Құрбан айтта киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар өтеді – Бас мүфти елге үндеу жасады

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Құрбан айтты ұлттық нақышта атап өтуге шақырды.

18 Мамыр 2026, 16:58
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 18 Мамыр 2026, 16:58
18 Мамыр 2026, 16:58
389
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті мерекенің рухани маңызына тоқталып, ел тұрғындарын татулық пен қайырымдылыққа шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас мүфтидің айтуынша, Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекелердің бірі.

Бұл – Аллаға деген шынайы сүйіспеншілікті, ықылас пен мойынсұнуды білдіретін ерекше мейрам. Құрбандық шалудың түпкі мәні – тақуалық пен ниеттің тазалығында, – деді Наурызбай қажы.

Ол қасиетті мереке күндері адамдардың бір-біріне кешіріммен қарап, ренжіскен жандардың татуласуы аса маңызды екенін атап өтті.

Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да «Айт – татулық мерекесі» акциясын ұйымдастырмақ. Игі бастама аясында араздасқан ағайындарды жарастыру, қоғамда кешірім мен кеңшілік мәдениетін дәріптеу көзделген.

Сондай-ақ Бас мүфти Құрбан айт күндері еліміздің барлық өңіріндегі мешіттерде ұлттық нақыштағы мәдени-рухани іс-шаралар өтетінін айтты.

Облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Барша жамағатты ұлттық киім киіп, айт мерекесін дәстүрімізге сай атап өтуге шақырамын, – деді ол.

Баспасөз мәслихатында Qurban.kz онлайн платформасының жұмысы да таныстырылды. Бас мүфтидің сөзінше, жоба 2020 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді.

Платформа арқылы азаматтар онлайн түрде құрбандық шалуға тапсырыс беріп, төлем жасап, процесті бақылауға мүмкіндік алады. Құрбандық шалынғаннан кейін тапсырыс иесіне SMS-хабарлама мен бейнеесеп жолданады.

Наурызбай қажы кәсіпкерлерге де үндеу жасап, мереке қарсаңында мал бағасын негізсіз көтермеуге шақырды.

Құрбан айт – тек діни мереке емес. Бұл – қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты дәріптейтін рухани мейрам, – деді Бас мүфти.

Сонымен қатар ҚМДБ Құрбан айт күндері республика көлемінде қайырымдылық іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Арнайы құрылған жұмыс топтары мұқтаж отбасыларға құрбандық етін жеткізумен айналысады.

Наверх