Құнды дүниені 200 жылға жуық сақтау таңқаларлық жайт – Асхат Сайлау

12 Сәуір 2022, 16:51
6190
Бөлісу:
Құнды дүниені 200 жылға жуық сақтау таңқаларлық жайт – Асхат Сайлау

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Қызылорда облысында Марал ишанның мөрі табылды деген ақпарат тарады. Расында бұл құнды жәдігер Марал ишанның баласы Қалқай (Қалмұхаммед) ишанға тиесілі екені анықталды. Екі жүз жылдық тарихы бар мөр қазіргі уақытта ишан ұрпақтарының қолында. 

Сонымен қатар Сыр өңірінде мұнан өзге ахун-ишан, батырлардың құнды жәдігерлері өз ұрпақтарынан табылып, оларды халыққа кеңінен таныстыру мүмкіндігі бар екенін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат Қожакелдіұлы сұхбат барысында айтып берді. 

- Асхат Қожакелдіұлы, қазіргі таңда Қазақстандағы сакралды ескерткіштер бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

- 2017 жылы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы бойынша жұмыс жасадық. Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесінің қызметкерлерімен бірлесе отырып жоба жүзеге асқан болатын. Жобаның бірінші кезеңі бойынша Қазақстанның киелі жерлер тізіміне 47 нысан енді. Екінші кезеңде бұл тізім 84-ке жетті. Жоба аясында «Сыр өңірінің сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атты кітап жарық көрді. Одан кейін киелі жерлер тізіміне енген мекендер «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясына кірістірілді. Бірақ бұл энциклопедияда қысқа ғана ақпараттар беріліп, сипатталды. Ал «Сыр өңірінің сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» кітабы кең көлемде мағлұмат береді. Бұл кітап 84 киелі мекенмен шектелген жоқ. Онда Сыр өңіріндегі 180-нен астам әулие-әнбиелер, ортағасырлық қалалар, сәулет өнері ескерткіштері, билер мен сұлтандар, батырлар туралы ақпараттар енгізілді. Бұл кітап 2019 жылы жарық көрді. 

Құнды дүниені 200 жылға жуық сақтау таңқаларлық жайт – Асхат Сайлау

Өткен жылы пандемия кезінде кітапқа енген әулие-әнбие, би, сұлтан, батырлардың ұстаған дүниелері бар ма? деген ой келді. Сол уақытта үш-төрт жерден фиксация жасадық. 

Жалағаш ауданында Түмен әулиенің қобызы, Жанқожа батыр мен Бұқарбай батырдың қылышы бар дегенді естідік. Сонымен қатар Қармақшы аудандық музейінің қызметкерлері хабарласып, ауданда Марал ишанның ұрпақтарының қолында мөрі бар екені айтылды. Біз сол мөрді алдыртып, зерттеу жұмысын жасадық. Сол кезде түркітанушы ғалым Серікбай Қосанов бұл мөрдің Марал ишанға тиесілі емес екенін айтты. Мөр оның баласы Қалмұхаммед ишаннан қалғанын анықтады. Мөрде «Қалмұхаммед ибн-Марал ишан, хиджраның 1247 жылы» деп жазылған болып шықты. Мөр 1831 жылы жасалған. Ұрпақтарының қолында осы уақытқа дейін сақталған. Құнды дүниені 200 жылға жуық сақтау, атадан балаға аманат етіп табыстап, жеткізудің өзі таңқаларлық жайт екені анық. Қазіргі таңда мөрдің түпнұсқасы ұрпақтарының қолында. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне оның көшірмесі қойылған. 

­­­­- Көшірмені өздеріңіз жасадыңыздар ма?

- Бізде арнайы құрылғы, құрал-жабдық жоқ. Мөрді барып, көріп, өлшемдерін алғаннан соң қолөнер шебері Бекзат Жақып жасады. Көшірмені жасауға екі айға жуық уақыт кетті. 

- Халықтың қолында жүрген басқа тағы қандай құнды дүниелер таптыңыздар? 

