Құрылтай сайлауын бақылайтын халықаралық байқаушылар саны 96-ға жетті

 ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан 23 Шілде 2026, 17:15
23 Шілде 2026, 17:15
193
Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылауға қатысатын тағы 10 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Бұл туралы ОСК отырысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұхтар Ерманның мәлімдеуінше, 2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Сыртқы істер министрлігі ОСК-ға бес шет мемлекет пен бір халықаралық ұйымнан 10 халықаралық байқаушының кандидатурасын ұсынған.

Олардың қатарында Молдова Республикасынан төрт кандидатура, оның ішінде осы елдің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бар. Сондай-ақ Халықаралық парламентарийлер конгресінен (IPC) бір кандидатура ұсынылған.

Бұдан бөлек, Албания Республикасынан екі, Кувейт Мемлекетінен бір кандидатура, оның ішінде Қазақстандағы Кувейт Елшісі, сондай-ақ Армения Республикасы мен Палестина Мемлекетінен бір-бір өкіл аккредиттеуге ұсынылды.

ОСК мәліметінше, бүгінгі күнге дейін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан келген 96 халықаралық байқаушы аккредиттелді.

Наверх