Құрылтай сайлауы: 145 мандатқа 545 кандидат таласады

ОСК барлық жеті саяси партия ұсынған партиялық тізімдерді тіркеген.

 ©BAQ.KZ/Олжас Адай 23 Шілде 2026, 18:19
23 Шілде 2026, 18:19
223
Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялық тізімдерді тіркеу аяқталды. Жеті саяси партияның тізіміне бәрі 545 кандидат енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов мәлім етті. 

Оның айтуынша, ОСК барлық жеті саяси партия ұсынған партиялық тізімдерді тіркеген.

«2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Құрылтай депутаттарының мандаттарына үміткер жеті саяси партияның тізіміне 545 кандидат енгізілді. Депутаттық мандаттардың жалпы саны – 145», – дейді Шавхат Өтемісов.

Партиялық тізімдердегі 545 кандидаттың 172-сі – әйел, 373-і – ер адам. Сонымен қатар тізімдерге мүгедектігі бар 19 адам және 35 жасқа дейінгі 74 кандидат енгізілген. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас.

ОСК хатшысының мәліметінше, барлық саяси партия әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қатысты заң талаптарын сақтаған. Аталған санаттар өкілдерінің партиялық тізімдердегі жиынтық үлесі – 43,9%.

Шавхат Өтемісов сайлау процесіне қатысушыларға заңнама талаптарын да түсіндірді. Оның сөзінше, заңда көзделген негіздер болған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе жекелеген кандидатты тізімнен шығару туралы шешім қабылдауға құқылы.

Бұған дейін Құрылтай сайлауын бақылайтын халықаралық байқаушылар саны 96-ға жеткені хабарланды

Наверх