Құрылтай сайлауына арналған онлайн-марафон: Алғашқы үш сағатта не талқыланды?

23 Тамыз 2026, 12:54
АВТОР
 Орталық коммуникациялар қызметі 23 Тамыз 2026, 12:54
23 Тамыз 2026, 12:54
113
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына арналған жалпыұлттық онлайн-марафон жалғасып жатыр. Эфирдің алғашқы үш сағатында көрермендер ел ішінде және шетелдегі дауыс беру барысы туралы жедел ақпаратпен қатар, жаңа Конституция, заң мен тәртіп, білім беру, ғылым, стартаптар және өңірлерді дамыту мәселелеріне арналған пікірталастарды тамашалады.

Тікелей эфир сағат 09:00-де басталып, 00:30-ға дейін жалғасады. Күн бойы бірнеше алаңда сарапшылардың пікірталастары, тікелей қосылымдар, сұхбаттар және арнайы репортаждар ұйымдастырылады.

Халық Конституциясы және азаматтардың құқықтары

Марафонның алғашқы сағаттарындағы негізгі тақырыптардың бірі «Халық Конституциясы» болды. Сарапшылар адам құқықтарын қорғау, жаңа Құрылтайдың өкілеттігі, Халық Кеңесінің рөлі және мемлекеттік басқару тетіктерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Саясаттанушы Индира Рыстина жаңа Конституциядағы адам құқықтары мен бостандықтарының орнына назар аударды.

«Халық Конституциясы – адамдар күнделікті өмірінде басшылыққа алатын аса маңызды құжат», – деді Индира Рыстина.

Оның айтуынша, Ата заңда мемлекеттің қызметі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталатыны жеке көрсетілген.

Сайлау сандармен

TouchScreen интерактивті алаңында көрермендерге қазіргі сайлау науқанының негізгі көрсеткіштері таныстырылды. Атап айтқанда, сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің саны, сайлауға қатысып отырған жеті партия, кандидаттар және 5 пайыздық сайлау шегі туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ бұл алаңда Қазақстанның түрлі халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері таныстырылды.

Ғылымнан нақты өндіріске дейін

Марафонға Алматыдан SKY-студиясы қосылып, онда стартап-жобалардың болашағы талқыланды.

Нанотехнолог, профессор Руслан Нұрлыбаев ғылыми әзірлемелерді практикалық қолданысқа енгізіп, оларды коммерцияландыруға көшу қажеттігін айтты.

Ғылыми байқауларда стартап-жобаларды өндіріске одан әрі енгізу және оларды коммерцияландыру сияқты нақты талаптар қойылып жатыр. Келесі қадам – нарықта сұранысқа ие стартап-жобаларды құру. Бұл үшін мүмкіндіктер ашылып отыр, – деді профессор.

Заң, тәртіп және Тәуелсіздіктің 35 жылдығы

Эфирдің тағы бір тақырыбы «Заң және тәртіп» қағидаты болды. Қатысушылар құқықтық мәдениет, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігінің арақатынасы, сондай-ақ заңға деген құрметті нығайту қажеттігі туралы пікір алмасты.

Жеке пікірталас Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Спикерлер саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда болған өзгерістерді, сондай-ақ елдің одан әрі дамуындағы жаңа ұрпақтың рөлін талқылады.

Шымкенттен «Әділетті Қазақстан және “Заң мен тәртіп”» тақырыбында тікелей қосылым ұйымдастырылды. Журналистер мегаполистің тыныс-тіршілігін, сайлаушылардың белсенділігін көрсетіп, қаланың әртүрлі нүктелерінен арнайы репортаждар дайындады.

Өмірді өзгертетін білім

Танымдық-мотивациялық алаңда білім беру және оның жастарға ашатын мүмкіндіктері туралы сөз болды.

Эфир барысында Ұлыбританиядағы Глазго университетінің «Үздік профессоры» атағын алған маман кәсіби тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ «Теплоходтағы сұхбат» форматында Астана мектептерінің бірінің 2026 жылы жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алған 65 түлегі туралы айтылды.

Қазақстанда және шетелде дауыс беру

Марафон барысында сайлау барысы туралы жедел ақпараттар түсіп жатыр. Эфирге Қазақстан өңірлерінен және басқа мемлекеттерден журналистер тікелей қосылуда.

Атап айтқанда, Оңтүстік Кореядан тікелей қосылым ұйымдастырылып, онда шетелде жүрген қазақстандықтардың қалай дауыс беріп жатқаны туралы айтылды. Ақтөбеден көрермендерге вокзалдың ашылуы көрсетіліп, өңірдегі оқиғалар туралы ақпарат берілді.

Осылайша, жалпыұлттық онлайн-марафонның алғашқы үш сағаты оның тек сайлау тақырыбымен шектелмейтінін көрсетті. Эфир барысында Конституция, азаматтардың құқықтары, заң мен тәртіп, білім беру, ғылым, инновациялар, өңірлерді дамыту және жас ұрпақтың болашағы басты назарға алынды.

Марафон 00:30-ға дейін жалғасады. Күн ішінде сайлауға қатысты жедел жаңалықтар «Онлайн-марафон – 2026» Telegram-арнасында жарияланып отырады. Ал тікелей эфир республикалық және өңірлік медиаресурстардың ресми интернет-платформаларында қолжетімді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх