Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ

30 Мамыр 2024, 10:12
4303
Бөлісу:
Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ
PHOTO
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

Ғасырмен үндескен ұлттық оркестр бабадан аманат болып қалған дәстүрлі музыка өнерін көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге дейін халық жүрегіне жеткізіп келеді. Мерейлі мерейтойға орай Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышевпен сұхбаттасты.

Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ

– Ұлттық оркестр жайлы айта кетсеңіз.

– Өздеріңіз білетіндей, халқымыздың руханиятының шыңы – қазақтың аспапты музыка өнері. Қазақ халқының ұлттық аспаптарына негізделген аспапты музыка мәдениетін әлемге танытып келе жатқан өнер ордалары аз емес. Солардың бірі де бірегейі – бүгінде құрылғанына 90 жыл толып отырған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі! Қазақ халқының музыка мәдениетінің қара шаңырағы саналатын оркестр – аспапты музыка мәдениеті мен өнері тарихында бірегей ұжым саналады.

Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптарға негізделген оркестрді дарынды өнер иесі академик композитор – Ахмет Жұбановтың есімінсіз елестету мүмкін емес. Оркестрдің алғашқы дирижері және көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов болды. 1933 жылы Алматы музыкалық-драма техникумында Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен 11 адамнан ғана құралған домбырашылар ансамблі дүниеге келді. Ансамбль мүшелерінің халқымыздың дәстүрлі бай музыка мәдениетін дамыту жолындағы армандары асқақ, мақсаттары айқын болды. Бастапқыда ансамбль болып құрылған шығармашыл топ қарапайым ғана домбыра, қобыз және сыбызғы аспаптарының дыбыс ерекшелігін жетілдіре отырып, ел жадында сақталған халықтық дәстүрлі музыканы дамытты. Өнер ұжымының алғашқы құрамы еліміздің әр өңірінен жиналған талантты өнерпаздардың басын қосты. 1944 жылы оркестрдің құрылғанына он жыл толғанда өнер ұжымына қазақ күй өнерінің алыбы Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді.

Тарихты сабақтасақ оркестрдің қазіргі құрамын оркестр құрылғаннан бергі алтыншы буын өкілдері. Алғашқы құрамда қызмет еткен қылқобызшы Жаппас Қаламбаевтың қызы Құндыз Қаламбаева әке жолын жалғап, осы тарихи өнер ордасында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Бүгінде оркестрдің жалпы құрамында 86 артист бар. Барлығы өз ісінің шебері, кәсіби музыка мамандары. Қазір оркестрде 22 түрлі музыкалық аспап түрлерін қолданып келеміз. Оның ішінде домбыра, прима-қобыз, шертер, баян, бас домбыра, флейта, контрабас, альтқобыз, қылқобыз, ұрмалы аспаптар т.б. бар.

Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ



– 90 жылдықты қалай атап өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Бабалар аманатынан қалған ұлттық оркестрдің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту ұлтымыздың мәдениеті мен өнері алдындағы борышымыз. 90 жылдыққа арналған мерейтойлық концерттік кешті еліміздің мәдени-рухани астанасы Алматы шаһарында және елордамыз Астана қаласында республикалық деңгейде атап өтуді жоспарладық. Алматыдағы концертіміз 19 сәуірде өтуі керек еді. Алайда елімізде орын алған табиғи су тасқыны салдарынан жоспарымыз кейінге шегерілді. 90 жылдық тарихы бар ұлттық оркестрдің тарихи сәтін атап өту концертпен ғана шектелмейді. Осы 90 жылдықтың аясында біршама шығармашылық жұмысымызды іске асырып келеміз. Атап айтар болсақ: Қазақстан ұлттық телеарнасымен бірлесіп оркестр туралы 40 минуттық деректі фильм түсірілді. Сондай-ақ елімізге танымал «Кереге» прдюсерлік орталығы ұлттық оркестрмен шығармашылық байланыс орнатып, оркестрдің төлқұжатына айналған Құрманғазының «Сарыарқа» күйіне және «Адай» күйіне арнайы бейнебаян түсірілді. Бұл келешек ұрпақтың ұлттық өнерге деген құлшынысын арттырып, жас буынға патриоттық сезім ұялататын еліміздің музыка тарихындағы ерекше жоба болмақ.

– Оркестрдің гастрольдік сапары жайлы тоқтала кетсеңіз.

– Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен біз жыл сайын екі рет шетелге және еліміздің екі облысына гастрольдік сапарға шығамыз. Өткен жылы Италия мен Египетке барған едік. Биыл Түрікменстан мен Тәжікстанға гастрольдік сапармен бару жоспарлануда. Қазақстанның ішінде Қарағанды мен Қостанай облыстарына гастрольдік сапармен баруымыз керек еді. Өкінішке қарай, бұл сапарлар елімізде орын алған табиғи апатқа байланысты басқа уақытқа ауысты. Дегенмен еліміздің әр өңірін ұлттық музыка өнерімен сусындатудан еш жалықпаймыз. Қарағанды облысына осы күзде гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отырмыз.
Өткен жылы бірқатар шет мемлекетте өнерімізді паш етіп келдік. Мысыр еліндегі Қазақстанның мәдениет күндерінде өнер көрсеттік. Сондай-ақ оркестр Италия астанасы Рим қаласындағы атақты Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында алғашқы концертін өткізді. Гастрольдік концерт Еуропаның мәдени-тарихи орталығы Рим, Неаполь қалаларында аншлагпен өтті. Римдегі Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында және Неаполь қаласындағы Teatro Diana ғимаратына жиылған италиялық талғампаз көрермен, қазақ халқының музыкасы мен ұлттық аспаптардың сазды үніне тамсанып, таңданыстарын жеткізді. Сондай-ақ, оркестр артистері дүниежүзіндегі ең үлкен амфитеатр саналатын Колизей театрының жанындағы ашық алаңда өнер көрсетіп, әлемнің жеті кереметінің бірін көруге асығып келген туристерді халқымыздың дәстүрлі музык өнерімен таныстырды. Ұлттық аспаптарымызға, музыкамызға қызыға қараған шетел азаматтары ерекше сезімде болды.

Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында шет мемлекетке ұйымдастырылған гастрольдік концертте ұлттық оркестрмен қатар ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, Халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан, Ақайша Жұрбай, Raffaele Collienza, Рим қаласындағы Санта Чечилия музыкалық консерваториясының түлегі Лаура Али өнер көрсетті.

Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ

– 90 жылдың ішінде не өзгерді, өзіңіз басшылық еткен жылдарға тоқтала кетсеңіз.

– Біздің бірінші байлығымыз – оркестрдің қорында сақталған музыкалық ноталар. Ахмет Жұбановтың 1934 жылдан бастап өзінің қолымен жазған ноталардың барлығының түпнұсқасы оркестрдің кітапхана қорында сақтаулы. Қазіргі таңда оркестрдің қорындағы 4000-нан астам нота бар. Оркестрге басшылыққа келгеніме 4 жылға жуықтап қалған екен. 2022 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаевтың бастамасымен «Freedom Finance» холдингінің Президенті Тимур Турловтың тікелей қолдауымен оркестрге 20 домбыра аспабы алынды. Бұл – оркестр үшін үлкен көмек, керемет қолдау болды. Себебі оркестрдегі аспаптардың жаңармағанына біршама уақыт өткен болытын. Домбыра аспабы соңғы рет 2016 жылы жасалып, баян аспабы алынған болатын. Биылғы жоспарымызда оркестрдің табысынан үш баян аспабын алу жоспарда бар. Былтыр өзіміздің табысымыздан оркестр артистеріне арнап 90 адамға ұлттық нақышта арнайы концерттік костюм тіктірдік. Осы уақыттың ішінде сахнамызды реттеп, ғимаратты жөндеуден өткізу жөнінде өтініштер берілді. Жоғарыда атап өткендей қазіргі уақытта оркестрді, қазақ өнерінің қаймағы болған тұлғаларымыздың аспаптары мен киімдерін, ноталарды қоятын музей жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл атқырылып жатқан үлкен жұмыстардың барлығы ұлттық мәдениетке, өнерге, дәстүрлі музыка өнерімізді сақтап, оны дамыту жолындағы жауапкершілігі мол іс деп білемін.

– Музыканттарды оркестрге қалай қабылдайсыздар? Талаптарға тоқтала кетсеңіз.

– Ең біріншіден, кәсіби білімі бар – музыкант болу керек. Қазақстандағы ең жоғары музыкалық білім беретін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі болуы шарт. Одан соң шығармашылық жолында жеткен жетістіктері: бірнеше конкурстарға қатысқан дипломат, лауреат болғаны дұрыс. Бұл тек директордың шешімімен жүзеге аспайды. Ол жерде үлкен көркемдік кеңес болады, талапкердің ноталарды бірден оқып, айна-қатесіз тануы, күйді қалай орындауы ескеріліп, міндетті түрде сынақ мерзімімен алынады. Біз бір орынға конкурс жариялаған кезде, бірден 6-7 домбырашы таласқа түседі, қобызшылар да солай. Біздің оркестрде ҚР Еңбек сіңірген артисі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағын алған 3 өнерпазымыз бар. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері бар. Көптеген артисіміз Мәдениет саласының үздіктері атанды. Бұл атақты алу үшінде бір салада 15 жылдан астам уақыт еңбек ету керек. Сол себептен біздің оркестрдегі кәсіби музыка мамандары тек талантты ғана емес, өзіндік атақтары бар тұлғалар десек, артық айтқандық емес.

Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ

– Оркестрдің кітапхана қорында 4000-нан аса шығарма бар дедіңіз, шығармаларды қалай орындап үлгересіздер?

– Біз жылына оркестрдің қатысумен 100 концерт өткізуді жоспарлаймыз. Мәселен, былтыр жоспарды артығымен орындап, 108 концерт ұйымдастырдық. Міне, осы концерттерде біз түрлі шығармаларды орындаймыз. Әр концерт бір-біріне ұқсамайды. Бірі – күй кеші, енді бірі – ән кеші, клласикалық шығармалардан, романстарды орындаумыз мүмкін. Бізді қынжылтатын бір жайт – өзіміздің жеке солистеріміз жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының өнерпаздарымен келісімге отырамыз. Сонымен қатар, өзінің қоңыр даусымен, керемет тәндерімен халықты қуантып жүрген дарынды әнші Жұбаныш Жексенұлымен шығармашылық байланыс орнатып, жұмыс істеп келеміз. Біз әншілердің репертуарына байланысты оркестрге ән жазамыз, сол себептен біздің қорымыз көбейіп отырады. Бір жылда шамамен 37-40-қа жуық жаңа ән оркестріміздің репертуарына қосылады екен. Оның ішінде ән, классикалық шығармалар, шетелдік туындылар бар. Жыл сайын репертуар қоры осылай толығып отырады.

– Бұл ғимараттың бұрын Қазақконцерт ұжымына қарағанын білеміз, қазіргі жағдайы ескіріп, тозып кеткен екен. Орындықтарынан көненің көзі көрінеді екен, осы жайлы айта кетсеңіз.

– Бізде сахнаның үстінде сахна орналасқан. Ғимарат өте ескі, күрделі жөндеуді қажет етеді. Халқымыздың ұлттық өнерін, әлемге танытып, келешек ұрпаққа қалдырамыз десек оны әрмен қарай дамытамыз десек, әрдайым үлкен қолдау керек. Оркестр артистеріне концерттік костюмдер соңғы рет 2017 жылғы ЭКСПО-да жаңаланып, тігілді. Одан кейін, концерттік костюм тігілмеді. Дана халқымыз «Адам көркі шүберек» деген. Концерттік костюмдерді жаңартып отыруға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсыныстар жолданды. Министрлік ұсынысымызды қабыл алып, оркестр аристерінің концерттік киім үлгісі жаңарп отырады деген үмітіміз зор.

Концертке келген көрермендеріміз концерттер басталмас бұрын концерттік залға кіреберіс фойеде тосылып қалады, сол жерді кеңейтіп, оркестр тарихынан сыр шертетін музей жасау ойымыз да бар. Осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізсек, өнерпаздарымыз шығармашылық шабыт алып, ұлттық өнеріміздің мерейін асқақтата түсері сөзсіз.

Құрманғазы оркестрінің директоры: Қынжылтатын жайт – жеке солистеріміз жоқ

– Оркестрдің жаңа жобаларына тоқтала кетсеңіз. Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Ұлттық оркестрдің «Оркестр түні» жобасын ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл – еліміздегі қазақ оркестрлерінің арасындағы алғашқы музыкалық жоба. Елімізде осыған ұқсас Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылатын «Музей түні» акциялары өтеді. Ал «Оркестр түні» жобасы Құрманғазы оркестрінің ұйымдастыруымен өтетін ерекше музыкалық жоба. Бұл жобаға көрермендеріміздің ықыласы ерекше. «Оркестр түні» концерттік кешінде әлемдік деңгейдегі композитордың шығармалары мен әлемдік классикалық шығармалар орындалады. Біз бұл шараға тың жобаларды дайындап, қосымша жарықтар сатып алып, әншілерді шақырып, ерекше етіп өткіземіз. Әр жобаға ерекше жаңа жобамен аяқ басамыз. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі классикалық және қазақ күйлерінен жинақталған туындыларды орындау арқылы әлемдік мәдениеттің игі дәстүрлерін сақтауға және жеткізуге тырысады. Ал болашаққа деген жоспарларымыз өте көп. Оның барлығын айта беруге де бола бермес. Көрермендерімізді әлі талай тың жобалармен қуантатынымызға сеніміміз мол. Сол себептен көрермендерімізді ұлттық өнерімізді дәріптеп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін тыңдауға, өнер ордасының шығармашылығымен сусындауға шақырамыз.

Өзгелердің жаңалығы