- «Қазақстан-Қызылорда» облыстық телеарнасының директоры Жағыпар Қарабала мырзадан тың дүниелерді халыққа жеткізу бойынша көмек сұрадық. Бұған дейін атқарылған жұмыстарды таныстырып, алдағы уақытта тағы да тарихи-танымдық дүниелер туатынын айттық. Ол кісі бірден келесімін беріп, қолдайтынын жеткізді. Осылайша, жергілікті телеарнада «Құнды жәдігер» жобасы дүниеге келді. Алғашқыда бұл жобаның атауы «Киелі мұра» деп аталған болатын. 

Құнды дүниені 200 жылға жуық сақтау таңқаларлық жайт – Асхат Сайлау

Онан кейін 14 жерге фиксация жасалды. Бұқарбай батырдың қылышын, кезінде Қайқы батырға сыйға берген мөрін, туының шашағын таспаладық. «Құнды жәдігер» жобасының екінші көрсетілімі Марал ишанға арнап түсірілді. Бұл сенсациялық жағдай болды. Яғни, жоғарыда айтып өткендей, 200 жылдық тарихы бар мөр табылды.

Мұнан кейін Ер Сейітпенбет бабамыздың кесенесін түсірдік. Мұнда бабаның тұтынған дүниесі, әсіресе тесік қазан басты назарға алынды. Жалпы осы тесік қазан туралы аңыз өте көп. Кесене басынан қазанды алып бара жатқанда «тоқта, тастап кет» деген дауыс естіліп, сонда қазан жерге түскен, содан онда жарық пайда болған. Бірақ қазіргі күні сол қазанға қанша тамақ істесе де, астынан бір тамшы тамбайды. Мұнда да бір тылысымның бары рас.

Шымкент қаласынан Ер Сейітпенбет бабаның мөрі де табылды. Ол мөрді Сыр өңіріне алдырып, жақында көшірмесін жасаттық. 

Мұнан кейін Қорасан атаның 1500 жылдық тарихы бар лаухасын түсірдік. Лауха – өсиет тақта. Лауханың ең кереметі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кіре-берісінде тұр. Жалпы Қазақстанда 17 лауха болған деген ақпарат бар. Оның көбі ұрланған, жоғалып кеткен. Тек Қорасан ата лаухасының түпнұсқасы сақталған.

Одан кейінгі зерттеу жұмысымыз Жанқожа батырдың дүниесі болды. Жалпы тарихи деректерден батырдың 5 ағайынды болғаны белгілі. Үлкен ағасы Ақмырза қиуалықтардың қолынан қаза тапқан. Сол Ақмырзаның ұрпағы Иманғали Сағидин ағамыздың қолында Жанқожа батырға тиесілі тесак бар. Сонымен қатар жорықта сауытының астынан кеуде тұсына сақтап жүретін нұрнама мен от жағатын шақпақтасы сақталған. 

Тесак бұл 60 сантиметрлік кескіш, қанжардың бір түрі. Тарихтан да белгілі тесакты Жанқожа батырға граф Перовский сыйға тартқан. Батырға ерекше назары ауған граф оның батырлығына, ерлігіне, халық арасындағы абыройына, атақ-даңқына тәнті болған деседі. 

Нұрнама – емдік дұғалардың жинағы. Батырдың кеудесінде жүрген бұл қасиетті бұйым қазіргі күні үгітіліп жатыр. Сондықтан да біз мұны ашып көргеніміз жоқ. 

Құнды дүниені 200 жылға жуық сақтау таңқаларлық жайт – Асхат Сайлау

Жобаның кезекті түсірілімі Жетес бидің қамшысы болды. Түсірілім барысында оның шәйнегі мен сандығы Арал аудандық музейіне өткізілгенін білдік. Бірақ ұрпақтары қамшыны өздеріне алып қалған. Олар қамшыны киелі дүние ретінде өздері ұстап, тұтынып отыр. Әулеттің келіндері босанар уақытта толғағы жеңіл өтсін деп басына тастайды. Сондай-ақ сырқаттанған адам баба қамшысын басына жастанып жатып, дертінен айығады. Яғни, ата-баба әруағына сыйынып, сенім білдіреді. 

