыптасты. 23 тамыздағы сайлаудан кейін 145 депутаттың кімдер екені белгілі болып, 27 тамызда Орталық сайлау комиссиясы оларды ресми тіркеді. Енді жаңа депутаттар алғашқы сессияда ант қабылдап, Құрылтайдың негізгі органдарын қалыптастыруға кіріседі. Ал Үкімет жаңа Құрылтай алдында өкілеттігін тапсырады.

Алғашқы сессия 28 тамызда өтеді

Құрылтайдың бірінші сессиясы 28 тамызда сағат 11:00-де Астанада өтеді. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 тамыздағы Жарлығымен шақырды

Осылайша, сайлаудан кейін жаңа заң шығарушы органның жұмысы басталады.

Бүгін, 27 тамызда, Орталық сайлау комиссиясы барлық 145 сайланған депутатты тіркеді

Заң бойынша депутаттың өкілеттігі дәл осы тіркеу сәтінен басталады.

Депутаттар Қазақстан халқына ант береді. Антты Президент қабылдайды.

Құрылтайға қай партиялар өтті?

23 тамыздағы сайлау қорытындысы бойынша бес партия 5 пайыздық межеден өтті. 145 мандат мынадай тәртіппен бөлінді:
•    «Әділет» – 110 мандат;
•    «Ауыл» – 10 мандат;
•    Respublica – 9 мандат;
•    «Ақ жол» – 8 мандат;
•    ЖСДП – 8 мандат.

Бұл деректерді Орталық сайлау комиссиясы 25 тамызда ресми бекітті.

Алғашқы Құрылтайда ең ірі фракция «Әділет» партиясына тиесілі болады. Партия 145 орынның 110-ын иеленіп, Құрылтайдағы басым күшке айналды.
Партиялар Құрылтайға баратын кандидаттарының тізімін шығарды.

•    «Әділет»  
•    «Ауыл» 
•    Respublica  
•    «Ақ жол»  
•    ЖСДП  

Құрылтай төрағасы қалай сайланады?

Алғашқы сессиядағы басты мәселелердің бірі – Құрылтай төрағасын сайлау.

Конституцияға сәйкес, төраға депутаттар арасынан сайланады. Кандидатураны Президент ұсынады. Кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс.

Төраға жасырын дауыс беру арқылы Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады. 145 депутаттың кемінде 73-і қолдауы қажет.

Сондықтан алғашқы сессиядағы ең маңызды саяси интригалардың бірі – Президент төрағалыққа кімді ұсынатыны және депутаттардың бұл кандидатураны қаншалықты қолдайтыны.

Депутаттардың өкілеттігі қашан басталады?

23 тамызда азаматтар дауыс берді. 25 тамызда ОСК сайлау қорытындысын белгіледі. Ал 27 тамызда сайланған депутаттар ресми тіркелді.

Конституциялық заң бойынша депутаттың өкілеттігі ОСК оны депутат ретінде тіркеген сәттен бастап басталады.

Ал Құрылтайдың өз өкілеттігі бірінші сессия ашылған сәттен басталады. Оның бес жылдық жұмыс кезеңі келесі шақырылымның алғашқы сессиясы басталғанда аяқталады.

Үкімет не істейді?

Жаңа Құрылтайдың құрылуымен Үкіметке қатысты да конституциялық рәсім іске қосылады.

Қолданыстағы Конституция бойынша Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тапсырады.

Алайда бұл Үкіметтің сол сәтте жұмысын толық тоқтататынын білдірмейді. Конституциялық заңға сәйкес, Үкімет өз өкілеттігін жаңа құрам бекітілгенге дейін жүзеге асыра береді.

Яғни жаңа Құрылтайдың құрылуы автоматты түрде «Үкімет отставкаға кетті, министрлер жұмыстан кетті» дегенді білдірмейді. Алдымен өкілеттікті тапсыру рәсімі өтеді, одан кейін жаңа Үкіметті қалыптастыру процесі жүреді.

Бұл процестегі маңызды жаңалықтардың бірі – Премьер-министрді Президент ұсынады, бірақ оны тағайындау үшін Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен келісімі қажет.

Енді Құрылтайдың алдында қандай міндеттер тұр?

Алғашқы сессияда жаңа депутаттар ең алдымен Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыруға кіріседі. Төраға сайланып, парламенттік құрылымдар қалыптасады.

Бұдан кейін жаңа Құрылтайдың негізгі саяси жұмысы басталады: заң жобаларын қарау, Үкіметпен жұмыс істеу, бюджет мәселелерін талқылау және Конституция мен заңдарда белгіленген басқа өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Наверх