Құрамы күмәнді: Дүкенде өріп тұрған қытайлық снектер қаншалықты зиян?

Қытайлық снектер қаншалықты қауіпсіз? Біз құрамын зерттеп, мамандар пікірін білдік.

 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Бүгiн 2026, 15:26
Бүгiн 2026, 15:26
321
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Қазіргі уақытта қазақстандық дүкендердің сөресінде қытайлық снектер өріп тұр. Кейде оны латяо деп те атайды. Бұл әсіресе мектеп жасындағы балалардың арасында танымал “тіскебасар”. Ал кейбір елдерде снектерді сатуға тыйым салынды. BAQ.KZ тілшісі қытайлық бұл тағамдар қаншалықты зиян екенін анықтап көрді. 

Құрамы күмәнді

Тәуелсіз сарапшы Асқар Есқайыр латяо өнімдерінің құрамы күмәнді екенін айтады. 

Латяо Қытайдан келетін өнім. Оның құрамында бояғыш, дәмдеуіш секілді түрлі қоспа бар. Сол тұстан құрамы күмәнді. Себебі құрамында  балаларға зиян бояғыштар қолданылуы мүмкін. Немесе халал емес кармин қолданылуы мүмкін, - дейді маман. 

Асқар Есқайырдың сөзінше, снектердің құрамындағы дәмдеуіштер де күмән тудырады. 

Қытайда көбіне қалдық майларды қолдану тәжірибесі бар. Ал латяо арзан өнім болғандықтан, сондай қалдық маймен жасалу ықтималдығы өте көп, - деп түсіндірді сарапшы. 

Халал болмауы мүмкін

Сарапшының сөзінше, ең қауіптісі қытайлық снектер халал өнім болмауы мүмкін.  

Мұсылман жандарға ең қауіпті тұсы латяоның шошқаның дәмімен түрлері бар. Егер бәрі бір зауытта өндірілсе, шошқа элементтерінің жұғу қаупі бар. Себебі шошқаның майын кетіру қиын. Сондықтан бұл өнімдердің халал екеніне үлкен күмән бар, - деп түйіндеді Асқар Есқайыр.  

Зерттеу 

Qazaq Expert Club тағам қауіпсіздігі саласының сарапшысы, қауымдастырылған профессор Лаура Аутелеева қытайлық снектерді зерттеп көрген болатын.  

Ол қытайлық тіскебасардың бес түрін зерттеген. Кейбір өнімдерде таңбалау мүлде болмаған. Ал бұл өнім айналымының талаптары бұзылған деген сөз. 

Зерттелген бес снектік құрамында дәмді күшейткіштер, тәттілендіргіш пен синтетикалық бояғыштар анықталған. Бұларды, әрине, қолдануға рұқсат бар, алайда көп қолдану қауіпті болуы мүмкін. Яғни асқазан-ішек жолдары ауырып, аллергия туып, микрофлора бұзылуы мүмкін. 

Одан бөлек, зерттеу барысында АҚШ-та тыйым салынған тәттілендіргіш цикламат анықталған. Сарапшының сөзінше, ол адам ағзасына зиян болуы мүмкін. 

Кейбір снектерден жануар майы анықталған. Ал оны шамадан тыс көп тұтыну холестерин деңгейін арттырады.  

Дүкендегі снектер

Қазіргі уақытта қаланың кез келген дүкенінде қытайлық снектерді кездестіруге болады. Бағасы да қымбат емес. Тәжірибе ретінде Алматыдағы шағынаудандардың біріндегі дүкенге кіріп көрдік. Дүкенде қытайлық снектерге арнайы сөре тұр. Снектердің түр-түрі бар. Бағасы 150-200 теңге аралығында. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сатып алған снектердің құрамын зерттеп көрдік. Теңіз балдыры қосылған бұл снектің құрамында май мен тұз көп. Өңделген өнім. Одан бөлек, натрий – 2510 мг, шамадан тыс көп: 6,5 г тұзға тең. Ал ұсынылатын тәуліктік норма – 2000 мг натрий немесе 5 г тұз. Пакеттің өзі 32 грам болғандықтан, мұндағы натрий көлемі 800 мг. Алайда көп жеу зиян болуы мүмкін. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сатып алған тағы бір снектің құрамында да натрий көп болып шықты. 36 грамм өнімде 900 мг натрий. Бұл өнімнің құрамында тұз көп, май көп. Толық өңделген, дәмі, құрылымы өзгертілген дайын тағам. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Тыйым салынған ел 

Беларусьте мемлекеттік стандарт қытайлық снектерден заңбұзушылықтар анықтап, олардың сатылуына тыйым салған болатын. Атап айтқанда, Lyu jin long соя негізіндегі жеңіл тағамынан және камчат крабы дәмі бар снектерден рұқсат етілмеген тағамдық қоспалар – Е952 және Е955 тәттілендіргіштері табылған.

Сондай-ақ Huang Peng Fei брендіне тиесілі краб, лобстер және асшаян дәмі бар снектерге де тыйым салынды. Себебі олардың қаптамасында өнім құрамында қант пен тәттілендіргіштердің бар екені көрсетілмеген.

Ал Mianjinwangzi брендінің шие фрикаделькалары дәмі бар жеңіл тағамынан рұқсат етілмеген Е473 эмульгаторы анықталған. Сонымен қатар Huang Peng Fei маркалы балық дәмі бар латяо өнімінен Е316 – натрий изоаскорбаты табылған.

Қазақстан

Қазақстанда да құрамы күмәнді снектер анықталып, кейбір түрін сатуға тыйым салынған болатын. Мысалы, былтыр Ақтөбе облысындағы мектептердің бірінде оқушылардың жаппай улануына байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті дүкендерде тексеру және мониторинг жүргізді. Күмәнді сападағы снектер сатылған 1,5 мыңнан астам сауда нүктесі тексерілді.

Зертханалық зерттеулер барысында сатып алынған үлгілерден заңбұзушылықтар анықталды: өнім құрамында натрий глутаматы (Е621), натрий гуанилаты (Е627), натрий инозинаты (Е631) секілді дәм күшейткіштер бар екені белгілі болды. Бұл қоспаларды қолдану Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейді.

Наверх