Қожа Ахмет Яссауиден кейінгі мықты тұлға Мәдіқожаның ұрпағы Қожан қожа. Жоба аясында Қожан қожа бабаға арнап түсірілім жасадық. Қожанқожа бабаның басында сол заманнан сақталған шырағдандары мен қазан бар. Жалпы архиологиялық қазба жұмыстары кезінде табылатын шырағдандар керамикалық болатын. Ал баба басындағы шырағдандар металдан жасалғаны белгілі болды. 

Қожан қожа бабаның ұрпақтары Сейіт баһадүр, Нарбай батыр, Саид назар ахун, Құлболды ишан, Тапал ахун қазақ еліне еңбек еткен мемлекет қайраткерлері. Жоба кезінде бабаның ұрпағы Құлболды ишан туралы да ақпарат жиналып, арнайы түсірілім жасадық. 

Құлболды ишанның баласы Пазыл ишан Сарықарқаға кетіп, атақты Шоң бидің немересі Самырат бидің ауылындағы балалардың діни сауатын ашады. Тарихи деректерге сүйенсек, Самырат би Пазыл ишанды арнайы шақыртқан. Балаларға ілім үйреткен Фазыл Ишанға Самырат би «бізден қол үзіп қалма» деген ниетпен 18 жасар қызы Тоғжанды берген. 

1877 жылы Тоғжан Құлболды ишанның шаңырағына келін болып түседі. Сол уақытта Тоғжанның артынан келген дүниенің арасында күмістен жасалған шақпақ болды. Бұл Шоң би әулетінің дүниесі болатын. Бұл құнды жәдігерді өз көзімізбен көрдік. Металдан жасалған шақпақ күміспен көмкерілген екен. 

Сондай-ақ Құлболды ишанның алтынмен зерленген шапаны бар. Халық шапанның шетін үзіп, тәбәрік ретінде ала берген соң оны музей қызметкерлері кілемше етіп тігіп қойған. Бұл да тарих сырын шертетін асыл мұра. 

Сонымен қатар Пазыл ишанның баласы Әбдіхалық мақсұмның мөрі бар. Бұл Құлболды ишанның немересі. Бұл кісі туралы да қызықты аңыз-әңгіме көп. 

Екінші рет қажылықтан қайтып келе жатқан Әбдіхалық мақсұм кенет қайтыс болады. Оның денесін Қара теңізге тастаған екен. Сонда қажының денесі кемемен бірге жағаға дейін жүзіп келген. Оның халық жағаға шығарып, теңіз жағасына жерлеген. Кейін ұрпағы туған жерінен топырақ апарып салған. 

- Жоба негізінде әлі де зерттеліп немесе жарыққа шықпаған тың дүниелер бар ма?

- Жоба аясында бір түсірілім Түмен әулиеге арналды. Бұл бағдарлама алдағы уақытта жарыққа шығатын болады. Жалпы Түмен әулиенің де қобызы бар дейді. Сонымен қатар Смат бақсының, Бекберген бақсының да қобыздары бар көрінеді. Сондай-ақ Шіркейлі ауылындағы Тапал ахун кесенесіне барғанымызда Нұрғали бақсының да қобызын таптық. Ол туралы ешкім білмейді. Бұл құнды дүние оның үйінде тұр. 

Жалпы жуырда ғана Тапал ахунның кітаптарын, пайдаланған дүниелерін таспаладық. Бұл бағдарлама да жақын арада көрерменге жол тартатын болады. 

Қысқаша тоқталып өтейін, біз Садық ахун Қодарұлын зерттедік. Кезінде Қаныш Сәтбаевтың өзі Садық ахунды жоғары бағалаған. Ол кісі Қаныш Сәтбаевты емдеген екен. Зерттеу кезінде Садық ахуннан қалған кітаптарға аударма жасадық. Бір кітап Мұхаммед ибн-Арабидің еңбегі. Ол ислам әлемінің Қожа Ахмет Яссауиден кейінгі екінші ұстазы. Оны ғұламалардың ұлысы деп атаған. Оның сопылық әлеміндегі ең мықты еңбектерінің бірі 500 беттік «Құран тәпсірі». Ол қазіргі таңда Сырдария аудандық музейінің қорында, оны ұрпақтары әкеліп тапсырған. Қазіргі таңда Садық ахунның дәріүккіш пен асасы өз ұрпақтарының қолында сақтаулы. 

Қазірдің өзінде жоба аясында 15 бағдарлама жарыққа шықты. Әлі де шыға бермек. Алғаш рет жоба басталғанда 15 бағдарламадан соң аяқтаймыз деген болатынбыз. Алайда бір ескерткішті зерттей отырып, жан-жақты ақпарат жинақталып, бағдарлама жарыққа шыққан соң ұрпақтары хабарласып, тың дүниелермен бөлісіп жатады. Бұл құнды дүниелерді халыққа жеткізуіміз қажет. Сондықтан қазіргі уақытта «Құнды жәдігер» өміршең бағдарламаға айналып келеді. 

- Жоба барысында өзіңізге ерекше әсер еткен бағдарлама бар ма?

- Жаңақорған ауданында Төлек қожа Қылышқожаұлы бар. ХVIII ғасырда батырдың есімі Қабанбай, Наурызбай, Райымбек батырлардың атымен қатар аталады. Ол Жетісу өңірінде қазақ жерін жоңғарлардан қорғаған. Руы – қожа. Жаңақорған ауданындағы ортағасырлық Аққорған қаласының қорғаушысы болған. Өз елін, қала халқын жоңғарлардан қорғаған батыр. Оның қысқа ғана қылышы болған және ол шайқас кезінде үстіне сауыт кимеген. Қысқа қылышпен ат үстінде жекпе-жектерге шыққан. Тарихи деректерде оның ат үстіндегі соғыс әдісін жақсы меңгергендігі айтылады.

Батырдың Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласындағы Янгиабад қаласында тұратын ұрпақтары Қазақстанға оның қылышын беріп жіберген. Қазіргі таңда қылыш Жаңақорған аудандық музейінде тұр. Бұл жәдігердің елге жеткізілгеніне 2 жылға таяды. Бұл біз үшін қызық дерек.

Осы орайда айта кетейін, халықтың қолында әлі қаншама ұлттық мәдени объектілер бар. Біз әлі де зерттеу жүргізіп, барынша көре білуіміз қажет.

- Байқағанымыздай, Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан көмек көрсетіліп жатқан па?

- Қазіргі уақытта бұл қаражатсыз түсіріліп жатқан жоба. Жалпы қолдау «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан болып отыр. Жобаға қаражат қаралмаса да қызықты, тарихи дүниелер туындап жатыр. «Құнды жәдігерге» халықтың қызығушылығы бар. 

- Алдағы жоспарларға тоқталсаңыз.

- Алдағы уақытта осы аталған ақпараттар легі бойынша илюстративті альбом жасау ойда бар. Деректі фильмдердің барлығын дискіге жинақтап, оны 500-600 дана етіп шығарып, кітапханалар қорына өткізу жоспарланып отыр. Бұл тарих, ал тарихты келешек ұрпаққа жеткізуіміз қажет. 

Сонымен қатар Мұңайтпас Лапиннің жерленген жерін киелі жерлер тізіміне енгізу мәселесін көтеру қажет. 

Мұңайтпас Мырқы Лапин жаппас руынан шыққан қазақ халқының мықты тұлғаларының бірі. Ол орыс шенеуніктерімен жақсы қарым-қатынас орнатып, сол арқылы қазақ халқының жағдайын жасаған. Ол өңірде мектеп салып, халықты ағарту ісімен айналысқан тұлға. Сол кісінің жатқан жері елеусіз қалып отыр. Ол Қоғалыкөл ауылындағы Тоғайдың ішінде шеңгелдің арасында жерленген. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарапынан ұсыныс беріп, ел қамын ойлаған атақты тұлғаның жатқан жерін киелі жерлер тізіміне енгізу, ол үшін жол салу, жан-жағын абаттандыру мәселесін көтеру, ұсыныс жасау жоспарда бар.

- Сұхбатыңызға рақмет! 

 

Өзгелердің жаңалығы